Рухани: Аймақ тұрақтылығы Иран мен Түркия әріптестігінің негізі болсын
ИИР президенті аймақтың, әсіресе Ирак пен Сирия тұрақтылығының Иран мен Түркия әріптестігінің негізі болуы керектігін қуаттады.
ИИР президенті Хасан Рухани Теһранда Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглуны қабылдауда: «Қазіргі күрделі жағдайда екі елдің үндестігі мен ынтымақтастығы аймақ бейбітшілігі мен тұрақтылығының мүддесін көздеп, мәселелерді шешуде әсерлі бола алады.
Иран мен Түркияның аймақтық маңызды принциптер бойынша ойы бірдей. Ирак пен Сирияда жер тұтастығы мен ұлттық бірлікті сақтау, осы елдерде демократия және халықтың дауысымен биліктің қалыптасуы, қырғын және инфрақұрылымдарды қиратудың алдын алу, сонымен қатар босқындардың өз елдеріне қайтып оралуы үшін қол ұшын беру аймақтағы дағдарыстарды шешу үшін атқарылуы тиіс істерге жатады. Басшылар екі елдің сауда айналымының көлемін арттыру шеңберінде келісімдерді күшіне енгізуі үшін Иран мен Түркияның мұрсаттары мен әлеуеттерін пайдалануға күш салуы қажет» деді.
Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу да осы кездесуде Ирактың Хилла қаласындағы лаңкестік шабуылда ирандық зияратшылардың шәһид болуына байланысты көңіл айтып, Иранның аймақта бейбітшілікті сақтау және лаңкестікпен күрестегі рөлін сындарлы деп бағалап: «Ирак және Сирияда жер тұтастығы мен ұлттық бірлікті сақтау Иран мен Түркияға және аймақтың тұрақтылығы үшін пайдалы. Батыс елдері аймақ мәселелерінде тек өз мүддесін көздейді» деді.