Түрлі діндердегі ораза (1)
Ораза – адамзат дәуірінің басынан келе жатқан ғибадат Қасиетті кітаптарда ораза жайлы анық айтылған. Барлық кітаптарда ораза күнәлардан тазару және руханиятқа жақындау құралы деп аталған.
Рамазан – қамари күнтізбесінің тоғызыншы айы. Бұл айда мұсылмандар ораза ұстауы тиіс. Ораза – нәпсіні тазарту мен түзетуге мол әсерін тигізетін үлкен ғибадаттардың бірі. Ораза – Жаратушыға жақындап, жан мен жүректі таза рухани нәрге қандыруға берілген мұрсат. Ораза – жан дүниені күнәға батыратын істерден бойды аулақ салып, тақуалықты арттыруға берілген мұрсат. Қасиетті Рамазан айында мұсылмандарға парыз етілген ораза тек ішіп-жеуден тыйылуға ғана емес, нәпсіқұмарлықтан бойды алшақ ұстап, дене мүшелерін, әсіресе тілді күнәға батыратын істерден сақтауға арналған. Өсек, өтірік, жала, келемеж, тіл тигізу сияқты күнәлардан толық бас тарту арқылы адамдар жан дүниелерін тазартып, Аллаға жақындай түседі. Бірақ қасиетті Рамазан айындағы Оразаның сұлулықтарының бірі – адамдардың бір-біріне жақындауы. Алла елшісі мен Аһл-е бейттің адамдарға бір-біріне, әсіресе кедейлер, мұқтаж жандарға жанашырлық білдіріп, қорғансыз адамдар мен жетім балаларға мейіріммен қарауға берген кеңестерінің барлығы үлкен ішкі және қоғамдық өзгеріске бағытталған. Мұндай қоғамда бай мен кедейдің аражігі байқалмай, адамдық пен руханилық қатар жүреді. Эгоизм мен жөнсіз тәкаппарлық жойылып, адамның жақсы қасиеттері көрініс табады. Осы қасиетті айда ораза ұстайтын мүміндер Алланы еске алып, намаз оқып, дұға мен тілек тілеп, кедейлер мен мұқтаж жандарға ас беру арқылы Алланың ризашылығына жақындай түсіп, Рамазанның нұрлы бұлақтарынан жүректерін тазартады.
Белгілі бір уақыт аралығында ішіп-жеуден тыйылу және кейбір істерді атқармау деген мағынадағы ораза ұстау Ислам дінімен бірге пайда болған жоқ, оған дейін басталған. Илаһи діндер арасында оразаның ұзақ тарихы бар. Кейбір рауаяттарда оразаның Адам ата мен Хауа ананың жұмақтан қуылған кезімен тұспа-тұс келетіні айтылған. Бұл жөнінде Ислам пайғамбарының (с.ғ.с.) немересі имам Хасан Моджтаба (ғ.) былай деген: «Бірнеше яһуди Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп, олардың ең ақылдысы хазіреттен бірнеше мәселе жайында сұрады. Солардың арасында мынадай сауалдар бар еді: Құдай неге сенің үмбетіңе 30 күн күні бойы ораза ұстауға бұйырды? Басқа үмбеттерге де осы отыз күнде ораза ұстауға бұйырды ма?» Алла елшісі (с.ғ.с): «Хазірет Адам (ғ.) әлгі ағаштың тыйым салынған жемісін жеп, жерге түскеннен кейін оның әсері 30 күн бойы Адамның ішінде қалған. Сол себепті Құдай Адам мен оның ұрпақтарына 30 күн шөлдеу мен ашығуға бұйрық берді. Ал түнде жейтін тамақ – Құдайдың адамға берген жеңілдігі. Сол себепті Құдай 30 күндік оразаны менің үмбетіме парыз етті»,-деді. Содан соң Алла елшісі мына аяттарды оқыған: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар. Санаулы күндерде. » («Бақара» сүресі. 183-184 аяттары).
Яһуди: «Рас айттың, ей, Мұхаммад»,- деді.
Құран Кәрімде айтылғандай, ораза мұсылмандарға ғана емес, Исламға дейінгі қауымдардың барлығына парыз етілген, бірақ олардың оразасы мұсылмандардікінен басқаша болған. Әртүрлі діндердегі оразаның айырмашылығы көбіне күндердің саны, қалай өтетіні, ұсақ жайттар мен олардың сапасынан көрінеді. Барлық діндердегі оразаның мақсаты – нәпсіні тәрбиелеу, рухани тазару, қайғы-қасірет пен бәле-жаланы жою. Барлық пайғамбарлар өз үмбеттеріне ораза ұстауға бұйрық берді. Олардың әрқайсысы осы илаһи парызды орындау үшін түрлі жол ұсынған. Мысалы, Исламда Рамазан айында ораза ұстау уақыты таңның атысынан күннің батысына дейін белгіленген. Бірақ басқа діндерде, соның ішінде яһуди дінінде ораза басқаша өткізіледі. Олар ораза кезінде тамақ ішпеумен қатар бір күн үнсіздік сақтайды. Бұл оларға нәзр арқылы парыз етілді. Ал Исламда мұндай оразаға орын жоқ. Ал Мәсіх дінінінің ізбасарлары ораза кезінде ет жеуден бас тартып, тамақ ішу ретін азайтумен шектеледі.
Қасиетті кітаптарда ораза жайлы анық айтылған. Барлық кітаптарда ораза күнәлардан тазару және руханиятқа жақындау құралы деп аталған. Мысалы, хазірет Ыдырыс өзінің «Сухув» жазбасында: «Ораза айына кірген кезде өзіңізді барлық лас заттардан тазартыңыз. Құдай үшін жаман ойлардан таза әрі нұрланған жүрекпен ораза ұстаңыз. Сіздердің ауыздарыңыз тек қана тамақтан тыйылмауы керек, дене мүшелеріңіз де күнәдан тазаруы тиіс»,-деді.
Пайғамбарлар ораза ұстау туралы қызық әрі ғибратты сөздер айтқан. Олар ораза ұстаудың маңыздылығын көрнекті ғибадат деп көрсеткен.
Пайғамбардың сахабасы Ибн Аббастан бір адам тарихта көрнекті адамдардың оразасы қалай болғанын сұраған. Ибн Аббас: «Пайғамбардың айтуынша, ең үздік оразаны бауырым хазірет Дәуіт (ғ.) ұстаған. Жыл бойы бір күн ораза ұстап, бір күн ауыз ашып жүрді. Хазірет Сүлеймен (ғ.) де әр айда алғашқы үш, ортаңғы үш және соңғы үш күнде ораза ұстаған. Хазірет Иса (ғ.) әрдайым ораза ұстап жүрген. Мәриәм да әрдайым екі күн ауызы берік, екі күн ауызы ашық жүрген»,-деп жауап берген.
Жыл айлары арасындағы Рамазан айының берекесі мен қасиетті тек ораза ұстауда емес, бұл айда Алланың рақымы мен берекесі пенделерге көбірек түсіп, ерекше діни оқиғалар болады. Ислам рауаятында айтылғандай, Таурат, Інжіл, Забур, Сухув пен Құран сияқты ірі илаһи кітаптар Рамазан айында түскен. Имам Садық (ғ.): «Таурат Рамазан айының алтысы күні, Інжіл осы айдың он екісі күні, Дәуіттің Забуры айдың он сегізі күні, ал Құран кітабы Қадір түні түсірілген»,-деген.
Рамазан – Құранда аталған жалғыз ай. Сөздікте ол «температураның жоғарылығы» және «күйдіру» деген мағынаны білдіреді. Ислам пайғамбары бұл айдың маңыздылығы туралы: «Рамазан айы күнәларды күйдіріп, жағатындықтан осылай аталады»,-деді.
Имам Саджад (ғ.) «Сахифе-е Саджадие» кітабында қасиетті Рамазан айын қарсы алу туралы анық жазып, осы берекелі айдың ақиқатын ашып берді: «Жетекшілік жолдарының бірі деп Рамазан айын көрсеткен Аллаға мың алғыс. Бұл – ораза айы, ислам айы, ластықтардан тазару айы, тыныштық айы, көтеріліс айы, халыққа жетекшілік жасау үшін Құран түсірілген ай. Осы айға берілген сансыз қасиеттерге байланысты бұл айдың басқалардан артықшылығы айқын. Оны атау үшін басқа айларда халал етілген нәрселер бұл айда харам деп жарияланған. Бұл айды оразамен атап өтсін деп ауызашарға дейін ішіп-жеуден тыйған. Бұл үшін арнайы уақыт белгілеген. Ораза ұстаушыға таңғы азаннан бұрын оразаны бастауға және ауыз ашуды кешіктіруге рұқсат берілмейді. Содан кейін осы айдың түндерінен бір түнді таңдап, мың түннен артық етіп, оны «Қадір түні» деп атады. Бұл түнде Жебірейіл мен басқа періштелер Жаратушының бұйрығымен қалаған пендеге келіп, оның тағдырын анықтайды. Ол түн – періштелердің сәлемдесетін түні. Олардың береке дастарханы таңға дейін жаюлы тұрады»,-деді.
Имам Саджад келесі бір сөзінде Алла Тағаладан: «Рамазан айын біздің ғибадатымызға толтыр. Күні мен түнін біздің сыйынуымызбен көмкер. Бізге күндерді оразамен өткізіп, түндерді намаз бен құлшылықта таңға жалғауға көмектес»,-деп сұраған.