Құран жолдаулары (5)
Басқаларға мейірім білдіріп, жақсылық жасау – Алланың ризашылығына себеп болатын қадір-қасиеттердің бірі.
Адам өзінен гөрі басқаны артық санап, оның мәселелерін шешуге талпынып, жанкештілік білдіру арқылы Алла мен оның жаратылыстарының ризалығына себеп болады. Яғни адам басқалар үшін де өзіне қалаған нәрсені қалайды. Құран Кәрімде жақсылық-«ихсан» және жақсылық жасаушылар-«мохсенин» деген сөздер көп қолданылды. «Ахқаф» сүресінің 12-ші аятында Алла Тағала жақсылық жасаушыларға: «Құраннан бұрын жолбасшы әрі игілік түрінде Мұсаның (ғ.с.) кітабы бар еді. Міне, осы Құран – зұлымдық қылғандарға ескерту, жақсылық істеушілерді қуанту үшін арап тіліндегі растаушы бір Кітап»,- деп айтылды. Бұл аят бойынша қасиетті кітап жіберу – илаһи сүннеттердің бірі. Қасиетті кітаптар илаһи рақымның белгісі және иманды адамдардың жол нұсқаушысы болғандықтан адам оның айтқандарын орындауы керек. Ақыл-кеңес беру мен хабар жеткізу – Құран жолдауларының негізгі екі бағыты. Оның мақсаты – адамдарды зұлымдық пен күнәдән алыстатып, жақсылық жасауға жігерлендіру.
Алайда жақсылық жасайтындар кімдер? Құранға сәйкес, жақсылық жасаушылар – сенім тұрғысынан тауһид негіздерін ұстанушылар, амал тұрғысынан табанды және шыдамдылар. Мұндай адамдар қиындықтар немесе күтпеген оқиғалармен бетпе-бет келген кезде табандылық білдіріп, Жаратушының ризалығына риза болады. «Тәубе» сүресінде жақсылық жасаушылардың сыйы туралы жақсы айтылған: «Олар үшін мәңгі қалатын, астарынан өзендер ағатын жәннәттер әзірледі. Осы ірі мұрат». («Тәубе» сүресі, 100-ші аят). Құран Кәрім жақсылық жасаушылардың айқын қадір-қасиеттерінің бірі ретінде мұқтаждарға қаржылай көмек көрсетуін атайды: «Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ, олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді». («Әл-Имран» сүресі, 134-ші аят). Исламның ұлық пайғамбарының рауаяттары мен хадистерінде мейірім мен жақсылық жанкештіліктің бір түрі ретінде көрсетілген. Хазірет Әли (ғ.с.) сөзінің бірінде: «Иманның ең маңызды бөлімі – халыққа жақсылық жасау»,- деген болатын. Рауаяттар бойынша, жақсылық жасаушылар илаһи махаббатқа ие болады. Алла оларды дұрыс жолға нұсқап, оларға білім мен даналық сыйлайды. Сондай-ақ, Алла жақсылық жасаушылардың ақыретін қайырлы етеді. Сөйтіп олар кешірілгендердің қатарында болады.
Көркем қоғам – адамдардың қарым-қатынасында мейірім мен өнеге негіздері қалыптасқан қоғам. Бұл қоғамда адамдар бір-біріне жақындап, қиындықтарын бірігіп шешеді. Достық, мейірімділік, кешірімділік және қайырымдылық сынды қадір-қасиеттер кең таралып, қоғамды өзгертеді. Алла Тағала халықты жақсылық жасауға жігерлендіріп, жақсылық жасаушыларды мадақтап, олардың ерекшеліктеріне назар аудартып, олады дұрыс жолға нұсқап: «Міне солар, Раббылары тарапынан тура жолда, сондай-ақ олар құтылушылар»,- деді. («Лұқман» сүресі, 5-ші аят). Сондай-ақ, Құранның «Бақаре» сүресінің 195-ші аятынан: «Алла жолында мал сарып қылыңдар. (Сараң қорқақ болып) өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар. Жақсылық істеңдер. Шын мәнінде Алла игілік істеушілерді жақсы көреді»,- деп оқимыз.
Құранның көптеген аяттарында адамның иманы мен құлшылығы адамның жақсылық жасауының негізгі факторы, мұсылмандардың жеке міндеттері ретінде көрсетілген. Ислам тағылымдары бойынша, мейірім мен жақсылық жасау қоғамды байытып, таптық жүйені жойып, адамдар арасында достық қарым-қатынастың орнатылуы мен адамның күнәсінің кешірілуіне себеп болады. Нәтижесінде жақсылық жасаушылардың бұл дүние мен ақыреттегі бақыты қамтамасыз етіледі. Зерттеулердің нәтижесі бойынша, мейірім мен жақсылық жасау және кез келген жұмысты жақсы орындау сезімі «серотонин» деп аталатын гормонның өндірілуіне жеткізеді. Бұл гормон сезімдер теңгерімін сақтап қалуға маңызды рөл атқарады. Сондықтан мейірім мен жақсылық жасау жақсылық жасайтын адамның денесі мен рухына оң әсерін тиігзеді. «The Power of Intention» кітабының авторы, психолог Уэйн Уолтер Дайер бұл туралы: «Жақсы іс қанша қарапайым болғанымен жақсылық жасаушы адамның ғана емес оның қасындағылардың да алға ілгерілеп, серотонин гормондарының көтерілуіне себеп болады»,- деп жазды.
Күндердің бірінде бір ер адам исламның ұлық пайғамбарының қасына келіп, кедейшілік пен ашаршылық туралы айтады. Хазірет әлгі арабқа үйінің мекен-жайын береді. Ер адам хазіреттің үйіне барады. Пайғмбардың (с.ғ.с.) әйелі үйде тамақ қалмағанын айтады. Ер адам қайтып оралып, оны хазіретке жеткізеді. Хазірет отырған жерінде: «Бүгін кешке мына адамды кім қонақ қылып, күте алады?» деп сұрайды. Хазірет Әли (ғ.с.) орнынан тұрып: «Мен»,- дейді. Содан соң ер адам имамның үйіне барады. Хазірет Әли (ғ.с.) хазірет Фатимадан (ғ.с.): «Үйде тамақ бар ма?»- деп сұрайды. Хазірет Фатима (ғ.с.) «Балаларға жететіндей азғана тамақ бар, бірақ қонақ өзіміз бен балалардан қадірлі»,- деп жауап береді. Хазірет Әли (ғ.с.): «Балаларды ұйықтатып, шырақты өшір»,- деді. Хазірет Фатима (ғ.с.) балаларды ұйықтатып, шырақтарды өшіріп, дастархан жайып, бар тамақты қонақтың алдына қояды. Қараңғыда хазірет Әли (ғ.с.) қонақ ұялмай тамақтансын деп, өзі де тамақтанып отырғандай іс-қимыл жасады. Қонақ тамақтанып болған соң, хазірет шырақтарды жаққан кезде Алланың қалауымен ыдысының тамаққа толы екенін көрді. Таңғы намаздың уақыты келіп, хазірет Әли (ғ.с.) мешітке кетеді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Әлиді (ғ.с.) көріп, мына аятты оқиды: «... Өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді». («Хашр» сүресі, 9-шы аят). Яғни иман иелері жанкештілік жасап, діни бауырларын өзінен артық санайды.