Қыр 03, 2020 17:40 Asia/Almaty
  • Әбу Райхан Бируни

Бүгін, 13 шахривар – ирандық ғалым әрі ойшыл Әбу Райхан Бируниді ұлықтайтын күн.

Әлемдік қауымдастықтың қазіргі жетістіктері – бағзы замандарда өмір сүрген ғалымдар мен оқымыстылардың талпыныстарының нәтижесі. Бүгінде Батыс елдері  өздерін мәдениет, ғылым мен білімнің көшбасшысы санайды, бірақ бұрынғы заманда ғылым туы мұсылмандардың қолдында болатын.  Мұсылман ғалымдар, әсіресе ирандық данышпандардың әртүрлі салалардағы талпыныстары ғылым әлемін қазіргі дәрежеге жеткізді. Мұсылман ғалымдардың бірі ретінде Әбу Райхан Бируниды атауға болады. Бұл ирандық зерттеуші, астроном әрі данышпанның зерттеу еңбектері ислам мәдениеті мен әлем өркениетінде аса құнды орынға ие. Мың жыл өтсе, оның еңбектері әлі де математика мен астрономия сияқты салаларда құнды дереккөзі саналады.

Әбу Райхан Мұхаммед бен Ахмед Бируни – теңдессіз данышпан. Әлемнің барлық энциклопедияларында ол «әлемнің ең ұлы математигі» деп сипатталған. Ғалым математика мен астрономиямен қоса, гуманитарлық ғылым салаларында да өз заманының бетке ұстар данышпаны болған. Ол  этнография туралы құнды еңбектер жазған. Оның зерттеу және мағлұмат жинау тәсілі мақтауға тұрарлық.  Жалпы Әбу Райхан Бируни 120-150-ға жуық кітап мен трактат жазған.  Әрине оның еңбектерінің көбі бізге жеткен жоқ. Оның кітаптарының тақырыптары көбіне математика, астрономия, философия, тарих, география, әдебиет, поэзия, сөз, жаратылыстану және ұлттардың ойлары мен сенімдері туралы зерттеу болды.

 

Әбу Райхан Бирунидің өмірінде аумалы-төкпелі кезең көп болған.  Ол 973 жылы Хорезмде дүниеге келіп, 75 жыл өмір сүріп, 1048 жылы Ғазна қаласында дүниеден озған. Әбу Райхан оқуын Хорезмде бастап, артынан Хорасан, Табарестан, Горган мен Рейге сапар шегіп, білім жинап, кітап жазған. Содан соң Хорезмге қайта оралып, 1000 жылы сол қалаға билік еткен Мамун әулетіне қызметке тұрған. Бұл кезде Мамундардың патшасы Әли бен Мамун бен Мұхаммед еді. Ол өзінің інісі Абу Аббас Мамун бен Мұхаммедпен бірге 1016 жылға дейін Хорезмде билік еткен. Одан кейін Хорезмді Ғазнавилер әулеті басып алды. Әбу Райхан Ғазнаға аттанды. Қазір Ауғанстан қалаларының бірі саналатын Ғазна Сүлеймен тауының етегінде орналасқан. Оның Ғазнаға сапары туралы екі пікір бар. Біріншіден,  Әбу Райхан 1016 жылғы бүліктің салдарынан Отанын тастап, сұлтан Махмұд Ғазнавидің сарайына барды. Екіншіден,  Әбу Райхан сұлтан Махмұд Ғазнави жаулап алғанға дейін Хорезмде болған, содан тұтқынға түскен. Қалай болғанда да, Әбу Райхан үшін сұлтан Махмұд сарайына бару өмірдің жаңа бір тарауы саналады.

Ғазнаға барған Әбу Райхан біртіндеп сұлтан Махмұд Ғазнавидің сеніміне ие болады. Әбу Райхан бұл кезеңде  астрономиялық зерттеулермен қоса, патшаның кеңесшісі де болып, елдің ірі істеріне араласып отырған. Алайда Әбу Райханның Хорезмнен Ғазнаға қоныс аударып, сұлтан Махмұд сарайына баруының ең маңызды жетістігі оның патша астрономы ретінде Үндістанға сапар шегуі болды. Ол бірнеше жыл Үндістанда тұрып, зерттеудің жаңа саласына қадам басты. Ол 1022 жылы сұлтан Махмұдпен бірге  Суменатты жаулап алуға қатысты. Осы сапарда «Тахқиқ-е Малелхенд» (A Critical Study of What India Says, Whether Accepted by Reason or Refused) атты құнды еңбек жазды. Бұл кітап оның гуманитарлық ғылымдар мен этнография саласында жазған маңызды еңбектерінің бірі саналады. Кітап 80 тараудан тұрады. Онда Үндістанның бір өңіріне зерттеу жүргізілген. Бұл кітап – Әбу Райханның 13 жылдық зерттеуі мен тексеруінің нәтижесі. Онда сол өңір үнділерінің діні, әдет-ғұрпы, тілі мен мінез-құлық ерекшеліктері баяндалған. Бүгінде қоғамтанушы ғалымдардың этнография саласында атқаратын зерттеулерін Әбу Райхан х.қ.ж.с.б. 4-5 ғасырларда атқарып, әлемдік қауымдастыққа өлшеусіз еңбек сіңірді.

Бируни өз зерттеулерінде, әсіресе Үндістанға қатысты зерттеуінде ерекше тәсіл қолданған. Ол өз кітабында  халықтың наным-сенімі, діни сенімдер, тіл мен сөздер және олардың түрлі мағыналармен байланысы, сиқыршылық, пұтқа табынушылық, ұлттардың бөліну себептері, дәстүр мен әдет-ғұрыптар, үйлену салты мен заңдары, ұлттар мен қауымдардың табиғи географиясы сияқты тақырыптарды аса ыждаһаттылықпен зерттеген. Ол кез келген тақырыпты зерттегенде практикалық көзқараспен қарап талдаған. Мысалы,  үнді қоғамының әлеуметтік топтарын зерттегенде олардың әрқайсысының функциясы мен пайдасы және олардың діни бастауы туралы жазған. Үйлену туралы зерттегенде де үйленудің функциясын баяндап, үнді қоғамында «харам» деп танылған істерді талдағанда оларға діни түсініктеме беріп, қолданыс аясын баяндаған.

Бирунидің этнография саласында жақсы нәтижеге жете алуының маңызды себептерінің бірі – оның парсы тілімен бірге сириялық, араб және иврит тілдерін санскрит тіліндей жақсы білгендігі. Ол санскрит тілін жетік білгендігі соншалықты, астрономия саласындағы көптеген кітаптарды санкрит тілінен араб тіліне және керісінше аударған. Ол осы тәсіл арқылы мұсылмандарды үнді ғылымымен таныстыруды, мұсылмандардың мәдениеті мен әдебиетін  үнділер арасында таратуды мақсат тұтқан. Өкініштісі, Әбу Райхан Бирунидің осы саладағы еңбектерінің көбі моңғол шапқыншылығы кезінде жойылып кетті.  

Бируни көптеген ғалымдар және әдебиетшілермен замандас болған. Солардың ішінде Әбу Әли Сина да бар еді. Ол Бирунимен үнемі хат алмасып, түрлі тақырыптар жөнінде пікір алмасқан. Бүгінде осы хаттардың тек бір бөлігі сақталып қалған. Бируни өмір бойы зерттеумен айналысқан. Оған әрбір сәт құнды еді. Ізденімпаз рухқа ие Бируни жылына екі-ақ күн өзіне демалыс берген: Наурыз және Меһрган (ирандықтардың ежелгі мерекелері).

Бүгінде Әбу Райхан Бируни әлемнің ғылыми орталықтары мен университеттерінде танылған тұлға болып саналады. Одан кейін жүздеген ірі ғалым түрлі таңғажайып жаңалықтар ашса да, британдық шығыстанушы әрі зерттеуші Смит сияқты ғалымдардың мойындауынша,  тіпті Еуропа өзінің таңғажайып ғылыми дамуында Бируниге қарыздар. Әлі күнге дейін  маңызды мәдени және ғылыми орталықтар мен университеттердің көбі Әбу Райхан Бирунидің ғылыми тәсілдерін қолданады. Мұнымен қоса, Бируни адамтану және үндітану ғылымының атасы деп танылған. Оның ең маңызды кітаптары мен трактаттары әлемнің маңызды кітапханалары мен мұражайларда сақталуда. Олардың көбі латын, неміс, ағылшын, француз және орыс тілдеріне аударылған.  Және әрқайсысы бірнеше мәрте жарық көрді. Бирунидің ең маңызды еңбектерінің қатарына  «Асар ул-бағие», «Тәһқиқ Малелхенд», «Масуди заңы» (астрономия туралы), «әл-Джамаһер фи муарефе ул-джауаһер», «Әс-сейедене фит-тәб» еңбектерін жатқызуға болады.

Тегтер