Исламдағы ахкам философиясы (3)
https://itolqyn.com/radio/uncategorised-i46534
Илаһи жетекшілер мен әулиелердің көзқарасы бойынша намаз өте маңызды. Олар намаздың адамды кемелдікке жеткізетін рөлін қуаттады.
(last modified 2025-01-08T10:35:21+00:00 )
Сәу 28, 2020 19:37 Asia/Almaty
  • Исламдағы ахкам философиясы (3)

Илаһи жетекшілер мен әулиелердің көзқарасы бойынша намаз өте маңызды. Олар намаздың адамды кемелдікке жеткізетін рөлін қуаттады.

Алламен сырласуды жақсы көрген Исламның ұлық пайғамбары: «Ең жақсы адамдар – Аллаға құлшылық етуді жақсы көретіндер»,- деген болатын.  Исламның ұлық пайғамбарының немересі, шиіттердің үшінші имамы Хусейн бен Әли (ғ.с.) хиджри қамари санағы бойынша 61 жылдың Ашура күніне қараған түнде дұшпанның қоқан-лоққысына қарамастан Аллаға деген махаббатын көрсетіп: «Мен намазды жақсы көремін, оған ғашықпын»,- деді.  Расында, егер намаздың ең жоғары философиясын, адамның Аллаға деген махаббаты мен жүректерге тигізетін әсерін ешбір сөзбен сипаттай алмаймыз десек, өтірік айтпаған боламыз. Құранда бұл мәңгілік махаббат туралы:«Адамдардың кейбіреуі Аллаға өзгені теңестіріп, оларды Алланы сүйгендей сүйеді»,- деп жазылған. Құран, сондай-ақ,  өз қырағылығымен иман келтіргендер туралы: «Адамдардың кейбіреуі Аллаға өзгені теңдес етеді де оларды Алланы сүйгендей сүйеді. Ал мүміндер Алланы тағы артық сүйеді...»,- деді. («Бақаре» сүресі, 165-ші аят). 

Исламның ұлық пайғамбары Аллаға деген махаббаттың үлгісі болып: «Алла менің көзімді ашып, Өзіңе ғашық етті. Аш адам тамақты, шөлдеген адам суды аңсағандай, мен Оны аңсайтын болдым. Бірақ тамақтанған соң адамның аштығы, су ішкен соң шөлі басылады. Ал мен намаз оқып, Жаратушымен сырласқан сайын, қанағаттанбаймын»,- деген болатын. Айта кететін жайт, қасиетті діндер мен илаһи пайғамбарлардың ортақ ғибадаттарының бірі намаз болды. Өйткені намаз арқылы Жаратушы мен пенделері арасында қарым-қатынас орнатылып, адамдар қарапайым түрде өз махаббатын білдіреді. Пайғамбарлар өз жақтастарына бұрмаланған көзқарастардан алыстайтын жолды ұсынған.

Бір Құдайға табынудың негізін қалаған хазірет Ибраһим пайғамбар дұға жасап, Жаратушыдан: «Раббым! Мені әрі ұрпақтарымды намазды толық орындаушы қыл! Раббымыз! Тілегімді қабыл ал!»- деп сұрайтын.  («Ибраһим» сүресі,  40-шы аят).

Хазірет Иса бесікте жатып, хазірет Мәриәм өзінің адалдығын дәлелдеу үшін сәбиіне қарап, жиналғандарға баладан сұрауды ұсынған кезде ада сенгісіз оқиға орын алып, Жаратушының қалауымен: «(Бала): “Рас, мен Алланың құлымын. Маған кітап беріп, пайғамбар қылды” деді. Сондай-ақ, мені қайда болсам да құтты етті де, тіршілігім бойынша намазды, зекетті орындауға бұйырды»,- деді. («Мәриәм» сүресі, 30-31-ші аяттар). Бұл аяттар бойынша, Алла Тағала хазірет Исаға намаз оқуды бұйырып, одан өмірінің соңғы сәтіне дейін оны орындауды сұрайды. Бұл намаздың маңыздылығының белгісі. Өйткені, намаз – адам мен Жаратушы арасындағы қатынас әрі адамның негізгі ғибадаттарының бірі.        

Құранда жақсылықпен еске алынған келесі пайғамбар – хазірет Ибраһимның монотеистік мектебінде тәрбиеленген хазірет Ысмайыл. Алла Тағала ол туралы: «Үй-ішіне, намазбен зекетті орындауды бұйыратын еді. Сондай-ақ, Раббының қасында сүйікті еді»,-деген. («Мәриәм» сүресі, 55-ші аят). Бұл аятта хазірет Ысмайыл өз отбасына намаз оқып, зекет беруді бұйырады. Яғни, намаз мәдениетін отбасынан бастап таратса, сонда бұл мәдениеттің қоғамда қалыптасатыны айтылды. Бұл аяттың келесі маңызды мәселесі намаз оқу мен зекет берудің Алланың ризалығына ие болатымен байланысты. Ал ғибадат жасаушы адам үшін Жаратушысының ризалығынан артық не бар?

Құран Кәрімде  барлық пайғамбарлардың намаз мәдениетін таратуы туралы былай деп айтылды:  «Оларды әміріміз бойынша, тура жол көрсететін басшы қылып, оларға жақсылық істеуді, намазды орындауды, зекет беруді уахи қылдық. Олар бізге құлшылық қылушы еді». («Әнбия» сүресі, 73-ші аят). Қорыта айтқанда, намаз ерекше маңызды, барлық пайғамбарлар хабардар түрде оны орындауға талпынды деген нәтижеге келеміз.