Аймақ елдері лаңкестікпен күресу үшін ынтымақтасуы қажет
Лаңкестікпен күресу үшін алдымен оның түп-тамырын жойып, қаржы ресурстарының көмегін тоқтату керек. Терроризммен соғыстың аяқталмағанын, қауіп-қатердің әлі барын ұмытпаған жөн. Мұндай жағдайда аймақ елдерінің өзара ынтымақтастығы өте маңызды.
Аймақтағы соңғы жылдары алған өзгерістер билікқұмар алып державалар мен олардың басында тұрған АҚШ-тың лаңкестік пен әсірешілдікті аймақта тынышсыздық тудырып, әскери араласушылық әрекеттері үшін сылтауратып, аймақ елдерін бөлшектеу үшін құрал ретінде пайдаланып жатқанын көрсетті.
Бүгінде тек аймақтағы жағдай ғана емес, сондай-ақ, халықаралық жағдайдың өзі ынтымақтастықтарға басымдық берудің лаңкестік пен әсірешілдіктің тамырын жою үшін қажет екенін көрсетіп отыр. Осы ортақ қауіп-қатерлердің алдында Иран лаңкестікпен күресте көршілес елдермен ынтымақтастық жасауға әзір. Іс жүзінде де Иран лаңкестікпен күресу мақсатындағы ынтымақтастығын дәлелдеді. Сирия мен Ирактағы тәкфирлік лаңкестікпен күрес майданында қол жеткізген жеңістер шынайы ынтымақтастық арқылы аймаққа қауіпсіздік пен тұрақтылықты қайтаруға болатынын көрсетті.
ИИР, Ресей, Сирия мен Ирак 2015 жылдан бастап лаңкестікпен күресу үшін төртжақты коалиция құрған болатын. Иран, Ресей, Ирак және Сирияның Қауіпсіздік жөніндегі төртжақты комитетінің отырысы өткен сенбі күні төрт елдің ортақ штаб қолбасшылары орынбасарларының қатысуымен Ирактың Бағдад қаласында орналасқан СІМ ғимаратында өтті. Комитеттің мүшелері соңғы жылдары қауіпсіздік және ақпарат алмасу салалары бойынша ынтымақтастық жасау арқылы лаңкестердің Ирак пен Сирияның ортақ шекараларындағы әрекеттерінің ізіне түсіп, олардың орналасқан базалары мен жүздеген лаңкестің көзін жойып, ДАИШ-тың Ирак пен Сирияда қайтадан ықпалын орнатуға тосқауыл қойды.
Бұл ынтымақтастықтар лаңкестікпен күрес саласы бойынша барлау және тәжірибе алмасу тұрысынан айтарлықтай әсерлі болады.
ИИР президенті Хасан Рухани Иран, Ресей мен Түркия басшыларының 2017 жылы желтоқсанда Ресейдің Сочи қаласында өткен отырысында: "Иранның аймақтағы стратегиясы бәсекелестік емес ынтымақтастыққа, қарсыласуға емес үйлесімділікке, бөгде үкіметтерге бойсұнуға емес халықтардың еркімен бағыттас болуға, соғысқұмарлыққа емес бейбітсүйгіштікке негізделген. ИИР Сирия халқы мен үкіметінің лаңкестермен күресуге көмектесуге шақырған жанайқайына оң жауап берген алғашқы үкімет саналады. Біз халықаралық лаңкестікпен күресте шынайы әрекет етіп, аймақтағы басқа елдер өтінген жағдайда оларға да осы бағытта көмек көрсетуге әзірміз",- деді. ИИР-ның саясаты аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау жолындағы заңды ынтымақтастықтарды дамыту бағытын ұстанатын халықаралық принциптер мен ережелер және БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес келеді.
Сирия мен Ирак әскерлері ИИР кеңестерінің көмегі және Ресейдің қолдауының арқасында ДАИШ лаңкестік тобының осы екі елдегі әрекеттерін тоқтатты.
Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Әли Лариджани былтыр Исламабадта өткен "Лаңкестікпен күрестегі қиындықтар мен аймақтық ынтымақтастықтардың рөлі" атты сарапшылардың алғашқы отырысында 2001 жылы америкалық коалицияның шу шығарған әскери құзыры мен оның лаңкестікті тамырымен жою туралы айтқан уәжін еске салып: "Осы жылдары лаңкестіктің етек жаю үдерісі қарқындай түсті әлде басылды ма? Америкалықтар құрған коалиция Ауғанстандағы лаңкестікті тамырымен жойып, бұл елдегі есірткі заттарының контрабандасын да жоюы тиіс болған. Алайда, лаңкестік пен есірткі заттарын жоюда табысқа жете алмады",- деді.
Иранның Сыртқы қатынастар стратегиялық кеңесінің төрағасы Сейіт Камал Харрази бұл мәселе жайлы: "Батыс Азия аймағы елдерінің қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлуі мен оған қатысты алаңдаушылықтары бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан олардың қауіпсіздігін бір-бірінен бөліп қарастыру мүмкін емес. Басқаша айтқанда, аймақ елдерінің ұлттық қауіпсіздігі бүкіл аймақтың қауіпсіздігі шеңберінде анықталады",- деді.
Осы негізде лаңкестікпен жан-жақты күрес тәсілі Иранның аймақ елдерімен, соның ішінде Ауғанстан, Пәкістан, Ирак, Ресей және Сирия елдерімен ынтымақтастық жасаудағы маңызды бағыт саналады.
Терроризм мен әсірешілдік тек Ауғанстан, Пәкістан, Ирак немесе Сирияға ғана төнген қауіп емес. Бұлар бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген қауіп саналады.
Америкалық сарапшы Джефри Сакс Project Syndicate медиа орталығының сайтында жарияланған мақаласында былай деп жазады: "ДАИШ-ты жеңу қиындық тудырмайды, себебі бұл топтың қарамағындағы күш көп емес. Бірақ, негізгі мәселе – АҚШ пен одақтастарының ДАИШ-ты өзінің негізгі дұшпаны деп танымауында".
Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи фикһ ілімінен тыс дәрістерінің бірінде айтқан сөзінде: "ДАИШ-ты құрып, оны Сирия мен Ирак халқына қарсы зұлымдық пен қылмысты жүзеге асыру құралы ретінде пайдаланған топтар бүгін сол аймақтарда жеңіліске ұшырағаннан кейін ДАИШ-ты Ауғанстанға көшіруді көздеп отыр. Шынтуайтында, жуырда орын алған адам өлтіру оқиғалары дәл сол жоспардың басы саналады",- деп мәлімдеді.
Иранның көзқарасы бойынша, лаңкестік пен тынышсыздық атты қиындықты шешу көптеген факторларға байланысты. Соның ішіндегі ең маңыздысы аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту болып табылады.
Соңғы бірнеше онжылдықтың ішінде аймақта Батыс елдері тарапынан ұйымдастырылған жалпы қауіпсіздік пен тұрақтылықты бұзған әртүрлі қастандық әрекеттер болды. Бір жағынан АҚШ-тың аймақтағы әскери араласушылықтары АҚШ-тың аймақтағы ықпалының артуына себеп болса, басқа жағынан аймақ қауіпсіздігін аймақтан тыс қатынастар мен сындарсыз бәсекелестіктердің құрбанына айналдырды.
Атақты саяси сарапшы Ноам Чамский Париж лаңкестік шабуылдардың нысанасына айналған шақта "АҚШ-тың мақсаты лаңкестікті ынталандыру ма, әлде оны тоқтату ма? Егер лаңкестікті тоқтатуды қаласаңыздар, алдымен "Лаңкестіктің пайда болуының себебі не және тереңде жатқан тамырлары қандай?" деген сұрақтарды қою қажет. Содан кейін осы сауалдардың жауабын табуға талпыныс жасау керек",- деді.
Иранның Сыртқы қатынастар стратегиялық кеңесінің төрағасы Камал Харрази 2017 жылы қаңтарда Chatham House институтында сөйлеген сөзінде: "Аймақтағы тұрақсыздықтың кімдер үшін пайдалы екенін және қандай адамдардың қазіргі жағдайды бекітуді көздеп отырғанын анықтау қажет. Егер Иран Сирия мен Иракқа көмек көрсетпегенде, Бағдад пен Дамаск ДАИШ тобының белсенділігінен құлдырайтын еді. ДАИШ секілді жабайы әрі жүгенсіз лаңкестікке қарсы аймақтың тағдыры не болатын еді? Егер Бағдад пен Дамаск құлдырағанда, бүгінде сіздердің еуропаларыңыз қауіптірек болар ма еді?",- деп баса айтты.
Иранның көршілес елдерімен лаңкестікпен күрес бойынша ынтымақтастық жасауға әзірлігін баса айтуы жай ұранға негізделмеген. Иран ынтымақтастық жасап, лаңкестікпен шынайы күресетінін іс жүзінде де дәлелдеді. Сирия мен Ирактағы тәкфирлік лаңкестікпен күрес майданындағы жалғасты жеңістері шынайы ынтымақтастық және ауызбіршілік арқылы аймаққа қауіпсіздік пен тұрақтылықты қайтаруға болатынын көрсетті.