Қаз 22, 2017 23:09 Asia/Almaty
  • Трамптың «Ортақ қадам» бағдарламасына қарсы іс-әрекеттері – Еуропа мен АҚШ текетіресінің жаңа алаңы

АҚШ президенті Дональд Трамптың қазан айының он үші күні Иранның «Ортақ қадам» бағдарламасына берік болмауы және бұл мәселенің АҚШ Конгресінде қарастырылуы туралы сөздері Еуропаның теріс реакциясын тудырды.

Трамп «Ортақ қадам» бағдарламасына қатысты көзқарасын мәлімдеп, өз елінің Иранға, соның ішінде, Ислам револциясының Сақшылар корпусына қарсы санкция салу туралы стратегияларын баяндады.

Трамп өзінің пікірінше «Ортақ қадам» ядролық келісімінің Иранға қатысты тым жұмсақ екенін және Иранның ядролық қару бағдарламасын кеңейту талпыныстарына кедергі бола алмайтынын айтты. Трамп бұрын да өзінің әдеттен тыс сөздерінде «Ортақ қадам» келісімін АҚШ-ты жерге қарататын ең жаман келісім деп атап, ол туралы келіссөздердің аяқталмағанын қуаттады. Трамптың «Ортақ қадам» келісіміне қарсы ұстанымдары тіпті оның кейбір көмекшілері мен АҚШ-тың кейбір жақын одақтастарының, әсіресе Ұлыбританияның алаңдаушылығын тудырып отыр. Керісінше, еуропалық үш ірі мемлекет ортақ мәлімдеме арқылы Трамптың «Ортақ қадам» туралы ойланбай айтылған ұстанымдарына қатысты алаңдаушылық білдірді. Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мей, Германия канцлері Ангела Меркель мен Францияның президенті Эммануэль Макрон  осы мәселені қайта қарау қажеттігін баса айтты. Осы үш қайраткердің ортақ мәлімдемесінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарар бойынша бірауыздан ядролық келісімді қолдағаны келтірілген. Атом Қуаты Халықаралық Агенттігі де бірнеше рет Иранның «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына беріктігін өзінің ұзақ мерзімді қадағалау және тексеру бағдарламасының нәтижелеріне сүйеніп қуаттаған болатын. Осы үш мемлекет Америка Құрама Штаттарының үкіметі мен Конгресінен «Ортақ қадам» бағдарламасы күшінің әлсіреуіне себеп болуы мүмкін кез келген әрекет, соның ішінде, осы келісім негізінде күші жойылған санкцияларды Иранға қарсы қайта жүзеге асырмас бұрын оның салдары туралы ойлануды сұрады.

Бұл мәлімдеме АҚШ президентінің Иранға қатысты стратегиялары жайлы сөздерінен кейін жарияланды. Онда үш ел басшыларының Трамптың Иранның «Ортақ қадам» келісіміне беріктігін қайтадан қуаттаудан бас тартуы және осы мәселені Конгреске жеткізуі туралы хабарды естігеннен кейін бұл әрекеттің ықтималды салдарларына қатысты алаңдаушылықтары жарияланды. Сонымен қатар үш елдің басшылары өздерінің «Ортақ қадам» келісіміне беріктігін және оның тарауларының үш ел тарапынан толығымен орындалып жатқанын мәлімдеп, аталмыш келісімді сақтап қалуды ұлттық қауіпсіздікке қатысты ортақ мүдделердің бірі деп атады. Ұлыбритания, Германия мен Францияның айқын ұстанымдары мен Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могеринидің «Ортақ қадам» келісімін қолдауға қатысты мықты ұстанымы Еуропа мен АҚШ арасындағы келіспеушілікті тағы айқындап отыр. Шын мәнінде, Трамптың осы келісімге қатысты теріс ұстанымы мен оның халықаралық шарттың күшін жою бағытындағы әрекеттері осы елдің бәсекелестері мен Ресей және Қытай сияқты дұшпандарының сын-пікірлерін тудырумен қатар, Тынық мұхитының екі жағындағы елдердің арасындағы қашықтықтың алшақтай түсуіне себеп болды. Трамптың «Ортақ қадам» келісіміне қарсы ұстанымы еш жағдайда Вашингтонның одақтастарының келісіміне ие болмайды. Еуропа істері жөніндегі маман Аднан Табатабаидің айтуынша, Трамп Еуропа мен АҚШ арасындағы қашықтықты ұлғайтып отыр.

Еуропа одағы мен еуропалық алпауыттар ғана емес, ядролық мәселелер мен қару-жарақтарды таратуға тыйым салу саласындағы батыстық таңдаулы мамандар да «Ортақ қадам» келісіміне қатысты Трамптың сөздеріне қайшы ұстаным білдіріп отыр. 2017 жылдың қыркүйек айында ядролық қару-жарақтарды таратуға тыйым салу бөлімінің 80-нен астам маманы бір хатта Иранның ядролық келісімінің тиімділігін қуаттаумен қатар, АҚШ президентінен аталмыш келісімнің күшін жою туралы пікірін қайта қарауды сұрады. Бұл мамандар АҚШ-тың Иранға қатысты жалған уәждерге негізделген біржақты әрекетінің тек АҚШ-тың өзін ғана оқшауландыратынын ескертті. Осы мәлімдемеге қол қойғандар әлемнің жер-жерінен жиналған ядролық қаруларды таратуға тыйым салу саласының дипломатиялық бөлімінің мамандары болды. Олардың арасында Жапонияның Атом энергиясы комиссиясының төрағасы Нобуассо Абе, Атом Қуаты Халықаралық Агенттігінің бұрынғы директоры Ганс Бликс, АҚХА-нің бұрынғы шарттарының бір мүшесі Томас Шии, АҚШ Мемлекеттік департаментінің халықаралық қауіпсіздік және ядролық қаруларды таратуға тыйым салу басқармасының бұрынғы директоры Томас Кантерманның есімдері кездеседі. Бұл мәлімдеме Вашингтонда Қару-жарақтарды бақылау ассоциациясы тарапынан әзірленді.

Трамп билікке келгеннен бастап оның ұстанымдары мен іс-әрекеттері көптеген жайттарда еуропалықтардың наразылықтары мен ашу-ызасын тудырып келеді. Трамптың Париж климат туралы келісімнен шығуы туралы ұстанымы, оның Еуропа одағы мен АҚШ арасында еркін сауда туралы келісімге қол қоюдан бас тарту және АҚШ басшысының НАТО-ның еуропалық мүшелерінен әскери бюджетті арттырып, НАТО-дағы үлесін арттыру туралы бірнеше рет сұраныс жасауы – Еуропа мен АҚШ арасындағы қашықтықтың ұлғаюына себеп болған жайттар. Алайда, қазір Еуропаның пікірінше, Иранның ядролық мәселесін шешу аясында қисынды әрі  сындарлы келісім болып табылатын «Ортақ қадам» бағдарламасына Трамптың қарсылық білдіруі Еуропа мен АҚШ арасындағы текетіресті тағы да айқындай түсті.  Еуропалықтардың ойынша, «Ортақ қадам» келісімі Иранның ядролық бағдарламасының әскери мақсаттарға қарай ауытқымайтындығына қатысты сенім тудыру жолында жасалған маңызды қадам әрі 13 жылға созылған дипломатиялық талпыныстардың жемісі болып табылады. Сонымен қатар, Трамптың Иранның «Ортақ қадам» келісіміне беріктігін растаудан бас тартуы АҚШ-тың бір жаққа, ал келісімнің қалған тараптарының басқа жаққа шығуына себеп болады. Шын мәнінде, Еуропа одағы «Ортақ қадам» келісімін Иранның ядролық бағдарламасын бақылау шеңбері санайды, ал Трамптың ойынша, «Ортақ қадам» бағдарламасы Иранның ядролық келісімін қатаң түрде бақылап, шектеумен қатар, АҚШ-тың басқа да алаңдаушылықтарын, соның ішінде, Иранның зымырандық бағдарламалары мен аймақтық іс-әрекеттеріне қатысты күдік-күмәндарын да қамтуы керек.

Еуропалықтар АҚШ-тың «Ортақ қадам» бағдарламасынан шығу әрекетінің өзін әлемнің жетекшісі санайтын осы ел үшін ауыр салдарлары болатындығына сенімді. Федерика Могерини  қуаттағандай, АҚШ-тың «Ортақ қадам» бағдарламасынан шығуы Вшингтонға бұдан былай сенуге болмайтынын дәлелдейді. Сонымен қатар, осы қайраткер Трамптың ұстанымына сілтеме жасап: «АҚШ Иранның «Ортақ қадам» келісіміне беріктігін екі жыл қатарынан растап, үшінші жылы бас тартқан ел болады» деді. Осындай жағдайда көптеген еуропалық қайраткерлер мен басшылардың ядролық келісімді жүзеге асыруды жалғастыру туралы сөздерінде келтірілгендей, «Ортақ қадам» бағдарламасы өте тиімді шешім саналады және АҚХА Иранның осы келісімге беріктігін 8 рет мойындағандықтан, оны жүзеге асыруды жалғастыру керек. Осылайша, Трамптың ядролық келісімге қатысты ұстанымы жарияланғаннан кейін еуропалықтардың бұл мәселеге қатысты алаңдаушылықтары айтарлықтай арта түсті. Саяси сарапшы Хамидреза Ғоламзаденің айтуынша, Трамп «Ортақ қадам» келісімінің маңыздылығын солғындатып, Иранның жетістіктерін неғұрлым  азайтып көрсетуге тырысып, осы әрекеттердің шығынын өтемеумен қатар барлық кінәні Иранның мойнына артып қоюды көздеп отыр. Еуропалық жоғары деңгейлі қайраткерлердің, соның ішінде Германия, Франция мен Ұлыбритания басшыларының көзқарасы бойынша, егер АҚШ Иран мен алты алпауыт елдің арасындағы ядролық келісімді қолдамайтын болса, оның құлдырау ықтималдылығы артатын болады. Бұл келісімнің күшінің жойылуының ауыр әрі ауқымды салдарлары болатыны анық.

Иран тарапынан «Ортақ қадам» бағдарламасы жүзеге асырылғандықтан, еуропалықтар үшін Теһран жақтан әскери мақсатта ядролық әрекет жасалу мәселесі шешілді. Олар қазір Иранмен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды кеңейтуді көздеп отыр. Еуропа істері жөніндегі маман Руйа Монтаземидің айтуынша, Еуропа экономикалық мәселелер саласында Иранмен қатынастарын өте жақсы нығайтып алғандықтан, экономикалық мүдделер оларды «Ортақ қадам» бағдарламасынан шығуға мәжбүрлемейді. Тіпті, Трамп та Еуропаның Иранмен сауда-экономикалық ортақ мүдделерін қуаттады. Трамп қазан айының он үші күнгі баяндамасынан кейінгі Twitter желісіндегі парақшасында қалдырған жазбасында: «Еуропалық елдер тек бір себептен ғана АҚШ-тың ядролық келісімнен шықпауын қалайды. Ол себеп – Иранның түрлі елдерде жұмсап отырған қомақты қаржысы» деді. Кейбір еуропалық басшылар Иранның зымырандық бағдарламасы мен оның аймақтық іс-әрекеттеріне қатысты АҚШ-тың алаңдаушылықтарына ортақтасқанымен, олардың пікірінше, бұл мәселені «Ортақ қадам» келісімін жою арқылы шешуге болмайды. Сонымен қатар, қазіргі кезде еуропалықтар үшін әлемнің түрлі елдері және аймақтарымен қарым-қатынастарды кеңейту басты бағыт болып тұр. Ал Трамп, керісінше, АҚШ-тың ішкі экономикалық мүмкіндіктеріне сүйену, әлемнің басқа аймақтары және елдерімен сауда келісімдерін жасаудан аулақ болуды қуаттап отыр. Еуропалықтар үшін Иран саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да маңызды орынға ие. Дәл осы мәселе олардың «Ортақ қадам» келісімінен кейінгі кезеңде  Иранмен қатынастарды сақтау және кеңейтуге талпыныс жасауына себеп болды.

Трамптың Иран мен ядролық келісімге қарсы әрекеттері Вашингтонның еуропалық одақтастарымен қатынастарының күрделенуі және оның нашарлай түсуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Федерика Могерини  қазан айының он екісі күні: «АҚШ ядролық келісімнен шығу арқылы өзінің халықаралық абырой-беделіне нұқсан келтіретін болады» деді. Еуропа одағының ең маңызды мүшесі саналатын Германияның Сыртқы істер министрі Зигмар Габриель АҚШ-тың ядролық келісімге қатысты әрекеттерінің жағымсыз салдары жайлы ескертіп, АҚШ президентінің Иранға қарсы қастықтарының Еуропа одағын Ресей мен Қытайға қарай итермелейтінін ашық түрде айтып: «Біз АҚШ-қа олардың Иран мәселесіне қатысты іс-әрекетінің еуропалықтардың Ресей мен Қытайдың АҚШ-қа қарсы ортақ ұстанымына қосылуы ықтималдығын тудыратынын  ескертуіміз керек» деді.

Еуропа одағы мен Германияның жоғары деңгейлі  басшылары бірнеше рет «Ортақ қадам» бағдарламасын қолдайтындықтарын қуаттап, АҚШ-тың ядролық келісімнен шығуының АҚШ-тың оқшаулануына жеткізетінін айтты. Осы аяда Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары мен Германияның Сыртқы істер министрі Иранның ядролық келісім шеңберіндегі міндеттеріне толығымен берік екеніне тоқталып, Иран өз міндеттеріне толығымен берік болса, Еуропаның да өз міндеттеріне берік болып қалатынын тағы қайталады.

 

Тегтер