Маусым 03, 2019 23:27 Asia/Almaty
  • Құрандағы исламдық ойлардың ерекшеліктері(12)

Бүгінгі бағдарламада пайғамбардың кейбір сипаттарын баяндаймыз.

Өткен бағдарламада сөз болған пайғамбарлыққа сену принципінен бірнеше маңызды жолдауды түсіндік. Біріншіден, пайғамбарлар – Алла таңдаған адамдар. Сондықтан Алланың бірлігі мен пайғамбарлыққа сенудің арасында ажырағысыз байланыс бар. Бұдан бөлек, пайғамбарға сену де Аллаға иман келтіру сияқты жауапкершілік тудырып, міндет жүктейді. Оны орындау үшін ортақ принциптер, тыйымдар мен рұқсаттарды түсіну керек. Олар Алла тарапынан адамзат баласына жол картасы ретіндегі илаһи кітаптар қалыбында ұсынылған. Бұл таным олардың өмірді реттейтін, бақыт сыйлайтын, кемелдікке жеткізетін жолдауларының барлығын орындаған жағдайда ғана құнды болмақ. Құранды жақсы таныған Әли (ғ.) шәһид болар алдында маңызды да негізгі өсиеттер топтамасын айтып қалдырған. Соның ішінде былай деген: "Құдай үшін ант етемін, Құран бойынша әрекет етуде оған сенбейтін адамдар сендерден асып кетпесін" (Нахдж ул-Балағе, 47-хат).

Илаһи бұйрықтар мен үкімдерді орындау, құндылықтарды сақтау және оларға қарсылармен күресу барлық мұсылмандардың міндеті болғанымен, оларды іс жүзінде орындау бір жеке адамнан бұрын және Алланың тура жолындағы басшылардың бәрінен бұрын алдымен пайғамбарлар мен таңдалған жетекшілерге қатысты.  Олар өз миссияларында сол замандағы қоғамға жаңа рух беріп, жаңа өмір жолын көрсетуге тырысқан. Тура осы қисынды себептен Алла пайғамбарға былай деген: "Раббыңнан өзіңе уахи етілгенге ілес. Әрине Алла не істегендеріңді толық білуші. Аллаға тәуекел ет. Ол, уәкілдікте жеткілікті" ("Ахзаб" сүресі, 2-3 аяттар).

Әрбір жетекші адамның жүрегі мен ойларына әсер етіп, қоғамда өзгеріс жасап, саяси, мәдени, ақлақтық, әлеуметтік, наным-сенімдік негіздерді өзгертіп, бәрінен бұрын өз жан дүниесінде өзгеріс пен төңкеріс жасап, өзі көздеген армандар мен мақсаттарға жету және қоғамға өз жолдауларын жеткізу үшін тиісті тартымдылықтарға ие болуы керек. Барлық илаһи пайғамбарлар белгілі бір ерекшелікке ие болғандықтан арнайы мектеп пен рәсімнің шынайы келбеті болып саналады. Сондықтан олар қоғамды бастап отырған. Ислам пайғамбары (с.ғ.с.) осы орайда айшықты ерекшелікке ие болды деп сеніммен айтуға болады. Бұл хазірет тіпті жәһілдік заманда пайғамбарлық миссиясын қабылдаудан бұрын тазалық пен аманатты жақсы ұстауымен әйгілі болған. Ол "Мұхаммад Амин" (Аманатқа берік Мұхаммад) деп аталған. Хазірет тура сол жәһілдік заманда қай жерде адамдардан ізгі қасиеттер көрсе, соны қорғауға кірісіп отырған. "Жәуанмәрттік келісім" жасау осы саладағы айқын үлгі болып табылады. Егер өзара келіскен топ жапа шеккен адам көрсе, оны қорғауға шығып, зұлымнан оның аяқ асты болған құқықтарын алады. Пайғамбар (с.ғ.с.) осы топпен танысқаннан кейін соларға қосылып, олардың әріптестігімен  қаналғандардың мұң-мұқтажына жауап беріп, қанаушыларға қарсы тұрған. Хазірет пайғамбарлыққа жеткеннен кейін осы келісімге беріктігін сақтап: "Жапа шеккен біреудің "Ей, мұсылман, көмектес" деген жан айқайына жауап бермеген кез келген адам мұсылман емес",-деген  (Усул-е кафи).  

Бұл ерекшеліктер пайғамбардың жүректерге әсер етуіне себеп болды. Оның қасиеті өз қыздарын асқан рақымсыздықпен тірідей жерге көміп отырған қатігез жүректерге әсер етті. Соғыс, қантөгіс пен кек қууға бейім қоғамда Алла елшісі (с.ғ.с.) жүректерді жақындатып, олардың арасында бауырластық қатынас орнатып, алауыздық пен кекшілдікті бірлік пен біртұтастыққа айналдырды. Хазіреттің барлық қатігездіктерге жұмсақтық танытқаны соншалықты, Алла тағала оны сипаттауда былай деген: "(Мұхаммед Ғ.С.) оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді" ("Әли Имран" сүресі, 159-аят).   

Жалпы бір көзқараста, пайғамбардың ақлақтық және адамдық құндылықтары мен қасиеттері Меккеде де, Мәдинада да, бейбіт кезде де, соғыс кезінде де күн сайын және сәт сайын жарқырай көрінді. Оның шарықтау шегін Мекке жеңісінен көруге болады. Пұтқа табынушылар мен Құрайыштың ақсүйектері тарапынан үнемі қоқан-лоққы, санкция мен соғыс көріп келген мұсылмандар бір күні билікке жетіп, пұтқа табынушылардан кек алуды тіледі. Сол себепті мықты әскер құрып, Меккені жаулап алғанда: "Бүгін – кек алу күні",-деп айқайлады. Бұл ұраннан кейін пұтқа табынушылардың бойын үрей жайлады, бірақ пайғамбар сенбестей әрекет жасап, оларға рақымшылық танытты. "Бүгін – рақымшылық күні" деп жар салып, осылайша баршаға кешірім жасады.

Әлем халықтары үшін рақымшыл болған пайғамбардың ақлақтық және адами қасиеттері жайлы көбірек баяндауға уақыт тығыз болғандықтан, Алла тағаланың мына сөзімен аяқтаймыз: "Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің"("Қалам"сүресі, 4-аят).

Пайғамбардың мінез-құлқына шолу жасағанда байқайтынымыз мынау: жүректерге әсер етудің құпиясы саяси-экономикалық және әскери құдірет емес, бейбіт тәсілдермен жүректерге ықпал ету керек. Мұны тарихи тәжірибе көрсетіп отыр. Сәттілік пен жеңістің ең әсерлі әрі тұрақты жолы – осы. Әрине, қисынсыз дұшпандар өздерінің басқыншы саясаттарымен соғыс тәсілін таңдап, әскери күш-қуатпен өздерінің адамзатқа жат пасық мақсаттарын орындауды қаласа, әскери қарсыласудан басқа амал қалмайды  Басқа сөзбен айтқанда,  Ислам мүмкіндігінше соғыстан қарағанда бейбітшілік пен бітімге басымдық береді.

Тегтер