Маусым 14, 2020 16:27 Asia/Almaty
  • АҚШ – кемсітушіліктер империясы (2)

Кез келген мемлекетте полицияның міндеті қоғамдық тәртіп пен азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бұзақылармен күресу болса, АҚШ полициясы керісінше, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бұзу мен қоғамдық үрей факторына айналды.

Тарихи құжаттар АҚШ полициясының қатыгездігі мен кейбір қызметкерлерінің зорлық-зомбылық жасауының бұл елде жаңа тақырып емес екенін көрсетеді. Алайда, ақпарат құралдарының дамуы мен таратылуы, сондай-ақ, адамдар арасында  видео мен дыбыс жазу, әсіресе ұялы телефондардың көбеюімен АҚШ полициясының зорлық-зомбылығы мен кемсітушілік әрекеттері туралы хабардар ету мүмкіндігі артты. АҚШ полициясының зорлық-зомбылығының артуын бұл елдің қоғамында қалыптасқан, қазірде артып келе  жатқан құбылыс ретінде қарастыруға болады. Басқаша айтқанда, қоғамда зорлық-зомбылық күшейіп, америкалық азаматтар қаруланған сайын полиция өз өмірін қорғап, оларға қарсы тұру үшін қару қолданып, қатерді сезген соң кез-келген күдіктіні өлтіреді немесе ұрып-соғады.

 

 Милуоки халқының АҚШ полициясының зорлық-зомбылығына қарсы шеруі

 

АҚШ полициясының зорлық-зомбылығын бақылау орталығы 2018 жылдың қаңтар айында 2017 жылы АҚШ полициясының 1147 адамды өлтіргенін мәлімдеді. Орталықтың зерттеулері бойынша 2017 жылы ел азаматтарына қарсы зорлық-зомбылық жасаған 48 полиция офицері бұдан бұрын кемінде бір адамды өлтірген, олардың ішінде 12 бірнеше адамды өлтірген. АҚШ полициясының зорлық-зомбылығына қарсы шерулерді ұйымдастырушылардың бірі Абраһам Маркез: «Бұл мәлімет алаңдатады. 2017 жылы полиция қызметкерлеріне арналған жаттығуларда ату жаттығуларына жұмсалған уақыт шиеленісті залалсыздандыру техникасын үйрету уақытынан   жеті есе көп болды. Бұл жағдай елдің мүддесіне қарсы. Олар үнемі жұмыскерлер мен аз санды топтарға азап-қорлық көрсетуді көздеуде. Олар қайшылықтарды шешуді қаламайды. Жылдар бойы полицияның жоғары лауазымды тұлғаларының  қылмыскер қызметкерлеріне немқұрайдылық танытылу полицияда жұмыс істейтін адамдардың өздерін қауіпсіз сезінуге және айыпталудан қорықпай, қоғамда зорлық-зомбылық жасауды жалғастыруға соқтырды. Кейбір полиция қызметкерлері мен адамдардың арасындағы даулы істерде бұл қызметкерлердің бірқатарының бұрын сотталғаны және кейбіреулеріне  қарсы сот іс қозғалғаны анықталды»,- деді.

1990 жылы Калифорния штатының Беркли қаласында АҚШ полициясының заңсыз әрекеттері мен зорлық-зомбылықтарын бақылау және тексеру үшін  Cop Watch деп аталатын ұйым құрылды. Бұл ұйым АҚШ полициясының бірнеше қатыгездігін әшкереледі. Олардың ішінде 2006 жылдың қараша айындағы полицияның ұрлыққа қатысты деген күдікпен ұсталған Уильям Гарденаске қарсы зорлық-зомбылығын көрсететін видео таратты. Соңғы жылдары АҚШ полициясының өз азаматтарына қарсы зорлық-зомбылығының әшкереленуі артып, елдің әртүрлі қалаларындағы наразылық шерулердің өтуіне себеп болды. Бірақ әшкерелеу мен наразылықтардың артуына қарамастан, АҚШ полициясының зорлық-зомбылығы әлі азаймай отыр.

 

 Мериленд халқының АҚШ полициясыныңнәсілдік әрекетіне қарсы шеруі

 

 

 

АҚШ-тағы бұрын-соңды болмаған нәсілшідікке байланысты қазіргі кезде де ақ нәсілділерінің көбі АҚШ полициясының зорлық-зомбылықтарын ақтауда. Олардың бұл мәселедегі көзқарастары түрлі түсті нәсілділер және басқа ақ нәсілділерден өзгеше. 2000 жылы жасалған сауалнамалардың нәтижесі ақ нәсілділердің көбінің полицияның қатыгездіктерін ақтайтынын, өйткені олардың қара нәсілділерді басынан қылмыскер деп санайтынын көрсетті. Ақ нәсілділер полиция қатыгездігіне айтылған сынды АҚШ-тың ұлттық мүддесіне қайшы деп санайды. Керісінше, АҚШ-тағы негізі африкалық және испаниялықтар полицияның зорлық-зомбылығына АҚШ-тағы ақ нәсілділердің билеп-төстеу құралы ретінде қарайды. Сондықтан өз нәсілділерінің өліміне себеп болған полицияның кез келген қатыгездігіне жылдам реакция білдіреді.

АҚШ полициясының қолынан өлгендердің көбін қара нәсілділер құрайды. Олардың ата-бабалары өткен ғасырларда Африкадан АҚШ-қа мәжбүрлеп әкелінген және құл ретінде ақ нәсілділердің фермаларында жұмыс істеп, олардың меншігі саналды. Қара нәсілділердің ұзаққа созылған күресі мен ақ нәсілділердің қолынан қырылып-жойылуынан кейін, Авраам Линкольннің президенттігі кезінде құлдықты жойған заңға қарамастан,  ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін нәсілдік дискриминация және ақ нәсілділердің саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы азаматтық  құқықтарының үстемдігі  сақталған болатын. Тек өткен ғасырдың 1960-1970 ж.ж. қара нәсілділер азаматтық қоғамының күресі АҚШ азаматтық заңдарына өзгеріс енгізіп,  сайлау құқығы, иммиграция, азаматтық алу,  тұрғын үй сатып алу және жалдау мәмілелерін іске асыру мүмкіндігіне иеленді. Бірақ ХХІ ғасырдың екінші онжылдығы аяқталып келе жатқанымен, АҚШ-та қара нәсілділерге қарсы нәсілшілдік тамырымен жойылмады. Полицияның қара нәсілділерге қарсы зорлық-зомбылығы – олардың ең маңызды көріністерінің бірі.

 

АҚШ полициясы мұсылмандарға зорлық-зомбылық көрсетуде

Қара нәсілділермен бірге латын америкалықтар да ақ нәсілділердің  нәсілшіл әрекеті және полицияның зорлық-зомбылығымен бетпе-бет келіп отыр. Олар АҚШ-та жалақысы төмен жұмыс орындарында жұмыс істейтін кедей иммигранттар және көбінесе олардың жақсы өмір сүру мүмкіндіктері жоқ. Бұл жағдай олардың арасында әлеуметтік қылмыстарға себеп болуда. Бұл мәселемен бірге латын америкалықтардың АҚШ-қа заңсыз енуі де полицияның оларға қарсы әрекет жасауына себеп болып жатыр. АҚШ-қа латын америкалықтардың иммиграциясы АҚШ үкіметінің Латын Америкасындағы пайдакүнемдік біржақты саясатынан тамырланады. Полицияның қара нәсілділер және басқа да азшылық топтарға қарсы зорлық-зомбылық әрекеттерінің жалғасуы  АҚШ үкіметінің    бұл мәселеге қатысты қоғамдық сын мен наразылықтарға немқұрайдылық білдіруі  елдің халықаралық беделіне, әсіресе оның адам құқықтары мен демократия туралы уәждеріне айтарлықтай нұқсан келтіретіні анық.  АҚШ үкіметі шынайы демократия орната алмаса, өз еліндегі  нәсілшілдікті жою қолынан келмесе, қалайша әлемнің басқа елдерінде демократия мен адам құқығын орнатуға қолдаушы бола алады?!

 

 

Тегтер