Рамазан 2020: Құран жолдаулары (1)
Құран – жақсы өмірге жол көрсетуші; қасиетті Рамазан айы – оның тағылымдарын зерттеу үшін жақсы мүмкіндік.
Бірнеше айға созылған қиындықтар мен ауыртпалықтардан кейін береке мен нығметке толы қасиетті Рамазан айы келіп, мұсылмандарды мүмкіндіктеріне қарай көбірек ғибадат жасауға шақыруда. Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) бұл айды Алланың қонағы болатын ай деп атап, халықты осы шақыруды жақсырақ пайдалануға жігерлендірді. Рамазан айы – береке мен руханият айы. Соңғы әрі ең кемел қасиетті кітап Құран Кәрімді оқу бұл айды тану үшін өте маңызды. Сондықтан бұл қасиетті кітапты көбірек оқуға кеңес беріледі. Құран – жақсы өмірге жол көрсетуші, ал Рамазан – оның тағылымдарын зерттеу үшін жақсы мүмкіндік.

Исламдық тәлім-тәрбие жүйесінде адамдарды кемелдікке жеткізу және дұрыс жолға нұсқау үшін сүйіншілеу және ескерту әдісі қолданылады. Сүйіншілеу – жақсы хабар беру; адамдарды ізгілікке, мейірімділікке, Құдайдың кешіріміне ие болуға жігерлендіру. Ескерту – қорқыту, қатер туралы жариялау және жаман әрекеттерден алыстату. Құранда Алланың сүйіншілейтін және ескерту жасайтын пәк пайғамбарын жібергені туралы сан рет айтылды. «(Мұхаммад с.ғ.с.) шынында сені қуандырушы, қорқытушы етіп, хақиқат бойынша жібердік, тозақтықтардан жауапкер емессің». («Бақара» сүресі, 119-шы аят).
Сүйіншілеу мен ескерту немесе ынталандыру мен қорқыту – тәлім-тәрбие мен қоғамдық шаралардың маңызды бөлігі. Адамның әрекеттері көбінесе пайдаға ие болуға, зардап шектірмеуге негізделеді. Адам өз мүддесіне сай нәрселерді өзіне қарай тартып, зиян келтіретін нәрселерден алыстайды. Сондықтан пайғамбарлар мен әулиелер адамның бұл қадір-қасиетін оны тәрбиелеп, кемелдікке жеткізу үшін пайдаланды. Тәрбие саласы мамандарының пікірінше, адам жақсылық жасағаны үшін сыйға ие болып, жамандығы үшін жазалануы керек. Сонда бірінші жолға түсуге, екінші жолда қадам баспауға дайындалады.
Жұбататын және үміттендіретін жайттардың бірі – Алланың Құранда мүміндерге берген уәделері мен ізгі хабарлары. Адам Құдайдың оған берген жақсы жаңалығы мен бақытты болашағы туралы жолдаған хабарын көрген кезде үміттенеді. Әсіресе, бұл ізгі хабарлар уәделері бос сөз емес, орындауға күші жететін Жаратушы тарапынан айтылған соң адам үмітін үзбейді. Құран түсініктерін жеткізу сүйіншілеуді білдіреді. Құран жолдауларының маңызы мен мақсаты құдіреті шексіз адал уәде берген Аллаға иман келтіру болып табылады. Аяттар мен хадистерде Алладан үміттену, жақсылық туралы ойланып, алаңдамауға кеңес беріледі. Құдай адамды бақыт пен тәртіпке нұсқап, кемелдікке жеткізу үшін сүйіншілеу мен ескертулерді қолданады. Жаратушының нығметтерге ие болу, дұшпанды жеңу секілді уәделері бұл дүние мен мәңгілік жұмақ пен берекеге толы бақтарды уәде етуі ақыретке байланысты.

Құран – иман келтіргендер мен адал адамдар үшін сүйіншінің қайнары. Бұл қасиетті кітап жақсылық жасайтын иман иелерінің жарқын келешектен үміттенетінін еске салады. Өйткені Алла Тағала оларға жолдау жіберіп, «Фуссилят» сүресінің 30-31-ші аяттарында: «Расында: “Раббымыз Алла” деп, сосын мықты тұрғандар, оларға періштелер түседі де: “Қорықпаңдар, кейімеңдер! Сендерге уәде етілген жаннат арқылы қуанышқа бөленіңдер” дейді. “Біз, дүние тіршілігінде де ақыретте де достарыңбыз. Сендерге ол жаннатта көңілдерің көксеген нәрселер бар. Сондай-ақ, сендерге не тілесеңдер бар”,- деп айтылды. Бұл аяттардан Алланың уәдесінің тек ақыретке ғана емес, бұл дүниеге де байланысты және Жаратушының бұл әлмде де көмектесетінін көрсетеді. Алла Тағала «Ғафир» («Мумин») сүресінің 51-ші аятында да: «Расында елшілерімізге иман келтіргендерге дүние тіршілігінде де, куәлікке тұратын (қиямет) күні де әлбетте жәрдем етеміз»,- деп қуаттады.
Бұл аят шын мәнінде бүкіл жақсылықтар мен қадір-қасиетті толық көрсетеді. Біріншіден, Аллаға шын жүректен сенгендердің Жаратушыға деген иманын нығайтып, тіршілігін иманға негіздейді. Алланы жақсы көреміз дейтіндер көп, бірақ олар іс жүзінде айтқан сөздерін қуаттай алмайды, олар әлсіз адамдар. Олар шаһуаттарына қарсы тұра алмайды. Іс жүзінде мүшіріктер мүдделері қатерге тірелген кезде осал имандарынан да айырылады. Хазірет Әли (ғ.с.) «Наһдж ул-Балағенің» құтпаларының бірінде бұл аятты оқып, оны: «Сендер «біздің Жаратушымыз Алла» дедіңдер. Енді осы сөздеріне табанды болыңдар. Оның кітабының бұйрықтарын орындаңдар. Ол нұсқаған жол арқылы құлшылық етіп, Оның бұйрықтарынан бас тартпаңдар, Оның дініне бедғат енгізбеңдер және еш уақытта қарсыласпаңдар»,- деп сараптады.
Жарқын болашаққа үміттендіретін Ислам иман мен тақуалықтың аясында бейбітшілік пен қауіпсіздікке негізделеді. Құранның көзқарасы бойынша келешекке үміттену илаһи құдыретке қатысты. Илаһи сүннет бойынша, иман мен жақсылық жолына түскендер ғана жеңіске жетуден үміттенеді. Құранда келешекке үміттену қадір-қасиетке ие болуды, керісінше жамандықтан алыстауды білдіреді. Бұл дүние адамдар үшін сынақ, ақырет үшін қор жинайтын мұрсат. Адам жақсылығының сыйына ие болып, жамандықтарының сазайын тартады. Басқаша айтқанда, әлемнің илаһи әділетке негізделіп жаратылғанына иман келтіру тақуалыққа, тақуалық адамның құтқарылуына себеп болады. Құран Кәрімде жақсылықтың нәтижесі тақуалық екені сан рет туралы айтылды. Тақуа адамдарға ақыретте жаннаттың бақтарына еніп, көптеген нығметтерге ие болатыны, Жаратушының сыйларынан қуанышқа бөленетіні туралы уәде етілді.
Құран Кәрімнің 17 аятында пайғамбарлардың сүйіншілеуі мен ескертулерін бірге байқауға болады. 13 рет ізгі хабар ескертуден басымырақ көрсетілді. Кейбіреулер Алланың негізгі мақсаты хабар беру деп санайды. Сүйіншілеу және ескерту Исламның ұлық пайғамбарының міндетінің бірі болып табылады. Сондықтан Мекке және Мәдине кезеңдерінде де жалғасып, пайғамбардың тәрбиелік мақсаты мен қадір-қасиеті ретінде аталып өтті.