Брюссельде «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты кітаптың тұсаукесері өтті
(last modified Sat, 11 Dec 2021 19:39:54 GMT )
Жел 12, 2021 01:39 Asia/Almaty
  • Брюссельде «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты кітаптың тұсаукесері өтті

Бұл кітап Қазақстан Тәуелсіздігінің төртінші онжылдығын мерекелеу қарсаңында шығарылды.

Кітап авторы Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың тұсаукесер рәсімінде жасаған баяндамасы

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров

Қазір Қазақстан – өзінің геосаяси субъектілігі бар, халықаралық аренада танылған және белсенді мемлекет.

"Қазақстан - 2050" Стратегиясы: "1991 жылғы 16 желтоқсанда біз, Қазақстан халқы егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты таңдадық. Бүгінгі таңда бұл құндылықтар біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды" деп айқындайды.

Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан әлемге көп нәрсе берген өзінің бірегей өркениеттік моделі бар, Шығыс пен Батыс, Азия мен Еуропа арасындағы көпір болған және болып қала береді.

Қазіргі табысты Қазақстан халықаралық істердегі салмақты геосаяси бағытының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке бастамаларының арқасында шет елдердің шынайы қызығушылығын тудыруда. Қазақ халқы, мыңжылдық дәстүрлердің мұрагері, оның мемлекеттілігі, саяси және тарихи тағдыры, мәдениеті, оның уақыт пен кеңістіктегі алатын қомақты орны, даму перспективалары, өркениеттің барлық негізгі күштік желілерінің тоғысындағы геосаяси ахуалдың бірегейлігі – бәрі әрқашан да Ұлт Көшбасшысының басты назарында болды.

Мемлекеттің қастерлі құндылығы – Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Егемендігін сақтау, оның өркендеуі, ұлттық мүдделердің басымдығын ескеретін көпвекторлы сыртқы саясатты одан әрі ілгерілету бағытын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белсенді әрі тиімді жалғастыруда.

Президент Қ.-Ж. Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей: "Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде. Біз өзіміздің құндылық бағдарларымызды нығайтып, болашақтың айқын бейнесін қалыптастыруымыз керек".

Болашақтың айқын бейнесі – Қазақстанның бай әрі мазмұнды өткенінен, үздіксіз мемлекеттілігінен, оның дүниежүзілік картадағы саяси орны, тарих ағымындағы өткені мен бүгіні туралы дәйекті білімнен қалыптасады.

Кітап символдық түрде Брюссельде жарық көруі тегін емес, және оның маңызды себептері бар. Брюссель – Бельгия Корольдігінің астанасы, Еуропалық Одақтың астанасы, Орта ғасырлардың және ерте Жаңа заман ғалымдары географтары, картографтары, саяхатшылары сол кезеңнің көптеген құнды артефактілерін – Қазақ Мемлекеті нақты көрсетілген әлем карталарын қалдырған елдер қауымдастығының астанасы.

Ғасырлар бойы қалыптасқан Қазақ дәстүріне сай, кітап – автор-құрастырушының Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойына тартуы.

Қымбатты оқырмандар!

Сіз қолыңызға XVI – XIX ғасырлардағы карталар мен атластар бейнеленген кітапты алып отырсыз, ол менің көпжылдық бастамашыл зерттеулерімнің және Қазақ Мемлекеті белгіленген, айқындалған әлемдік жинақтамалардан (еуропалық, американдық, Шығыс) карталарды іздеуімнің нәтижесі болып табылады. Кітапта 130 картаның хронологиялық тәртіппен автордың сипаттамалары-дескрипторлар, түсініктемелер келтірілген, толық шығу деректері мен техникалық параметрлері ұсынылған, сипатталған, берілген.

Еуропалық, ал кейінірек американдық мұражайлар мен жинақтамаларда, Қазақ Мемлекеті көрсетілен карталар мен Орта ғасырлардағы атластарды алғаш рет көргенім, мені Қазақ ретінде, ғалым ретінде дүние жүзі бойынша карталар мен атластарды ғылыми түрде іздеуге, оларды мұқият зерттеуге, жүйелеуге, саралауға, салыстыруға, ғылыми зерттеулерге, түсініктемелерге, аудармаларға ынталандырды.

Тарихи-географиялық айқындау, көне заман карталарындағы нақты мемлекетті сәйкестендіру – кез келген елдің мемлекеттілігін, оның саяси бірегейлігі мен сабақтастығын, оның болашаққа деген сенімді ұмтылысын жүйелі, кешенді тарихи-саяси, мәдени зерттеулердегі маңызды атрибут, ал Қазақстанның мысалында – әлемнің карталары мен атластарында бейнеленген үздіксіз мемлекеттілікті растау.

XV ғасырдың соңына қарай Қазақтардың өз мемлекеттілігін одан әрі дамытудағы маңызды процесс институционалдық түрде аяқталды: өзінің ұлттық атауын, өз мемлекетінің атын – "Qazaq" автоэтнонимі мен кратонимін иемдену және тарату, мұны ортағасырлық көрнекті мемлекет және саяси қайраткер, қолбасшы, Шығыстың ғалымы және тарихшысы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің "Тарих-и-Рашиди" іргелі тарихи еңбегінде алғаш рет атап көрсеткен.

Мұхаммед Хайдар Дулати Қазақ Мемлекетінің алғашқы тарихнамашысы бола отырып, Қазақтың саяси сана-сезімінің, өзінің саяси-мемлекеттік құрылымының пайда болуы мен одан әрі қалыптасуын, сол кездегі Қазақтардың ұлттық Мемлекет шеңберінде өз аумағы мен шекараларының одан әрі шоғырлануын айқын және біржақты бекітті және бірдейлендірді.

Түріктердің мемлекеттілігін дамыту мен қалыптастырудың алдыңғы мол тәжірибесі, этносаяси сана, барлық өлшем бойынша тиімді саяси, аумақтық-этникалық, әскери-әкімшілік инфрақұрылым, жетілдірілген есептік-қаржылық және салық жүйесі, қазақ элиталарының өз мемлекеттілігін ілгерілетуге тарихи-саяси тапсырысы: осы және басқа да факторлар XV ғасырда жас Қазақ Мемлекетінің әлемдік және Еуразиялық геосаяси картасында пайда болуы мен ілгерілеуінің табыстылығына әсер етті.

XVI ғасырдың басында, тарихи өлшем бойынша қысқа уақыт ішінде, қуатты орталықтандырылған мемлекетке айналып, ол белсенді геосаяси субъекті болып қалыптасты, бұл Қазақ Мемлекетінің әлемдік, өңірлік карталарда, еуропалық, кейінірек америкалық зерттеушілер мен картографтардың атластарында тұрақты түрде орнығуынан көрініс тапты.

Қазақтар ұстанған және сақтаған мемлекеттік құрылым, әлеуметтік және қоғамдық тұрмыс, этноконфессиялық және этномәдени орта еуропалық зерттеушілерге XVI ғасырдан бастап, кейінгі Орта ғасырлардан бастап ерте Жаңа заман (XVIII-XIX ғасырлар) дәуіріне дейінгі Қазақ Мемлекетін Азия мен әлем карталарында нақты сәйкестендіруге мүмкіндік берді.

Осы кітапта келтірілген еуропалық және американдық картографтар Қазақ Мемлекетін көрсеткен әлемнің, Еуропаның, Азияның баспа карталары мен атластарының барлығы – эмоциялық жағынан көрнекі және көз тартарлық тартымды.

XV-XIX ғасырлардағы көптеген еуропалық карталарда объектілердің орналасуы, сол кездегі географиялық, картографиялық ғылымның дамуына байланысты әрдайым егжей-тегжейлі дәл бола бермейді және дәл ғарыштық суреттермен расталған әлем туралы қазіргі заманғы картографиялық түсінігіміз сәйкес келмейді. Бұл түсінікті, түсінуге болатын және қабылданатын жайт. Алайда, еуропалық және америкалық карталар, жалпы алғанда, Қазақ Мемлекетінің орналасқан жері мен шекарасының біздің түсініктеріміз бен тарихи-мәдени деректерімізге сәйкес келетінін көрсетеді.

XV ғасырдың ортасында әлемнің саяси картасында жас, егемен, саяси белсенді және жоғары пассионарлық Қазақ Мемлекетінің пайда болуы, оның сол кезеңдерде одан әрі дамуы Ұлы географиялық ашылулар, еуропалықтардың Шығысқа, Азияға жаңа сауда жолдарын іздестіру дәуірінің басталуымен тұспа-тұс келді. Ыңғайластық өзара қызығушылық, екі жақты қазақ-еуропалық прагматизм бір жерге тоғысты. Ұсынылған карталар сол кездегі еуропалықтар мен америкалықтар үшін бағдарлаудың навигациялық құралы, Еуразия, Азия, жалпы Шығыс, Қазақ Мемлекетінің жерлерін ұғынуға, олармен дипломатиялық, сауда-экономикалық, әскери-саяси, мәдени және өзге де байланыстарды жолға қоюдың жолы болған.

Қазақтардың автоэтнонимінің дыбысталуының түпнұсқасына жақындығы мен белгілі бірлігі, әлемдік, оның ішінде Еуропалық картографтар, саяхатшылар, Орта ғасыр, Жаңа Заман дипломаттары өздері әзірлеген карталарда өздерінің ұлттық тілдерінде: кітаби, ғылыми латын және тірі тілдерде: нидерланд, фламанд, ағылшын, француз, итальян, валлон, фриз, неміс, және т.б. тілдерде тіркелген және транскрипцияланған ғылыми, тарихи-саяси айқындаулардың ауқымдылығы мен алуан түрлілігі таң қалдырады.

Ғалым географтардың, картографтардың, саяхатшылардың, көпестердің, дипломаттардың карталарындағы Қазақ Мемлекетінің политонимдері, кратонимдері әр түрлі, олар көбінесе фонетикаға, қабылдаушы тілдің орфоэпия нормаларына тәуелді болды. Бірақ олардың барлығын бір нәрсе біріктіреді: Еуразияның кең аумақтарындағы орасан зор этномемлекеттік, этномәдени, әскери-саяси процестерге қарамастан, Қазақ Мемлекетінің атауларының уақыт пен кеңістікте тұрақты болуы.

"Qazaq"," Казак"," Қазақ" Қазақ Мемлекетінің автократонимін, автоэтнонимін және автополитонимін – еуропалық тілдерде біз XV-XIX ғасырларың карталарында «Pays De Kassaks», «Land der Kirgis Kaisaken», «Independent Tartary», «Independent Tartars», «Tartarie Independante», «Cassachi», «Cassakia», «Cassaqy», «Cassak», «Cassaky», «Caßakia», «Chalzag Stati del Tartaro», «Cazalgites», «Chalzag», «Chazalgites», «Cosaques Errans», «Kassakia», «Kalzag», «Kasakia», «Kasaсia», «Kassacia», «Kasatsha», «Kasacha», «Kassaki Tartari», «Kaski Tartari», «Kasakki», «Kasaki», «Kassaki», «Kasakhi», «Kayissaks», «Kaizaken», «Kazak», «Kaissaken», «Kaisaks», «Khasaks», «Kasatsia», «Kazatschia», «Kazaschia», «Kasake», «Kasakhe», «Kassakia Horda», «Kassacia Horda», «Kirghiz», «Kirghiz Khasaks», «Khirghiz Kaizak» және басқа да экзоэтнонимдер, экзополитонимдер және экзократонимдер түрінде кездестіреміз.

Көптеген карталарда Қазақ Мемлекеті екі рет белгіленген, бұл картографияның еуропалық дәстүріне, қарастырылып отырған кезеңнің топонимиясына сәйкес кез-келген мемлекеттің барлық қол жетімді кратонимдерін, политонимдерін және этнонимдерін өздеріне белгілі тілдерде, олардың орфоэпиялық нормаларын (айтылу нормаларын) беру дәстүріне сәйкес келеді. Себебі - карталарды еуропалық ғалымдар, географтар, картографтар, баспагерлер, ең алдымен еуропалық оқырмандар, саяхатшылар, көптеген ұлттық тілдерде оқитын зерттеушілер үшін шығарғандықтан. Мысалы, Каспий теңізінің атаулары көбінесе еуропалықтарға белгілі барлық атауларымен - "Маре де Сала олим Каспийі" (Mare de Sala olim Caspium) және т. б. беріледі, бұл сол кездегі тек нидерландтық қана емес, жалпы еуропалық географтар, картографтардың дәстүрінде.

Кейінірек біз американдық ғалымдарда, географтарда, картографтарда және баспагерлерде де осындай процестерді байқай аламыз.

Нидерланд, Бельгия, Англия, Франция, Италия, Германия, Австрия және АҚШ-тың алдыңғы қатарлы картографиялық баспаларда Қазақ Мемлекеті біз қарастырып отырған тарих кезеңінде басып шығарылатын саяси және өзге де атластарда тұрақты түрде орын алған.

Еуропалық зерттеушілердің, картографтардың, саяхатшылардың, ал кейінірек американдық ғалымдардың, Қазақ Мемлекетін, Қазақ Мемлекетінің кратонимін XVI-XIX ғасырлардағы өз атластарында белгілеуі мен жазудағы бірлігі, Мемлекеттің атауы 1465 жылы Қазақ хандығы құрылған сәттен бастап, таза автоэтнонимнен ауыса отырып, әлем картасында танылатын, институционалдық бекітілген және ең бастысы – бір мезгілде политоним, топоним және кратоним ретінде танылатын жағдайды көрсетеді.

XV ғасырдағы жас Қазақ Мемлекетінің көптеген шығыс және батыс тарихи дереккөздерімен расталатын тағы бір ерекшелігі, ол басынан бастап көршілес мемлекеттердегідей меншікті иеліктерге, князьдіктерге бөлінбегендігі болып табылады. Қазақ Мемлекеті құрылғаннан бері бірлікті және біртұтас мемлекет болды. Дәл осы жағдай Қазақ Мемлекетінің кратонимі мен саяси атауының сабақтастығына әсер етіп,  оны XV-XIX ғасырлардағы әлемдік картографтар өз тілдерінде дәйекті түрде бейнеледі.

Аталған барлық дәстүрлер заманауи Қазақстанда да жалғасуда - ата-бабаларының даңқты тарихы бар Мәңгілік Ел, Ұлы Дала Елі ұрпақтарының құрметі мен мақтанышына лайық. Болашаққа сеніммен қарайтын, халықаралық халықтар достастығындағы мемлекеттіліктің үздіксіз тарихы бар елде.

Бұл кітапта Қазақ Мемлекеті көрсетілген XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардың абсолютті көпшілігі, оларға ілеспе ғылыми деректер, карталардың толық жүйелік параметрлері Қазақстанның ғылыми-зерттеу, ғылыми-білім беру және мәдени, ақпараттық айналымына алғаш рет енгізіліп отыр. Олар болашақ жемісті пәнаралық зерттеулердің негізі болатынына сенімдіміз.

Сондай-ақ, қамтып отырған кезең ішінде осы кітаптың карталарында көршілес мемлекеттердің, Еуразия, Орталық Азия халықтарының саяси атауларын, кратонимдерін көре аламыз.

Өз іздеулерім мен зерттеулерімде, Қазақ Мемлекеті белгіленген карталарды тақан уақытта, менің жүрегім, Қазақ, ғалым, өз елінің патриоты ретінде бақыт нұрына, үлкен қуанышқа, толқулар мен ата-бабаларымыз үшін мақтанышқа толды. Олар бізге баға жетпес мұра: мызғымас мемлекеттілікті, орасан зор жерді – әлемнің 9-шы территориясын, ел, Мемлекеттің атауын, бай ана тілімізді және әлемдік ғалымдар мен картографтар өз еңбектерінде айқындаған бай тарих пен мәдениетті қалдырды.

 

Карталармен қалай жұмыс істеу керек.

Бұл кітаптағы барлық карталар жоғары ажыратымдылықта берілген.

Барлық карталардың өздерінің толық, жүйеленген шығу деректері, техникалық параметрлері бар.

Яғни, осы кітапта берілген әрбір карта қолда бар мәліметтердің толықтығын жүйелеуге және қамтуға ыңғайлы болу үшін, шығыс деректерімен, техникалық параметрлермен бірге жүреді.

  • Түпнұсқадағы картаның атауы, шығарылған елі және жылы (қалың қаріппен),
  • Картаның авторы (-лары);
  • Картаның шыққан жылы (-дары) ,
  • Картадағы Қазақ Мемлекетінің атауы;
  • Картаның қысқаша атауы;
  • Картаның толық атауы;
  • Картаның баспагері;
  • Баспагердің орналасқан жері (басылған қаласы);
  • Картаның типі;
  • Картаның биіктігі, см;
  • Картаның ені, см;
  • Картаның масштабы;
  • Әлем аймағы;
  • Картаның, атластың баспагердің атауы;
  • Жарияланым түрі;
  • Қазіргі уақытта аталған карта сақталған жинақтамасы.

 

Осылайша, оқырман, зерттеуші үшін белгілі бір картаның барлық параметрлері қол жетімді.

Мысалы: әр карта былай басталады.

1562

Нидерланд картасындағы «Cassacia» Қазақ Мемлекеті.

Kazakh State «Cassacia» on the Dutch map.

Нидерланд картасында "Cassacia" Қазақ Мемлекеті.

Әрі қарай, ғылыми зерттеулер, сілтемелер және дәйексөздер үшін маңызды картаның толық шығу деректері, кестелік деректер түріндегі карта параметрлері келтіріледі.

Бірқатар карталарда, әсіресе XVI-XVII ғасырлардың карталарында, менің толық сипаттамам – оларға дескрипторлар, карта бойынша қызықты мәліметтер сипатталған түсініктемелер, оның топонимиялары, ерекшеліктері, картаның пайда болу және жазылу тарихы, авторлардың – географтардың, картографтардың, саяхатшылардың өмірі мен өмірбаяндары туралы қызықты мәліметтер бар.

Ғалымдардың, саяхатшылардың, географтар мен картографтардың карталарындағы дәлсіздіктерді, топонимиядағы қателіктерді іздеу және көрсету, аталған мемлекеттердің заманауи шекараларымен салыстыру, бұрынғы заманның карталарын қазіргі заманғы геореференстермен салыстыру (кеңістіктік орналасу деректері, соның ішінде цифрлық) және т.б. кітаптың мақсаты болып табылмайды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, кітаптың мақсаты – Қазақ Мемлекеті көрсетілген көптеген еуропалық және америкалық карталардың басым көпшілігің тұңғыш рет ғылыми-зерттеу, мәдени-ақпараттық айналымға енгізу, әрі қарай пәнаралық зерттеу үшін ұсыну, бекіту және алғашқы енгізу болып табылады.

 

Карталар үш түрде беріледі:

Біріншісі – Қазақ Мемлекетінің өзі көрсетілген картаның барынша ауқымды, ірілендірілген учаскесі.

Екіншісі – картаның аймақ немесе континент контекстіндегі бөлігі (әлем карталарында).

Үшіншісі – карта өзінің бастапқы толық түрінде.

 

Біз карталар мен атластардың сканерлері мен фотокөшірмелерін визуалдауға ең қолайлы үлкен формат – А3 форматты кітапты таңдадық.

Екі беттің ашылған жағында карталар A2 форматына ауысады, бұл оқырмандарға картаны егжей-тегжейлі қарастыруға және зерттеуге мүмкіндік береді.

 

Политонимдердің (cаяси атаулардың), кратонимдердің, этнонимдердің аудармалары.

Біз оларды түпнұсқада жазамыз, олар карталарда "сол қалпында" қағидаты бойынша жазылады. Содан кейін олардың қазақ, ағылшын, орыс тілдеріне аудармаларын береміз.

Ортағасырлық латын тілінде "S" кіші латын әрпі қазіргідей – "s" болып жазылмаған, алайда басқа латын әрпіне ұқсас жазылған, бірақ қиылыспайтын – f сызығынсыз. Сондықтан, олар бар карталардағы атауларды дұрыс оқу маңызды. Қате оқымау маңызды. Бұл "S" дыбысын беретін әріп.

"Татарлар" этнонимін қолдана отырып, Қазақ Мемлекеті атауларының аудармаларында біз оларды "Түріктер"деп аударамыз. Еуропалықтар, ал кейінірек, ХХ ғасырға дейін – американдықтар барлық түркітілдес халықтарды өз карталарында осылай атайды. Бұл негізделген, дәстүрлі тарихи-лингвистикалық тәсіл болып табылады: бұл Еуразияның кең кеңістігінде Түркілерді (Түріктерді) сол заманның этнолингвистикалықтық, этномәдени бірлестігі ретінде тұтас көрсететін бірдей ұғымдар.

Бұл ереже біржақты емес ("Татарлар – бұл Түріктер"): шығыс еңбектерінен осы этноним кездесетін сол кездің еуропалық тілдеріне кері аударылған кезде де ("Түріктер – бұл Татарлар") этнонимі қолданылады Осылайша, "Түріктер" жинақталған этнонимін, сол кезеңдегі еуропалық зерттеушілеі ұзақ уақыт бойы өз тілдеріне "Татарлар" деп аударған. Мысалы, 1871 жылғы Француз аудармасында "Түрік" этнонимі бар Әбілғазы Баһадүр ханның XVII ғасырдағы тарихи еңбегі: "Шаджарайи Түрік ва Могул" ("Түріктер мен Моғолдардың шежіресі") "Histoire des Mogols et des Tatares"-деп аударылып, жарық көрді.

 

Алғыстар

Қол жеткізу мүмкіндігін ұсынғаны үшін еуропалық және американдық мұрағаттар мен коллекцияларға, әсіресе АҚШ Конгресінің Кітапханасына, Стэнфорд университетінің, Принстон университетінің кітапханаларының картографиялық коллекцияларына, Дэвид Рамсидің Тарихи Карталар Орталығына, Барри Лоуренс Рудерманның Сирек кездесетін және Анктиварлық карталар Корпорациясына алғыс айтамын.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер Министрлігіне және Министр – Тілеуберді Мұхтар Бескенұлы мырзаға және Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшілігіне және Қазақстанның Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісіне, Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақ жанындағы және Солтүстік Атлант Шартты ұйымындағы (НАТО) Қазақстан Республикасы өкілдігінің басшысы Баймұхан Марғұлан Бақытұлы мырзаға осы кітапты басып шығаруының жан-жақты қолдағаны үшін шын жүректен зор алғысымды білдіремін.

Кітап Қазақстан Егемендігінің мерейтойына арналады.

Кітапты сүйікті Анам – Қаныгүл Байзаққызына арнаймын, ол мені өз елінің патриоты және тұлға ретінде тәрбиеледі, бала кезімнен Отанымыз Қазақстанға деген үлкен сүйіспеншілікті оятты және менің бойымда мұқият оқып, іздену, ғылыми-зерттеу әдетін қалыптастырды.

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров

филология ғылымдарының кандидаты, саясаттану докторы,

"Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін" мемлекеттік наградасының лауреаты,

Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің

Заманауи зерттеулер институтының директоры,

Брюссель

2021

Тегтер