Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері(6)
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i42104
Бұл бағдарламада Алла тағаланың мүмін адамдарға берген кейбір уәделеріне тоқталамыз.
(last modified 2025-01-08T10:35:21+00:00 )
Maм 14, 2019 01:28 Asia/Almaty
  • Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері(6)

Бұл бағдарламада Алла тағаланың мүмін адамдарға берген кейбір уәделеріне тоқталамыз.

Өткен бағдарламада саналы түрде таңдаған діни сенімдер мен принциптерге іс жүзінде берік иманды адамдарға берілген кейбір илаһи уәделер жайлы айтып өттік. Илаһи құндылықтар сақталып, әлемде тыныштық пен қауіпсіздік орнаған қоғамға қол жеткізу және, сондай-ақ, Аллаға серік қосуды түбегейлі жою, адамзат баласын  кез келген тұтқындық жағдайдан шынайы түрде босату осындай уәделердің қатарына жатады. Сонымен қатар, ақлақтық, әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық ерекшеліктер мен қасиеттер жарқырай көрінетін пәк әрі таза өмірді қалыптастыру да саналы түрде шынайы иманға ие адамдарға берілген илаһи уәделердің бірі саналады. Ақырында Алланың шексіз рақымына бөлену және оның тура жолымен жүру – адамзат баласын күпірлік, жауластық, құлдық, жемқорлық, озбырлық, қобалжу мен тынышсыздықтың ауыр шырмауынан құтқарудың жалғыз жолы. Адал ниетпен лайықты істер атқаратын иманды адамдарға Құранда берілген  уәделердің тағы бір бөлігі – осы.

Айтып өткен уәделер мен сүйіншілер – Алланың әлемге берген кесімді әрі бұлтартпайтын хабарлары. Алланың уәделері мен сүйіншілері осы дүниемен ғана шектелмейді, мәңгілік әлеммен де жалғасады. 

Адамдардың шынайы сәттілікке жеткенінің белгілерінің бірі – барлық тұрғыдан адами және ақлақтың қасиеттері жоғары адамдармен сұхбаттас болу. Өйткені мұндай адамдармен қатынаста болу адамның дамуы мен кемелденуіне жағдай жасайды. Бұл дүниедегі қысқа ғұмырда және пәни жалғанда осындай ерекшеліктерге ие достардың болуы өте құнды, бірақ егер адам мәңгілік әлемде осындай адамдармен бірге отыруға лайықты деп табылса, сонда ғана шынайы кемелдікке жетті деген сөз. Шынайы иман мен принципті әрі түбегейлі сенімге ие болып, іс жүзінде әрдайым Құдай мен пайғамбардың айтқанын істеген адамдарға Алла берген теңдессіз уәделердің бірі – Құдай нығмет берген адамдармен бірге қоныс тебу. Алла тағала осы жайлы былай дейді: "Ал және кім Аллаға, пайғамбарға бой ұсынса, міне солар; Алла (Т.) нығметке бөлеген пайғамбарлар, шыншылдар, шәһиттер және игілермен бірге болады. Олар нендей жақсы жолдас! ("Ниса" сүресі, 69-аят)".

Бұл аяда көңіл аударуға тұрарлық маңызды жайт мынау: мұсылмандар күнделікті намаздарында 10 рет  Алла тағаладан оларды тура жолға бастауды сұрайды. Құдай оларға арнаған тура жолда жүру нығметіне ие болуды сұрайды. Құран "Хамд" сүресінде осы тақырыпты жалпы баяндап өткен. Бірақ қандай да бір белгісіздік пен бұлыңғырлықты жою үшін Алланың тура жолға бастаған адамдары кімдер деген сұраққа жауап беріп, "Ниса" сүресінде ашық түрде олардың аттарын атайды: Алланың мақсаты – уәһиден хабар әкелушілер, шыншылдар, шәһид болуға ұмтылушылар мен ізгі істер істеушілер. Жақсылық жасау – олардың жолы мен тәсілі. Шын мәнінде мұсылмандар әсіресе қазіргі заманда үлгі таңдауда адаспауы үшін Құран осы сүре арқылы ең жоғары үлгілерді таныстырған. Басқа жағынан  мұсылмандар күн сайын тек дұға оқып, талап-тілек айтпай, үлгілердің жолын ұстанып, ғибадат пен құлшылық жолы саналатын Алланың тура жолында қадам басулары керек.

Осы үлгілерді ұстану бізді мәңгі әлемде олармен бірге болу, тану нығметіне бөлеумен қоса, олардың жолын жалғастырған жағдайда сәт сайын бізді Аллаға жақындата түседі. Құранда былай делінген: "Тақуалар жұмақта су ағып жатқан арықтардың жанында өмір сүреді". Құран тақуаларға жұмақтың барлық тартымдылықтары мен нығметтерінен ең жоғары орын бұйыратынын көрсету және оның әлемдегі ешбір құндылықпен салыстыруға келмейтінін көрсету үшін былай дейді: "Олар жоғары да түзу орында, билеуші алдында өте айбынды да қуатты болады" ("Фаджр" сүресі, 54-55 аяттары).

Осындай теңдессіз орынға көтерілу, яғни әлемді басқарып тұрған, абырой-айбыны мәңгіге асқақ Алланың алдында биік орынға ие болу тақуалар мен таза мүміндерге тыныштық пен сенім беретіні күмәнсіз. "Фаджр" сүресінің соңғы аяттары – осы сөзіміздің дәлелі. Осы сүренің 20-27 аяттарында былай делінген: "Ей, тыныштық пен сенімге жеткен жан, Оған разы болып, Ол сенен разы болған кезде Жаратушыңа қайтып орал. Содан соң менің құлдарымның қатарына қосыл да, менің арнайы жұмағыма кір".

Алла мен оның құлының екіжақты ризашылығы тек Алланың таңдаулы әулиелерінің қол жеткізген артықшылығы. Сол себепті Алла тағала оларды "менің құлдарым" деген атпен атап, оларды жұмаққа кіруге шақырған. Бұл – адамның жүрегіне тыныштық пен сенім сыйлайтын өте жақсы сүйінші.