Сәу 14, 2022 15:02 Asia/Almaty
  • Рамазан – мүмкіндіктер айы (11)

Қасиетті Рамазан айының он бірінші күні өтті.

Қасиетті Рамазан айының он бірінші күні өтті. Илаһи нығмет дастарханы басында рухымызды нәрлендіріп отырғанымызға он күннен асты. Теңіздегі балықтай судың қадірін білмей қалып жүрмейік. Рамазан – бізді қоршап тұрған өмір суы. Оның бізге жақындығы соншалықты, оны ұмытып кетеміз бе деп қорқамыз. Кейде илаһи нығметтерге тым жақын болу бізді одан қапы қалдырады. Деніміз сау кезде денсаулықтың қадірін білмейміз, ауырған кезде ғана оның қандай үлкен нығмет екенін түсінеміз. Рамазаннан қапы қалмайық. Уыстан шығарып алғанда ғана көзіміз ашылып жүрмесін.

Рамазан дүниедегі барлық заттар, соның ішінде біздің іс-әрекетіміз сияқты ішкі және сыртқы сипатқа ие. Сырттай қарағанда Рамазан – 29 немесе 30 күннен тұратын жыл айларының бірі. Барлық айларда Күн шығыстан атып, батыста батады. Бірақ Рамазан айының ішкі сыры – мүлде бөлек әлем. Рамазан айының бір өзі – бір жыл.  Өйткені адамның бір жылдық тағдыры осы айда айқындалады. Рамазан айы бұдан да жоғары. Өйткені барлық кездердің арасынан Алла бұл айды Құран аяттары мен илаһи уәһиді түсіруге, өз құлдарымен сөйлесуге таңдады.

 

Рамазан адамның өз-өзін жасау айы екенін сан рет естідік. Бұл айда жүректер күнәдан тазартылады, Аллаға махаббаттан басқаның бәрінен босатылады. Бірақ бұл іс қалай атқарылады? Нәпсіні ауыздықтау және жүректі күнәлардан тазарту оңай іс емес. Кез келген адам бұл істі сәтті орындай алмайды. Бірақ Рамазан айында бір құпия бар. Соны түсіну бізге осы ірі мақсатқа жетуге көмектеседі. Бұл құпия Рамазан айының Құран аяттарын түсіруге таңдалғандығында жатыр.

Алла тағала Құранда адам нәпсісін тазарту туралы айтқанда оны Құран аяттарының түсірілуі және оның тағылымын үйренумен байланыстырған. «Бақара» сүресінің 129-шы және 151-ші аяттарында, «Әли Имран» сүресінің 164-ші аятында және «Жұма» сүресінің 2-ші аятында былай делінген: Алла тағала пайғамбарларды  Алланың аяттарын халыққа жеткізу, аяттардағы ілім мен хикметті оларға үйрету және нәпсілерін тазарту үшін жіберді. Демек, Құран аяттары түскен айда қасиетті кітапты оқып, ондағы ілім мен хикметті үйрену нәпсіні тазартумен тығыз байланысты. Рамазанды «Құранның көктемі» деп атайды. Мүміндер осы көктемнің әрбір күні Құранның бір бөлігін оқып, аяттары жайлы тереңдей ойлауға тырысады. Құран оқып, ойлану бізге нәпсіні ауыздықтап, күнәлардан тазаруға көмектеседі. Алланың уәдесі бойынша, нәпсісін жеңген әрбір адам қайта тіріледі (قَد اَفلَحَ مَن تزکَّی). Ол ешқашан өз уәдесін бұзған емес. Біздің күнәларымызды жоюға қабілетті жалғыз құдірет – Құдай. Құмырсқадай болмысымызды жеп, оны күн сайын кедейлендіре түсетін күнәлар тек қана Алланың құдіретімен жойылады. Құранның түскені – құт-береке мен рақымшылық. Алла тағала Рамазан айын бізге сыйлады. Сол арқылы біз өз күнәларымыздан тазара аламыз. Егер Алланың мұндай рақымы болмаса, ешқашан өзімізді Аллаға арнай алмас едік. 

«وَ لَوْلَا فَضْلُ اللَّهِ عَلَیْکُمْ وَ رَحْمَتُهُ مَا زَکَى‏ مِنکُم مِّنْ أَحَدٍ أَبَدَاً وَ لَکِنَّ اللَّهَ یُزَکِّى مَن یَشَآءُ وَ اللَّهُ سَمِیعٌ عَلِیمٌ‏»

Әй мүміндер, шайтанның басқан іздерін баспаңдар. Кім шайтанның іздеріне ерсе, күдіксіз ол, ұятсыздықты, жамандықты меңзейді. Егер сендерге Алланың игілігі, мейірімі болмаса еді, ешбіреуің әсте ағармайтын едіңдер. Бірақ Алла қалаған құлын ағартады. Алла әр нәрсені естуші, білуші. (21)

Бағдарламаның осы бөлігінде оразадағы ниеттің маңыздылығы жайлы сөз қозғаймыз. Сіздердің назарларыңызды осыған қатысты құнды мәселелерге аударамыз. Ораза басқа ғибадаттар сияқты ниетпен қатар жүруі керек. Яғни адамның ішіп-жеу және оразаны бұзатын басқа да заттардан бас тартуы Алланың бұйрығын орындау үшін болуы керек. Адамның ораза ұстауға бел байлауының өзі жеткілікті. Оны ауызша айтудың қажеті жоқ. Адам Рамазан айының әрбір түнінде келесі күні ораза ұстауға ниет етеді. Бірақ Рамазан айының бірінші түні бүкіл ай бойы ораза ұстауға ниет еткені дұрыс.

Оразада ниеттің маңыздылығы соншалықты, Рамазан айында таңғы азан жеткен кезде әдетте ораза ұстауға ниет етпеген адам егер күндіз ораза ұстауға ниет етсе, оразасы бұзылған болып саналады. Бірақ сол күннің кешіне дейін оразаны бұзатын барлық нәрселерден бас тартуы керек. Рамазан айынан кейін сол күннің қаза оразасын ұстауы тиіс.  Сондай-ақ, егер адам Рамазан айынан басқа уәжіп оразасы, соның ішінде кафаре немесе қаза оразасы үшін түске дейін ниет етпесе, бірақ сол уақытқа дейін оразаны бұзатын ештеңе жасамаса, ниет ете алады. Оның оразасы түзу саналады. Егер адам ауырып, ораза ұстай алмаса, ештеңе етпейді. Рамазан айында күндіз жағдайы жақсарса да, сол күні ниеттеніп ораза ұстаудың қажеті жоқ. Бірақ егер түске дейін оразаны бұзатын амалдар жасамаса, сол күні ниеттеніп ораза ұстауы керек. Бірақ Рамазан айынан кейін бір күні қаза оразасын ұстауы тиіс.

Бір күні біреу Ислам пайғамбары (с.ғ.с.) алдына барып: «Ей, пайғамбар! Құдай бізге жақын ба? Мен ақырын әрі жайлап Оған сыйына аламын ба? Әлде алыс па? Оны қатты дауыстап шақыруым керек пе?»-деп сұрады. Пайғамбар жауап беремін деп ауызын ашқанда оның жүрегіне аят түсіп, барлық дәуірлердегі құдайшылдарға осы сұрақтың жауабын берді. Алла тағала «Бақара» сүресінің 186-аятында: «(Мұхаммед Ғ.С.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді».

Бұл айда Алла дастарханының қонағымыз. Осы айда имамдар мен әулиелердің өмір жолы жайлы оқу қасиетті айдың маңыздылығын бізге одан ары айқындай түседі. Ислам пайғамбары хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) Рамазан айының туғанын көргенде құбылаға қарап тұрып, Алладан қауіпсіздік пен денсаулық сұрайды. Алладан намаз, ораза мен Құран оқуға көмектесуді сұрайды. Бұл айда пайғамбардың жақсылығы мен кешірімі артатын. Пайғамбар осы айда ауыз бекіткен адамдарға ауызашар беретін. Рамазан айы келген кезде пайғамбар мұқтаж жандарға бұрыннан да көбірек көңіл бөліп, мейіріміне бөлеген. Пайғамбар халыққа «Рамазан айында Құран көп оқыңыздар» деп кеңес берген. Ол Рамазан айының үшінші он күндігінде өз төсегін жинап, ғибадат етуге мықтап бел байлаған. Бір күні «Рамазан айындағы ең жоғары амал не?» деп сұрағанда ол: «Бұл айдағы ең жақсы іс – Алла тыйым салған істерден бас тарту. Яғни адам Алла тыйым салған істі істемеуі керек»,-деп жауап берген.    

Пайғамбар (с.ғ.с) Рамазан айында зор махаббатпен ғибадат еткен. Ол мешітте шатыр тігуге бұйрық беріп, төсегін жинап, өзін ғибадат етуге арнаған.  Ол Абузар Ғафариға былай деген: «Ей, Абузар! Алла тағала намазды менің сүйікті ісім қылды. Тамақты аш адамға, суды шөлдеген адамға сүйікті еткендей. Аш адам тамақ ішкен кезде тояды. Шөлдеген адам су ішіп шөлін қандырады. Бірақ мен намазға тоймаймын (وَاَنا لااَشْبَعُ مِنَ الصّلاةِ) ».  

Пайғамбардың өмір жолы – рухани биік өмір үшін жасампаз үлгі. Қайта тіріліп, бақытқа жеткісі келетін әрбір адам осы ұлы тұлғаның өмір жолына қарап, соны үлгі тұтқаны абзал. Алла тағала Құран Кәрімдегі «Ахзаб» сүресінің 21-ші аятында «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін; Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» деген.

 

Ей, Алла! Мұхаммед (с.ғ.с.) пен оның әулетіне сәлем жолдап, жүрегімізге осы айдың ұлылығы мен қасиетін білу нұрын шашып, осы күндерде барымызды сенің ризалығың жолында пайдалануымызға көмектес, ешбір бос сөзге құлақ түрмейтіндей, көзіміз бос нәрсеге қарамайтындай, қолымыз харам дүниеге ұмтылмайтындай.   

Тегтер