Сирия дағдарысының көкжиегі: Сирияның қазіргі саяси және майдандық жағдайы
Сирия әскері мен оның одақтастары 2017 жылдың екінші жартысында лаңкестік басқыншы күштерге қарсы үлкен жеңістерге қол жеткізді.
Осы жеңістер негізінде Сирияның қазіргі майдандық жағдайын сараптау, оның көкжиегіне көз жүгірту, сондай-ақ, аймақтық және трансаймақтық ойыншылардың ұстанымдарын талдау аса маңызды болып табылады. Бүгінгі бағдарламамызда Сирияның қазіргі майдандық жағдайын талқылайтын боламыз.
1. Сирияның майдандық өзгерістері
Сириядағы соғыс осы ел жүйесі мен оның одақтастарының пайдасына қарай жылдам ілгерілеп келеді. Ресейдің Қорғаныс министрлігінің айтуынша, 2017 жылдың қазан айына дейін Сирия жерінің 92 пайызы ДАИШ лаңкестерінің басқыншылығынан азат етілді. Жуырдағы жеңістерде Сирияның солтүстігіндегі ДАИШ халифатының орталығы болған Ракка қаласы басым бөлігін күрдтер құрайтын Сирияның демократиялық күштерінің көмегімен азат етілді. ДАИШ-ке қарсы халықаралық коалицияның америкалық ақпарат хатшысы Райан Дилан қазан айының он жетісі күні: "Біздің мәліметтерге сәйкес, қазір Ирак пен Сирия жерінде ДАИШ-тің6500 жендеті ғана қалды. Бұл топтың күш-құдіреті шарықтау шегіне жеткен кезде бұл жерде 30 мыңнан астам күш болған" деп мәлімдеді.
Дэйр эз-Зоур облысында да "ДАИШ-тің Сирияның шығысындағы базасы" деп аталған әл-Майадин стратегиялық қаласы менстратегиялық маңызға ие Абу-Камал аймағы мен мұнайлы аймақтарды азат етіу басты бағдар етіп қойылған болатын. Абу-Камал аймағы осы аймақтағы шекаралық өткізу бекетінен Ирактың Хашд әш-Шааби күштерін Сирияға қарай өткізу және лаңкестер үшін соғыс алаңын тарылту тұрғысынан маңызды болып табылады. Алайда Сирия әскерінің Абу-Камалда жеңіске жетуіне кедергі АҚШ келтіруде. Осындай жағдайда Сирияның әскери күштері мен оның одақтастары Дэйр эз-Зоурдағы мұнай өндіру аймақтарын азат етуді де көздеп отыр. Бұл күштер Сирияның ең ірі мұнай алаңы ән-Амрды азат етуге жақындап қалды.
Сирия әскери күштері мен оның одақтастарының алдында тұрған маңызды амалдардың бірі – Хомс облысындағы әт-Танф аймағын азат ету. Бұл аймақты азат ету басқа аймақтарға қарағанда қиынға соғады. Себебі, Сирия, Ирак пен Иордания елдерінің шекараларының тоғысқан жері саналатын әт-Танф шекара аймағында "Сирияның жаңа әскері" тобының лаңкестері орныққан. Ал АҚШ пен Еуропаның тілінде бұл күштер "ұстамды" деп аталып, Батыстың қолдауына ие болып отыр. Сирияның жаңа әскерінің 5000-нан астам күші бар. Олар Иордания жерінде америкалықтар және британиялықтар тарапынан жаттықтырылып жатыр. Бұл күштер бір жағынан Иорданияны ДАИШ лаңкестерінен қорғаса, екінші жағынан, Сирия әскерінің Ирак пен Иордания шекараларына қарай ілгерілеуіне тосқауыл болады.
Сириядағы ең мықты лаңкестік топ саналатын әрі мүшелерінің басым бөлігін шетелдіктер құрайтын ән-Носрат тобы – Идлиб облысындағы ең ықпалды ұйым. Бірақ, ән-Носрат ДАИШ сияқты адам күші мәселесімен бетпе-бет келді. Жуырда АҚШ ән-Носрат тобының Сириядағы химиялық қаруларды қолданғанын мойындады.
Түркияның шекараларында орныққан Сирияның ерікті әскері Түркияның Барлау ұйымы және АҚШ-тың Орталық Бақылау басқармасы тарапынан қолдау көріп отыр. Бірақ, ерікті әскер қазіргі кезде аса ықпалды емес.
Жалпы алғанда, Сирияны лаңкестерден азат ету әрекеттерінің қарқыны күшейіп, соңғы кезеңіне таяп қалды. Алайда, ел шынайы қауіп-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл қауіп-қатер аймақтық және трансаймақтық ойыншылардың Сирияға қатысты стратегияларының өзгеруі салдарынан пайда болды. Бұл стратегиялар "бөлуден" "автономиялы құрылымдарды құруға" қарай өзгерді. Бәрінен бұрын АҚШ көздеп отырған жаңа стратегияда Сирияның орталық үкіметін әлсірету, түрлі қауымдарға көбірек еркіндік беру және сионистік режимнің қауіпсіздігі сияқты мәселелер назарға алынған.
2. Саяси өзгерістер
Саяси алаңда Астана мен Женева отырыстарын ілгерілету жолдары ең басты мәселе болып отыр. Қазан айының отызы және отыз бірі күндері Қазақстанның бас қаласында Астана отырысының жетінші кезеңі өтеді. Келіссөздердің осы кезеңінде бітім келісімін біртіндеп тарату және Сириядағы текетірестерді азайту мәселелері көтеріледі. Қыркүйек айының он төрті және он бесі күндері өткен осы келіссөздердің алтыншы кезеңінде бітім келісіміне кепілдік беретін үш ел – Иран, Ресей мен Түркия Идлиб, Латакия облыстарының бөліктері, Халаб пен Хама, Дара мен Қанитара, Хомс облысының кейбір бөліктері және Дамаск пен оның шығыс аудандарын қамтитын текетірес азайған төрт аймақ құру туралы келісім жасалып, осы аймақтарда бітім келісімін қадағалау үшін әскери күштер де орнатылды.
3. Сирияны қалпына келтіру
Сирия өзгерістерінің үшінші қыры ДАИШ лаңкестерінен азат етілген аймақтарды қалпына келтіруге байланысты. Осы аяда "әл-Араби әл-Джадид" ақпарат сайты 2017 жылдың қазан айының жиырмасы күнгі бір мақаласында былай деп жазды: "Шамамен бір миллион тұрғын үй мен бір миллион тағы басқа маңызды ғимараттарды жөндеуден өткізу қажет. Сонымен қатар мектептер, емханалар, ауруханалар мен үкіметтік ұйымдар, зауыттар, жеке және үкіметтік компаниялар, жолдар, электр қуаты желілері, су құбырлары мен басқа да инфрақұрылымдарға зарар келтірілген. Ғимаратқа келтірілген зарармен қатар, үкіметтік және жеке компаниялар мен ұйымдардың құрал-жабдықтары соғыс кезінде қиратылған немесе ұрланған. Осы жылдар бойы соғысып жүрген жүздеген мың азаматтың қару-жарақтарын жою, сондай-ақ, шетелдердегі 6 миллион, елдегі 6 миллион сириялық босқынға баспана беру үшін қаражат қажет. Осындай жағдайларға байланысты Сирияны қалпына келтіру үшін бірнеше миллиард, тіпті ондаған миллиард доллар де жетпейтін тәрізді. Тіпті, Сирияны қалпына келтіру үшін жүздеген миллиард доллар қаражат қажет деп есептелді".
Осындай жағдайда, Әлемдік банк 2016 жылы Сирияны қалпына келтіруге кететін шығынның мөлшерін 200 миллиард доллар деп болжап, оны қамтамасыз етудің қиынға соғатынын айтты. Ең маңыздысы, Сауд Арабиясы, АҚШ және кейбір еуропалық елдер Сириядағы соғыс жылдары лаңкестік топтарды барынша қолдап, қазір енді Сирия соғыстың аяқталуына жақын қалған кезде осы елді қалпына келтіруге көмектесу үшін әзірлігін мәлімдеп отыр. Бұл да саясат әлемінің ащы бір әжуасы...