Ақпарат құралдары халықтың дұшпаны ма?
Трамп пен ақпарат құралдары арасындағы дау-жанжал күн өткен сайын жаңа кезеңге аяқ басуда. Бүгінгі бағдарламада ауызша және жазбаша шайқастағы соңғы өзгерістер жайлы сөз қозғаймыз.
АҚШ-тың баспасөз құралдары Трампқа қарсы бұрын- соңды болмаған тарихи қозғалыс құрды. Бұл шара АҚШ-тың Boston Globe газеті осы елдің жер-жеріндегі мерзімді басылымдарынан АҚШ президенті Дональд Трамптың тұрақты шабуылдарына қарсы бірауыздан реакция білдіруді сұрағаннан кейін орын алды. Соған сәйкес, АҚШ-тың 70 газеті мен мерзімді басылымы тамыздың он алтысы күнгі бас мақалаларын Трампқа қарсы жазуға келіскен. Осы мәселеге қатысты The Boston Globe газеті редакторының орынбасары Маргарет Притчард Трамптың тілшілерге қатысты айтқан сөздеріне сілтеме жасап: "Трамптың ақпарат құралдарына қарсы шабуылдарына қарамастан, біз халықтың дұшпаны емеспіз",- деді.
Ақпарат құралдары өзі жайлы жалған ақпарат тарататыны туралы уәж айтқан Трамп БАҚ-н сипаттауда "жалған ақпарат көздері" деген сөз тіркесін пайдаланады. The Boston Globe газеті АҚШ-тың түкпір-түкпіріндегі газеттердің редакторларынан тамыздың он алтысы күні "Еркін ақпарат құралдарына қарсы былғаныш соғыс" деп аталған бас мақалаларды жариялау арқылы реакция білдіруді өтінген болатын. АҚШ-тың ірі қалаларындағы мерзімді басылымдар, атап айтқанда Houston Chronicle, The Miami Herald, The Star Tribune (Minneapolis Tribune), The Denver Post басылымдары бұл қозғалысқа қатысатындарын мәлімдеген болатын.
Бұл шақыру ақпарат құралдары қызметкерлері АҚШ президентінің баспасөз құралдарына қарсы шабуылдарына реакция білдіру қажеттігін қолдап, оған қарсы екі топқа бөлінген жағдайда айтылды.
Трамптың БАҚ-қа қарсы сөздеріне жауап қайтаруға қарсы болғандардың бірі, соның ішінде The Washington Post басылымының бас редакторы Мартин Барон: "Біз үкіметпен соғыспаймыз. Біз өз жұмыстарымызбен айналысудамыз",- деп мәлімдеген болатын.
Алайда баспасөз сыншыларының бірі, Журналистика университетінің профессоры Джей Розен былай деді: "Тілшілердің өздерін қорғауы ақиқаттарды айтуға негізделген тілшілердің негізгі мақсатына сәйкес келеді. Салқынқандылықты сақтағанымыз аса маңызды, бірақ одан да маңыздысы – ақиқаттарды баяндау".
Қарсылар: «Ахлақтық принциптер тұрғысынан бұл мәселе жайлы айту керек. Себебі, Трамптың сөздері жай сөздің шегінен асып, тілшілерге зиянын тигізіп жатыр",- деп жатыр. Трамптың сөзбен шабуылдарына қарсы реакция білдіруді қолдаушылар АҚШ-тың Мэриленд штатындағы Аннаполис қаласындағы бір басылымда орын алған ажалды оқиғаға сілтеме жасады. Сол оқиға кезінде Мэриленд штатында бір қарулы адам бір басылымның кеңсесіне баса-көктеп кіріп, кемінде бес адамды өлтірген. Сондықтан Трамптың ақпарат құралдарына қарсы сөздері баспасөз құралдарына қарсы әсірешілдікке жол ашты деп сарапталуда.
Бұл дұшпандық қайдан басталды? Бұқаралық ақпарат құралдары Трампқа қарсылық білдіруде шектен шықты ма? Әлде, ақпарат құралдары айтып отырғандай, Трамп бар болғаны өтірікші ғана ме? Неліктен ол БАҚ-н халықтың дұшпаны деп атайды?
Бұқара халықтың бақылауын қолдарына алғысы келетін диктаторлардың психологиялық айла-шарғыларының бірі ақпараттар ағымын бақылауда ұстау болып табылады. Бұл үкіметке тәуелді адамдар арқылы бақыланбайтын, тез арада ешбір реакциясыз және ауыр салдарсыз олардың көзін жою мүмкін емес ақпарат көздері бар деген мағынаны білдіреді. Мұндай жағдайда үкіметке тәуелді адамдар әрдайым ақпарат көздерін қабылдаушылықтан айырып, сол ақпарат көзі мен оның хабарларын жалған етіп көрсетуге талпыныс жасайды. Олар тек өздерін жақтайтын, өз бақылауындағы ақпарат құралдары ғана қалып, насихаттаушы рөлді жақсы атқаруы үшін бұл істі жалғастыра береді.
Дональд Трамп та осы әдісті пайдаланып, 2017 жылдың басында билікке қол жеткізгеннен бастап, ақпарат және баспасөз құралдарымен күресуге бел буды. Ол елінің ақпарат құралдарын бірнеше рет жалған, АҚШ халқының дұшпаны, алаяқ, өтірікші деп атап, CBS News арнасына берген сұхбатында: "Тілшілер, журналистер мен тағы басқалар – құрметті адамдар. Алайда бұл кәсіпте алаяқтық пен қулық тым көп",- деген болатын. Трамп тіпті, Twitter әлеуметтік желісінде жариялайтын твиттерінде де осындай шабуылдарын жалғастырып: "Жалған ақпарат тудырып, таратушылар өздерін «халық жауы» деп атайтыным үшін мені жек көреді. Себебі, олар мұның ақиқат екенін біледі. Мен бұл мәселені ашып түсіндіргенім үшін АҚШ халқының алдында үлкен қызмет атқарып отырмын. Олар әдетте келіспеушілік пен сенімсіздіктің дәнін себеді. Олар тіпті соғыс отын тұтатуы мүмкін. Олар – өте қауіпті, ауруға шалдыққан адамдар",- деп жазды.
Осындай зорлық-зомбылыққа толы сөздердің қайталануы тілшілерді реакция білдіруге итермеледі. The New York Times газетінің баспагері Артур Грегг Сульцбергер АҚШ президентінен тілшілерді халықтың дұшпаны деп атамауды сұрап, ондай сөздердің ақпарат құралдарына қарсы зорлық-зомбылыққа себеп болатынын айтқан. Республикашыл сенатор Джефф Блейк те өткір сынында бұл әрекетті Сталиннің ақпарат құралдарына қатысты әрекетіне теңеді.
Бірақ, АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдары неліктен «халықтың дұшпаны» деген атқа ие болды? Ақпарат құралдары жөніндегі сарапшылар АҚШ-тың баспасөз және ақпарат құралдарының соңғы айларда ел үкіметін сынауы шектен шығып, соның салдарынан текетірестер ушыға түскен деп санайды.
Бұл пікірге жауап ретінде журналистиканы азаматтық қоғам және демократиямен егіз ұғым деп атауға болады. Сол себепті ол саясатпен иық тіресе әрекет етіп келеді. Саясаткердің міндетін бір елдің ішіндегі түрлі топ өкілдері мен партиялар арасындағы қатынастарды, елдің ішіндегі мемлекеттік істерді, халықаралық сахнада ел үкіметі мен басқа үкіметтер арасындағы қарым-қатынастарды бейбіт түрде басқару деп айтқан жөн.
Мүмкін, журналистиканың ең негізгі мәселесінің сын ұғымында жатқанын білмейтін адам аз шығар. Бұл билік пен жалпы әлеуметті сынға алуды да қамтиды. Тілшінің міндеті ақпарат таратып, бар шындықты айқын етіп көрсету мақсатында пайда болған жағдайды сынау болып табылады.
Трамп билік тізгініне қол жеткзіген сәттен бастап бейбіт қарым-қатынастарды сақтап қалуда елдің іші мен халықаралық сахнада да лайықты жетекшілік жасай алмай, міндетті бұзу, дұшпандық пен қақтығыс тудырушылыққа толы бағытты ұстанып келеді. Трамптың осы уақыт аралығында АҚШ-тың ішінде тудырған кейбір текетірестеріне кабинет мүшелері мен кеңесшілерінің үнемі өзгеріп тұруын, басшыларды қызметінен босатуын, алдыңғы үкімет бекіткен заңдардың күшін жоюын, "Obamacare" заңының күшін жою мен ақпарат құралдарымен қақтығысқа түсуді жатқызуға болады.
Алайда оның халықаралық сахнада тудырған текетіресі одан да көп. Соның ішінде Транс Тынық мұхиты серіктестігі (TPP), климаттық өзгерістер туралы Париж келісімі секілді келісімдерден, ЮНЕСКО ұйымы мен БҰҰ адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшелігінен, БҰҰ-ның мигранттар мен босқындардың жағдайын жақсарту жөніндегі халықаралық келісімнен шығып, NAFTA келісімі шарттарын қайта қарастыруға шешім қабылдап, 12 жыл бойы өткізген келісім мен кеңесуден кейін Иранмен арадағы ядролық келісімнен шығуын ерекше атап өтуге болады.
Осылайша, АҚШ президенті идеологиялар мен принциптерден кенде саудагерлік санаға негізделген мінез-құлқына сай әрекет етіп, барлық нәрсеге пайдакүнемдік көзқараспен қарайтынын көрсетті. Сондықтан, егер белгілі бір ақпарат құралы оны сынға алатын болса, оның көзқарасы бойынша бұл ақпарат құралы оның толыққанды дұшпаны саналып, оны кез келген жолмен сахнадан шығару қажет болады.
Оның ақпарат құралдарымен текетірестерінің ішінде адам құқықтарына қатысты мәселелер де көтеріліп, Трамптың сөздері мен әрекеттеріне қарсы шамадан тыс шабуылдар кең етек жайған еді. Мысалы, БҰҰ-на қарасты адам құқықтары жөніндегі екі сарапшы Дональд Трамптың БАҚ-қа қарсы бағытталған сөздік шабуылдарын айыптап, Трамп үкіметін еркін ақпарат құралдарына қолдау көрсетіп, тілшілермен текетіреске түсуді доғаруды сұраған болатын.
БҰҰ-ның сөз бостандығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Дэвид Кайе мен Америка құрлығындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның арнайы баяндамашысы Эдисон Ланза ортақ мәлімдеме жариялап, Трампты ақпарат құралдарына қарсы шабуылдарын қайталап жатқаны үшін айыптап: "Трамптың шабуылдары стратегиялық болып, БАҚ хабарларына деген сенімді әлсіретіп, шындықтарға қатысты күмән мен шәк тудыру мақсатында құрылған.
АҚШ президенті бұқаралық ақпарат құралдарын "халық дұшпаны" деп атаған немесе ақпарат құралдары тілшілерінің оған жақпайтын сұрақтарының алдын алған сайын қыңырлық пен кесірлік танытып, арам пиғылын көрсетеді.
Кайе мен Ланза Трамп үкіметі мүшелерінен үкіметтің өз ісіне жауап беруін, үкіметтен адалдық пен ашықтық талап ету мақсатында ақпарат құралдарының рөлін бәсеңдетуге бағытталған кез келген талпынысты тоқтатуды қалады. Екі жыл қатарынан ақпарат құралдарына қарсы шабуылдардың жалғасуы ұзақ мерзім ішінде жалпы бұқара халықтың ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдарға деген сенімі үшін салдарын тигізуі мүмкін.
Кайе мен Ланза өз мәлімдемелерін АҚШ-тың ықпалы жүрмейтін БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңес арқылы жариялады.
Осындай текетірестердің барлығына қарамастан, қайшылықтар оты біршама бәсеңдеп, ақпарат құралдарының Трамптың шабуылдарынан алыстау ықтималы бар. Independent басылымы бір мақаласында Дональд Трампты The New York Times газетіне берген сұхбатында 2020 жылғы президенттік сайлауда жеңіске жететіні туралы уәж айтқанын жазды. Ол ақпарат құралдарының оған тәуелді болып, өз арқылы қол жеткізетін пайдаларына байланысты алдағы сайлауда ақпаратты оның мүддесіне сай тарататыны туралы айтқан. Трамптың айтуы бойынша, сайлауға алты ай қалған кезде ақпарат құралдары оған ғашық болатын көрінеді.
Кім біледі, мүмкін Трамптың сталиндік стильдегі айла-тәсілдері америкалық ақпарат құралдарын осындай сұрқия сүйіспеншілікке жетелейтін де шығар.