Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері(11)
(last modified Thu, 30 May 2019 17:03:04 GMT )
Maм 30, 2019 23:03 Asia/Almaty
  • Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері(11)

Бүгінгі бағдарламада Құранды түсіну және сол бойынша әрекет ету жайлы сөз қозғаймыз.

Ардақты ағайын, егер естеріңізде болса, өткен бағдарламада таухидтік бірлікке құрылған жүйе мен қоғамда материалдық дүниеге сүйенген барлық зұлым артықшылықтардың солғынданатынын, исламда ресми түрде танылған критерийдің адамдардың Алла алдындағы тақуалығы екенін айтқан болатынбыз. Алла таңдаған бүкіл пайғамбарлар барлық адамдар тең құқыққа ие жүйе құруды көздеп, өз миссиясын бастаған. Сондықтан таухид принципі мен пайғамбарлықтың арасында ажырағысыз терең байланыс бар. Басқа сөзбен айтқанда, Жаратушы өзіне ғана сыйынатын таухидтік билік құрылып, өзінің дана мақсаттарының барлығы орындалуы үшін пайғамбарларды бірінен соң бірін өзі жобалаған кітаптар қалыбындағы жол картасымен миссияға жіберіп, адамдардың барлық қажеттіліктеріне уәһи арқылы принципті және қисынды жауаптар берген.

Тәжірибе көрсеткендей, адамзат әлемінің ақыл-ойы мен білімінің адамның рухани және ақлақтық дамуы мен кемелденуі үшін жеткілікті еместігі  күмәнсіз. Ақлақтық даму мен кемелдену адамға жеке және қоғамдық тыныштық пен қауіпсіздік сыйлайды. Сондықтан ақыл мен уәһи бір-бірін себеп-салдардай қажет етеді. Егер ақыл өзі жалғыз адамзат әлемінің шешім жолы бола алса, өмірде озбырлық, азғындық, кемсітушілік, әділетсіздік, соғыс, қантөгіс, қобалжу мен күйзеліс, дағдарыс мен интеллектуалдық, рухани, ақлақтық және қоғамдық түйткілдер болмауы тиіс еді. Сондықтан барлық қажеттіліктер, дерттер мен олардың емдерін толық әрі жан-жақты білетін дана да хакім Алла адамзатты құтқару жолын уәһи арқылы көрсетті. Пайғамбарлар осы өміршең қажеттілікке байланысты уәһиден тағылым алу арқылы адамдарды күпірліктен құтқарып, оларға жетекшілік ету үшін арнайы мақсаттандырылған бағдарламалармен әрекет еткен. Құранның әртүрлі бөлімдерінде осы тақырып қозғалған. Шағын кіріспеден кейін солардың кейбіреулерін назарларыңызға ұсынамыз.

Пайғамбарлардың келуіндегі алғашқы маңызды нүкте мынау: олардың ешқайсысы уәһи жолдаулардың қалыбы мен мазмұнын жазуда ешқандай рөл атқармаған. Олар Алланың әмірлерін ешқандай кем-кетіксіз қоғамға жариялап отырған. Сол себепті Құран Алла тарапынан жіберілген кітап болумен қатар, алдыңғы пайғамбарлардың аспандық кітаптарын растайды. Сөйтіп, Таурат, Інжіл және Құран сияқты илаһи кітаптардың Жаратушы тарапынан адамдарға жол сілтеу үшін жіберілгені көрсетіледі. "(Мұхаммед Ғ.С.) сондай саған біз уаһи еткен Құран, ол хақ. Алдынғыны растаушы. Әрине Алла, құлдарынан анық хабар алушы, тым қырағы"("Фатыр" сүресі, 31- аят).   

Бұл орайда мұсылмандар мен шынайы мүміндердің мойнына артылған ауыр міндет мынау: олар да Құраннан басқа барлық илаһи пайғамбарлардың аспандық кітаптарын қабылдауы тиіс. Өйткені олардың барлығы уәһи аспанынан түскен. Сол себепті  "Бақара" сүресінің басында Құранды таныстырып, оның жетекшілік рөлін айтып, мүміндердің кейбір белгілерін сипаттап бергеннен кейін былай делінген: "(Мұхаммед Ғ.С.) олар саған түсірілгенге әрі сенен бұрыңғы түсірілгенге сенеді және ақыретке анық нанады" (4-аят).

Сондықтан кейбір шығыстанушылар мен ислам әлемінің кейбір ағартушы-сымақтарының қате түсіндірмелеріне керісінше, Құран Кәрім аяттары пайғамбардың ойдан шығарған нәрсесі де емес, шайтанның сыбырлаған дүниесі де емес. Олар аса қырағы, дана әрі хәкім Алла тарапынан берілген қалыбы мен мазмұнында ешқандай кемдігі жоқ аяттар. "Исра" сүресінің 9-аятында былай делінген: "Негізінде осы Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүміндер үшін әрине зор сыйлық бар екендігін сүйіншілейді".

Құран таныстырған құтқару жолдарын тану үшін бастапқы қадамда илаһи аяттарды оқып, оның мазмұнымен танысу керек. Одан да маңызды қадамда адам өмірін қиындататын барлық түйткілдер мен тығырықтардың шешім жолын табу үшін берілген есімдер мен тағылымдарды танып, олар жайлы терең саралай ойлану керек. Алла тағала бұл жөнінде былай дейді: "(Мұхаммед Ғ.С.) Бұл Құран адамдарды, Алланың рұқсатымен, қараңғылықтардан жарыққа, сондай-ақ үстем әрі мақтауға лайық Алланың жолына шығаруы үшін біз саған түсірген бір Кітап" ("Ибраһим" сүресі, 1-аят).

Осыған қатысты айтуға болатын тағы бір жайт: кез келген саладағы таным, әсіресе Құраннан хабардар болу ғана жеткіліксіз, оның бұйрықтарын орындау керек.

Рамазан айының көрнекті ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде Құранның түсірілуі. Ұлы Алладан бүкіл мұсылмандарға Құранды оқып, мән-мағынасын түсініп, ақиқатын танып, соған сәйкес әрекет етуге көмектесуін өтініп сұраймыз. Осындай үмітпен бүгінгі бағдарламаны аяқтап, сіздерді мейірімді Аллаға тапсырамыз.  

Тегтер