Қазақстандағы Рамазан айы
(last modified Sat, 17 Apr 2021 17:31:01 GMT )
Сәу 17, 2021 23:31 Asia/Almaty

Бұл бағдарламада Қазақстанда Рамазан айында орындалатын әдет-ғұрыптармен таныстырамыз.

Қазақстан – Орта Азияда орналасқан ел. Астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы. Қазақстанда 19 млн халық бар. Халықтың 70 пайызы, яғни 11 миллионы – мұсылман.

Тарихшылар мен зерттеушілердің сенімінше, Орта Азияда исламның таралуына себеп болған оқиға – 751 жылы орын алған Талас соғысы. Ол кезде Түркеш қағандығының түрік тайпалары (Батыс Түрік қағанатының жалғасы) Аббасилер халифаты күштерімен бірігіп, Қытайдың Тан империясының әскерін жеңді. Бұл жеңіс Тан империясының батыстағы жерлерге басқыншылық жасауына тосқауыл қойды. Сөйтіп 10 ғасырдың аяғында ислам дінінің Жетісу мен Сырдария аймағындағы отырықшы халық арасында тамыр жаюына себеп болды. Қазақстан халқы кезең-кезеңмен исламға бет бұрды. Бұл үдеріс бірнеше ғасырға созылды. Алдымен Қазақстанның оңтүстігіндегі қала тұрғындары, содан соң егіншілер исламға бет бұрды. 19 ғасырда ислам діні қазақ халқының ұлттық болмысының бір бөлігіне айналды. Қазақтар өз еріктерімен исламды қабылдады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының статистикасына сәйкес, бұл елде 11 млн мұсылман бар, бұл халықтың 70 пайызын құрайды. Соның ішінде қазақ, өзбек, ұйғыр, дүнген, тәжік, қырғыз, түркімен, татар, башқұрт, солтүстік кавказдықтар мен әзірбайжан бар. Соңғы жылдарда мешіттер көбейіп, мұсылмандар жамағатпен ғибадат ету бағдарламаларына, соның ішінде жамағат намазы, жұма намазы, діни мейрамдарға қатысып, жеке өмірде діни дәстүрлерді бұрыннан да көбірек сақтауға тырысып жатыр.

Мен қазақстандықпын. Нұр-Сұлтан қаласында өмір сүремін. Қаланың бұрынғы аты – Астана. Рамазан айында мұсылмандар мешіттерге көп баратынын көруге болады. Бұл айда халықтың ауызашар жасауға ынтасы артады. Діни сарапшылардың айтуынша, біздің елде жыл сайын ораза ұстаушылар саны 4-5 пайызға  артып келеді. Олардың арасында тек жастар мен жасөспірімдер ғана емес, бұрындары ораза ұстамаған, бірақ қазір ораза ұстап жүрген орта жастағылар да бар. Олардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. 

Қазақстанда  «Бірінші рет ораза ұстадым» деген сөйлем жиі айтылады. Бұл елде соңғы жылдарда 60-қа тақап қалған адамдардың бірінші рет ораза ұстап жатқанын көруге болады. Басқа елдерде «бірінші ораза» тіркесі балалар мен жасөспірімдерге қатысты. Айта кетерлік жайт, Қазақстан мен Орта Азияның басқа елдері 70 жыл коммунистердің қол астында болды. Ол кезеңде шариғат заңын ұстану және намаз оқу қылмыс саналып, үкімі өлім болған. Бұл елдерде миллиондаған адам діни сеніміне берік болғаны үшін өлтіріліп, мыңдаған мешіт қиратылды.

Қуанышымызға орай, бүгінде Қазақстанның түрлі қалаларында ислам дінінің әдет-ғұрыптарын орындауға ынта артып келе жатқанын көруге болады. Кәрі мен жас, әйел мен еркек демей бәріміз бар болмысымызбен діни рәсімдерге қатысамыз. Діни мейрамдар мен аза тұту рәсімдерінде, Рамазан айы, Ораза айт, Құрбан айт, басқа да діни мейрамдарда Құран аяттарын оқу арқылы ислам дінін таратып, оның негіздерін бүкіл елде нығайтамыз. Қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 2570 мешіт жұмыс істейді. Кеңес заманында елде тек 63 мешіт ашық болған.   

Қазақстанда Рамазан айы өте жақсы қарсы алынады. Бұл ай ізгілік, береке, достық, махаббат пен көмек көрсету айы болып саналады. Бір-бірін кешіру, өкпе-ренішті жою және татуласу Қазақстандағы осы айдың айшықты ерекшеліктерінің қатарына жатады. Бұл айда Қазақстанның барлық мешіттерінде ауызашар беріледі. Елде тіпті христиандар ораза ұстағандарға ауызашар береді. Қазақстан халқының Рамазан айына құрмет көрсетіп, достық нышанын білдіретін маңызды нәрсе – бір-біріне көмектесу. Мысалы, Қазақстанның кейбір қалаларында әсіресе Қадір түндерінде ораза ұстағандарға тегін автобус қызмет етеді. Сондай-ақ елдің дінбасылары кәсіпкерлер мен саудагерлерден осы айда басты азық-түліктердің бағасын түсіруді сұрайды.

Рамазан айында орындалатын дәстүрлердің бірі – Жарапазан. Балалар мен жасөспірімдер Рамазан айы басталуға бірнеше күн қалғанда және Рамазан айының алғашқы бірнеше күнінде түстен кейін әндетіп, осы қасиетті айдың келгенін жар салады. «Жарапазан» қазақ және басқа да түркі тілінде «жар салу, хабарлау» деген мағына береді. Осылайша халыққа Рамазан айының келгені хабарланады.

Бірнеше бала мен жеткіншектен тұратын топтар үйлердің алдында домбыра немесе гармон сияқты музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен «Жарапазан» әнін айтады. Үй иесі шын ниетімен сыйлық ретінде балаларға  тәтті-дәмді немесе ақша береді.

Мен бала кезімде Рамазан айының келуін тақатсыздана күтетінмін. Өйткені Жарапазан мен сияқты балалар үшін қуанышты оқиға еді. Біз шағын топ құрып, үйлердің алдына барып, жарапазан айтатынбыз. Қазақтар «Джа Рамазанды» (арабша «Рамазан келді») «Жарапазан» деп айтады. Үй иесі әнге қуаныш білдіріп, бізге тәтті тағамдар беретін. Үлкендер бізге қолдау білдіріп, бізді Рамазан дастарханының басына шақыратын. Олар жарапазанды қатты дауыстап айтыңдар деп бізді ынталандырып, тәттілерін аямай беретін. Бала кездегі қиялымызда Рамазан айы шаттық, берекет, бейбітшілік пен әл-ауқаттың нышаны болды. Сол үшін бұл ай біздің жадымызда өте әдемі естелік болып сақталып қалды. Біз қазір өсіп, жанұя құрғаннан кейін өз балаларымызды осы мәдениет пен әдет-ғұрыптар негізінде тәрбиелейміз, сөйтіп олардың да балалық шағында қуанышты естеліктер қалуына және ислам діні мен Рамазан айы әдет-ғұрыптарымен танысуына жағдай жасаймыз.

Қыз балалар да, ұл балалар да жарапазан айтады. Жарапазан дауысы жоғары болған сайын үй иесі көбірек ризалық білдіріп, балаларды жақсырақ күтеді. Осындай реакция білдіру арқылы үлкендер Рамазан айына ыстық сезімдерін білдіретін. Біздің балалар жарапазан айту арқылы поэзия мен өлең оқу әлеміне аяқ басады. Бұл рәсім балалардың дарыны мен бейімін анықтауда үлкен рөл атқарады.

Менің поэзия мен прозаға деген қызығушылығым бала кезімде осындай рәсімнен басталды. Жарапазан кемінде жеті үйдің алдында айтылуы тиіс. Жарапазаннан кейін кейбір қарттар мен егде адамдар намаз оқып, біздей балаларды жандарына жинап алып, қазақ халқының көне аңыз-әңгімелері мен эпикалық поэмаларын баяндап беретін. Онда батырлық, шыншылдық және денсаулық туралы айтылатын. Бұлардың бәрі Рамазан айының тартымдылығын арттыра түседі. Жарапазан – қазақ халқының ұлттық өнерінің жауһарларының бірі.

Қазақтардың ауызашар дастарханында міндетті түрде құрма, нан, салат, шай, су, қымыз бен шұбат сияқты сусындар, ет тамақ, қуырдақ, сорпа, манты сияқты тағамдар мен түрлі көже қойылады.

Қазіргі өркениетті қазақтар Рамазан айының басталуын және Қадір түндерінің келуін асыға күтеді. Біз Қадір түндерінде Құдай біздің барлық күнәларымызды кешіреді деп сенеміз. Қадір түнінде таңға дейін ұйықтамай, күнәларымыздың кешірілуін сұрап дұға оқимыз. Менің қалам Нұр-Сұлтанда Қадір түні үйге қонақ шақырып, біріге дұға және Құран оқумен өткізіледі.

Рамазан айынан кейін Ораза айт та келеді.

Қазақтар Ораза айт кезінде бір-бірін айтпен құттықтайды, жаңа киім киеді, қайтқан адамдардың рухын шаттандыру үшін дәстүрлі нандар – бауырсақ пен шелпек пісіреді. Кейбіреулері қуырдақ пісіреді.

Ораза айт күні дастарханға тәтті-дәмділер, кептірілген жемістер, кәмпит, салат пен бал қоямыз. Бізде қонақ біткеннен кейін дастархандағы тәтті-дәмдіні бөлек целлофандарға салып, қонақтардың қолына ұстатып, үйде қалған адамдарға беріп жіберетін рәсім бар. Әсіресе бауырсақ пен шелпек салып береміз. Қазақтардың сенімінше, наннан көп адам ауыз тисе, қайтқан адамдардың рухы қуана түседі. Сондай-ақ бізде Ораза күні жеті үйге кіріп, айттау рәсімі бар. Біз бұл айда жетімханаларға барып, балаларға киім-кешек пен ойыншық апарамыз. 

Мұсылман қазақтар басқа мұсылмандар сияқты намаз оқып, пітір садақа береді. Пітір садақаның көлемін Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы анықтайды. Рамазан айы қайырымдылық жасап, садақа беріп, басқаларға көмек беру айы ретінде танылған. Қазақстан халқы осы айда көбірек садақа беріп, шамасы келгенше туған-туыс пен жақындарды ауызашарға шақыруға тырысады.