Қар 30, 2023 23:54 Asia/Almaty
  • Бүгін Теһранда

30 қарашада ЭЫҰ-ның Мәдени институтында Кітап және кітапханашылар күніне орай "Кітап – ЭЫҰ-ға мүше елдері арасындағы уақыт сынынан өткен достық көпірі" атты халықаралық семинар өтті. Бұл шараға Қазақстаннан Ұлттық кітапхананың сирек құжаттар бөлімінің меңгерушісі Абикова Гүлшат қатысты.

Шығыстанушы Абикова Гүлшат

Шығыстанушы Абикова Гүлшаттың осы семинарда оқыған баяндамасы:

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫНДАҒЫ ҚҰНДЫ ЖАЗБА МҰРАЛАРДЫ САҚТАУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ

Қайырлы күн, Құрметті «Кітап – Экономикалық ынтымақтастық ұйымға мүше елдер арасындағы уақыт сынынан өткен достық көпірі» атты халықаралық семинарына қатысушылар!

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы қазақ халқының деректі мұрасының, жалпыадамзаттық құндылықтары мен жетістіктерінің, тарихи жадының сақтаушысы болып табылады.

Кітапхана қорында қазір әлем халықтарының 122 тілінде 7 млн. жуық сақтау бірлігі бар, онда қолжазбалар, бірегей және аса құнды басылымдар ерекше орын алады. Мұнда қазақ кітаптарының ең толық жинағы және басқа да бірегей жинақтар, қолжазба құжаттар, картографиялық, ноталық және музыкалық басылымдар және т.б. Жиналған кітап қоры хронологиясы бойынша XІІ-XX ғ. бірінші жартысын қамтиды, мазмұны жағынан тарих, этнография, география, медицина, математика, философия, мәдениет, тіл ғылымы, сопылық, жалпы діни әдебиеттер және т.б. материалдарды қамтиды.

Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында 40 000 аса ерекше құнды құжат бар, оның 1000-нан астамы қолжазбалар.

Сирек кітаптар мен қолжазбалар

ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы негізгі құндылықтарға тоқталсақ, олар барлық ғылым салаларын қамтитын әртүрлі коллекциялардан тұрады.

Сирек қордағы шығыс қолжазбаларының коллекциясы XII-XIX ғғ. аралығын қамтиды. Олардың мазмұны: тарих, география, медицина, математика, философия, мәдениет әдебиет, тіл ғылымы, суфизм және басқа діни әдебиеттер. Жазылу мәнері, әдістері де әралуан: қисса хамса, хикмет, шежіре, дастан, нама, хат, диалог, естелік, риссала, аңыз әңгімелер т.б. Шығыстық қолжазбалар араб, парсы, шағатай т.б. тілдерінде жазылған. XII ғасырдан жеткен Құран «куфа» жазуымен жазылған, мәтіні толық, кітапханадағы ең көне кітап. Әрбір беттерінде герб секілді таңбалы өрнектер бар. Мұқабасы бұзау терісімен қапталған. Жасыл түсті бедерлі өрнегі бар. Ойып басылған мөрде кітап иесі молла Ходжа Ғабдырахман деген жазу бар. Қолжазбадағы кейбір жазбаларға қарағанда бұл Құран кітап Санжар Селжұқ (1118-1157 жж. өмір сүрген) сұлтанның қарындасының иелігінде сақталған екен.

Ал, XVIII ғасырдан жеткен араб және парсы тілдерінде «насих» жазуымен жазылған Құран қолжазбалардың ең көрнектісі әрі мәтіні толық. Алғашқы екі беті, соңғы 24 беті аса керемет шығыстық үлгілермен әсем безендіріліп, алтын түсті бояу жалатылған өсімдік гүлді өрнектері бар, және мөр басылған.  Мұқабасы қызыл түсті бұзау терісімен қапталған. Көшіріп жазған Бек Абдул Азиз Қожа. Бірінші бетінде Құран иесі Ғабдур Расул деген дерек бар. Бұл екі Құран кітап Ұлттық кітапханаға 1936 жылы түскен.

Сондай-ақ, шығыс тіліндегі қолжазба мұрағаттардың арасынан ерекше орын алатын шағатай тілінде жазылған қолжазба кітаптар: Қожа Ахмет Иасауи «Хикметтер», «Рисала», «Насабнама» (XVII, XIX ғғ.), Сүлеймен Бақырғани «Хикметтер» (XIII-XVI ғғ), Низами Гәнжауи «Хамса» (XV ғ.), Әлішер Науаи «Диуани» (XVII ғ.), Әбілқасым Фирдауси «Шахнама» (XVIII ғ.), және Сағди, Хафиз, Жами, Физули сияқты шығыстың ғұлама-шайырларының туындылары бар. Бұл қолжазбалар да қағазы, жазу дәстүрі, кітап етіп түптеуі, мұқабасының теріден жасалуы, тіпті асқан әсемдікпен, нәзіктікпен өрнектелуі Құран қолжазбаларына ұқсас келеді және шығыстық үлгіде жасалып, өрнектелген.

Сирек қордың зерттелуі

Ұзақ жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2019 жылы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан Сүлейман Бақырғанидың көне түркі тіліннен қазіргі кирилл әрпіне аударылған «Хикмат Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» қолжазбасы (982 бет) кітап болып жарық көрді. Кітапта қолжазбаның факсимилиясы бірге берілген. Басылым демеушілердің қолдауымен жарық көрді.

«Бақырған кітабы» – барша түркі халықтарына ортақ саналатын ХІІ ғасырдағы сопылық бағыттағы әдеби ескерткіш. Қожа Ахмет Ясауи мен оның шәкірті Сүлеймен Бақырғани мұрасын зерттеу жұмыстарын ғалымдар Мұхамедрахым Жармұхамедов пен Мақсұт Шафиғи жүргізген. Бұл кітап ҚР Ұлттық кітапханасының кітап қорын насихаттауға арналған «Ұлы дала тұлғалары» сериясының жалғасы болып табылады. «Сүлеймен Бақырғани. Хикметтер» қолжазба, (XVI ғ.), бүкіл түркі халықтарына ортақ еңбекте эстетика, этика, тазару, имандылық, адам жанының үндестігі, адамгершілік мәселелеріне көңіл бөлінеді.

Сирек кітаптар мен қолжазба қорының каталогтарын әзірлеу және жариялау жұмыстары ертеден жүргізіліп келеді. Барлығы 12 каталог пен көрсеткіштер жарық көрген.

Сирек қолжазбалар мен литографиялық баспа кітаптарын каталогтау және зерттеу жұмысын шет тілдерін меңгерген шығыстанушы ғалымдар, түркітанушылар, ескі түркі тілдерін білетін мамандармен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Мысалы:

  1. Қазақстан туралы қолжазба материалдар А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік республикалық кітапхананың Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында: Мазмұндалған көрсеткіш / Құраст.: С.М.Ақынжанова, Х.К.Кенганова.- Алматы, 1966.- 72 б.- (Қазақ , орыс тілдерінде).
  2. Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөліміндегі шығыстық кітаптар: Библиографиялық көрсеткіш / Құраст. С.Л.Сауытбеков.- Алматы, 1981.- 749 б.- (Қазақ тілінде).
  3. Қазақ кітаптары: Жиынтық каталог. 1806-1917. – Алматы, 1998. – 177 б.
  4. Руханият: Каталог / Құраст. Ж.Н.Кәрі; ҚР Ұлттық кітапханасы.- Алматы: Дәуір, 2000.- 75 с.- (Қазақ , ағылшын тілдерінде).
  5. Ғасыр жеткізген аманат: Сирек кездесетін неміс тіліндегі кітаптар жинамасы = : Коллекция книг на немецком языке. – Алматы: Жибек жолы, 2003. – 40 с.
  6. Араб графикасымен басылған қазақ кітаптарының каталогы (1841–1932) / Құрастырған Набат Асқарбекова, Толқын Замзаева. – Алматы: Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы, 2006. – 176 б. Оның ішінде шолу мақала, революцияға дейінгі басылымдарға аннотациялары бар библиографиялық тізім (1449 атау) және көмекші көрсеткіштер.
  7. Латын графикасымен басылған қазақ кітаптарының каталогы (1928-1941). 1-бөлім: Құраст.: Н.М. Асқарбекова, Т.А. Замзаева. – Алматы: Казахстаника, 2007. – 192 б.
  8. Қожа Ахмет Ясауи: библиографиялық көрсеткіш / Құрастырғандар Набат Асқарбекова, Айнұр Әбдірәсілқызы. – Алматы: Арыс, 2008. – 152 б.
  9. Каталог рукописных книг на персидском языке: Из собрания НБ РК Казахстана. – Алматы: Дайк Пресс, 2008. - 156 с.+88 с. вкл.- (Каталог восточных рукописей). Каталог 112 атауды қамтиды, әрбір қолжазбаның қысқаша сипаттамасы мен ғылыми сипаттамасын береді, сондай-ақ аса құнды үлгілердің тарихи-мәдени маңызына баға береді. Каталог жоғары ғылыми деңгейде құрастырылған. Авторлары – белгілі шығыстанушы Сафар Абдулло және парсы тілі мен әдебиетінің маманы С.М.Бакир Камаледдини.
  10. Араб тіліндегі сирек басылымдар каталогы. – Алматы, 2018. – 177 б.
  11. Парсы тіліндегі кітаптардың каталогы. – Алматы, 2011. – 192 б.: сурет, 16 б. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан 247 баспа кітаптың сипаттамасын қамтитын парсы кітаптарының екінші каталогы жарық көрді, дайындаған шығыстанушы ғалым Ғ.Қамбарбекова.
  12. Kazakistan (Almatı) Milli kütüphanesindeki arap harfli türkçe nadir eserler kataloğu / Dr. Osman Kabadayi, Doç. Dr.Zubaida Shadkam. – Almatı, 2021. – 394 s.

Түркі халықтарының ортақ жазба мұраларын жинау, жүйелеу, каталогтау мақсатында 2023-2025 жж. Жоспарланған ҚР Ұлттық кітапханасы сирек қорында сақтаулы түрік (осман) және шағатай тілдеріндегі қолжазбалар мен сирек кітаптардың сипатталған суретті библиографиялық каталогы» (Хронологиясы 20 ғасырдың 40-ы ж. дейін) 1-2 кітаптан тұратын баспа және электронды басылым дайындалып жатыр.

Құжаттық мұраны сақтаудың және оларға қолжетімділікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерінің бірі – қолжазбалар мен кітаптарды цифрлау. Қолжазба және көне кітаптар түріндегі аса құнды мұраларды болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында сирек қорды ауқымды цифрлау және электронды кітапханаларды қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Баяндамамның соңында Экономикалық ынтымақтастық ұйымының басшысы Саадхан мырзаға осы, «Кітап – ЭЫҰ-ға мүше елдер арасындағы уақыт сынынан өткен достық көпірі» атты халықаралық семинарды ұйымдастырғаны және қатысуға шақырту жібергені үшін алғысымды білдіремін. Халықаралық семинар жұмысына сәттілік тілеймін.

Тегтер