Нау 23, 2019 22:45 Asia/Almaty
  • Әлем Наурыздан Наурызға дейін: Йемен өзгерістері

Саудиялық коалицияның Йеменге қарсы соғысы 2015 жылдың 26 наурызында басталды. Биыл 26 наурызда соғыстың басталғанына төрт жыл болады.

Саудиялық коалицияның соғысы жалғасуда

Саудиялық коалицияның Йеменге қарсы соғысы өткен төрт жылдағы Таяу Шығыстағы ең маңызды өзгерістердің бірі саналады. Саудиялық коалицияның Йеменге қарсы соғысы 2015 жылдың 26 наурызында басталды. Биыл 26 наурызда соғыстың басталғанына төрт жыл болады.

Бұл соғыстың бірнеше жылға созылуы қаза болған және жаралылар санының 50000-нан артуына себеп болды. ЮНЕСЕФ-тің 2019 жылдың 30 қаңтарындағы есебі бойынша, қаза болғандар мен жаралылардың қатарын 6700 йемендік балалар құрады. Йеменге қарсы саудиялық коалиция соғысының тікелей және жанама салдарлары бар. Жанама салдарлары екі есе күштірек  болды. Тырысқақ пен сүзек ауруларының таралуы бұл соғыстың жанама салдарларына жатады. Өйткені, соғыс пен аштық салдарынан гигиеналық мүмкіндіктер жойылып, халық әсіресе ауыз су тапшылығымен бетпе-бет келіп, бұл жағдай шамамен 2500 адамның өліміне соқтырған тырысқақ ауруының таралуына себеп болды. Саудиялық коалицияның соғысында 50000-нан астам йемендік өліп, жараланғанымен ондаған мың адам бұл соғыста жанама түрде құрбан болды. Бұл салада Қызыл крест әлемдік комитетінің гуманитарлық саясаттар бөлімінің жауапты басшысы Кэмберли Браун 2019 жылдың қаңтар айында Йеменде соғыс салдарынан 85000 баланың жан тапсырғанын жариялады. Сондай-ақ, көп адамдар аштық пен дәрі-дәрмек тапшылығынан қаза болды. 17 миллионнан астам йемендік, яғни, әрбір үш йемендіктің екеуі  ертеңгі күнге тамақты қайдан қамтамасыз ететінін білмейді. Шамамен 9 миллион адам азық-түлік және құрғақшылық қатерімен бетпе-бет келіп отыр. Аштық ащы жағдай қалыптастырды.

Жеті жасар Амал Хосейн – 2018 жылдың  қазан айының соңында  әлсіздік пен аштық салдарынан йемендік босқындардың қосынында көз жұмған балалардың бірі.

ЮНЕСЕФ өз есебінде: «Амал Хосейн сияқты 400000 йемендік бала Сауд Арабиясының бұл елге қарсы соғысының салдары аштықтан өлім қатерімен бетпе-бет келіп отыр»,- деп жариялады.  Сондай-ақ, Йемендегі қалалардың инфрақұрылымдарының 85 пайызы қиратылды. Мысал ретінде 410000 астам тұрғын үйдің қиратылуына тоқталуға болады. Шамамен үш миллион халық елдің ішінде босқынға айналды. Сауд Арабиясы мен одақтастарының Йемен халқына қарсы соғысы адамзатқа қарсы қылмыс, әскери қылмыс әрі бейбітшілікке қарсы соғыс болғанымен, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бұл соғысты тоқтату үшін еш шара қолданған жоқ. АҚШ пен Батыс үкіметтері Йеменге қарсы соғысқа ақпараттық, саяси және әскери қолдау көрсетіп жатыр.

 

Йемен армиясы мен Ансаролланың қорғаныс әлеуетін нығайту

Өткен жылдағы Йеменнің ең маңызды оқиғаларының бірі ел армиясы мен Ансаролланың қорғаныстық әлеуетін нығайтуы болды. Риядтағы Ямама сарайы, Абу-Дабидегі Барака ядролық нысаны, Малек Халед әуежайы мен әуе базасы, сондай-ақ, Сауд Арабиясы ұлттық мұнай компаниясының инфрақұрылымдары өткен жылы йемендік зымырандардың нысаналарына алынған мекендер болды. Расында өткен жыл йемендік зымырандардың күш-қуатын көрсеткен жыл болды. Йемен армиясы мен халықтық күштері 2018 жылдың қаңтар айында қысқа қашықтықтағы төрт баллистикалық зымыран мен бес «Кахер-2» зымыранын атты. «Бадр 1», «Бадр 2», «Беркан 2Н», «Зелзал 1», «Зелзал 2» және «Зелзал 3» – Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірлігіне қарай атылған йемендік зымырандар. Йемендіктердің зымырандық әлеуетінің нығаюы соғыс және саяси майдандағы маңызды фактор болып, 28 айдан кейін Йеменнің құлаған үкіметіне тәуелді топты келіссөздерге отырғызды.

 

Стокгольм бейбітшілік келісімі

Өткен жылғы саяси саладағы  ең маңызды әрекеттердің бірі ретінде 2018 жылдың желтоқсан айындағы Стокгольм бейбітшілік келісімін атау керек. Бұл – екі жыл төрт айдан кейінгі келісім. Йемендіктермен келіссөздердің соңғы кезеңі 2016 жылдың тамыз айында Кувейтте аяқталды. Қауіпсізідк кеңесінің №2450 қарары Стокгольм бейбітшілік келісімін қолдады. Йемендік топтардың Швециядағы 13 желтоқсан келісімі бойынша әл-Ходайдеде атыс тоқтатылып, Йеменге гуманитарлық көмек жіберетін жағдай туды. Йемендік топтар Швецияда, сондай-ақ, қамауға түскен адамдарды айырбастауға келісті. Қайшылықтар мен Сауд Арабиясының қастандықтары Швеция келісімінің іске асырылуын қиындықтарға тіреді. Йемендік топтардың Швеция келісімін іске асыру туралы өткен келіссөздердің арасынан әл-Ходайдедегі бір кемеде өткен келіссөзді атауға болады. БҰҰ-ның Йемен істері жөніндегі өкілі Мартин Грифиц қайшылықтарды азайту үшін Ансаролланың бақылауындағы Сана мен Риядқа бірнеше рет сапар шеккенімен, бұл сапарлар нәтижеге жеткен жоқ.

Йемен Қарулы күштерінің баспасөз хатшысы Яхия Сарих: «Саудиялық коалиция күн сайын Йеменге қарсы 30 әуе шабуылын жасап отыр. Қаңтар айында әуе шабуылдарында 205 әскери емес йемендік қаза болды»,- деп мәлімдеді. Оның айтуынша, әл-Ходайдедегі атысты тоқтату келісімінен кейін саудиялық коалиция 2019 жылдың ақпан айының ортасына дейін оны шамамен 4700 рет бұзды.

Йемен дағдарысының келешегіне тоқталғанда үш мәселені атау керек: біріншіден, Йеменнің  қашып кеткен үкімет басшысы мен мүшелері тікелей Риядтан бұйрық алады. Рияд Йеменге қарсы соғысын тоқтатуды көздеп отырған жоқ. Өйткені, Сауд үкіметі Ансаролланың 2014 жылдың қыркүйегіне дейінгі жағдайына оралуын, яғни саяси мәселелерге қатыспауын талап етуде. Бірақ, Ансаролла бүгін Йеменнің саяси мәселелеріне қатысып, елдің саяси тобы саналып отыр; екіншіден, Йеменге қарсы коалицияның негізгі екі мүшесі Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірлігінің арасындағы қайшылықтар артып келеді; үшіншіден,  Стокгольм келісімінің іске асырылмауы мен Сауд Арабиясының бұл жолдағы қастандықтары Йемен соғысының соңы мен ел халқының Сауд режимінің  қылмыстарынан құтқарылмайтынын көрсетеді. Сондықтан Йемен халқының соғыстың бесінші жылындағы жағдайы одан бетер мүшкілге айналады.

 

 

 

Тегтер