Түркия Қарабақ қайшылығын шешу үшін жаңа үшжақты топ құруды ұсынды
Түркия Сыртқы істер министрі Мевлюд Чавушоглу осы елдің TRT телеарнасына берген сұхбатында: «Ресеймен келіссөздер негізінде Қарабақ қайшылығын түбегейлі шешу үшін Әзірбайжан Республикасы, Түркия мен Ресейден тұратын үшжақты топ құру мүмкіндігі бар»,-деді.
Сарапшылар Түркияның Қарабақ қайшылығын тоқтату үшін үшжақты топ құру туралы ұсынысын қайталамалы әрі заңдық күшке ие емес ұсыныс деп санайды. 1997 жылдан 2000 жылға дейін Қарабақ бітімі бойынша аймақтық елдер мен әлемдік алпауыттардың әріптестігі мәселесі көтерілді. Жауласушы екі ел мен аймақтың қуатты да ықпалды үш елі – Иран, Ресей мен Түркиядан тұратын 2+3 форматында топ құру, сондай-ақ, жауласушы екі ел мен аймақтың үш елі, АҚШ пен Еуроодақтан тұратын 2+3 форматында топ құру және осыған ұқсас тағы басқа ұсыныстар жасалды. Бұл ұсыныстардың әрқайсысы аймақтың бір елі тарапынан қолдауға ие болып отырды, алайда олардың барлығы кедергілерге ұшырады. Бұдан бұрын да Анкара үкіметі Қарабақ қайшылығын шешу үдерісіне қатысу үшін көп талпыныс жасады. Түрік тарапының талпыныстары жер дауы бойынша Әзірбайжан Республикасымен жауласып отырған Арменияның қарсылығына ұшырады. Әзірбайжан Республикасы Түркияны бейбіт келіссөздерге қатыстыру мақсатында кеңестер өткізді.
Бұл әрекеттер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Минск араағайын тобының басшылары, соның ішінде АҚШ, Ресей мен Франция 1992 жылы құрылғаннан бері Қарабақ қайшылығын тоқтату жолдарын өз қарамағына алуға бар күшін салған жағдайда жасалып отыр. Сол себепті Минск тобының басшылары Қарабақ қайшылығын шешу үдерісіне тағы бір мүшенің қосылуына қарсылық білдіріп келеді.
Түркия осы уақытқа дейін әзірбайжан-армян қайшылығын тоқтатуға бағытталған өз ұсыныстарын жасамады. Түркия үкіметінің басшылары: «Армения басқыншы тарап ретінде Әзірбайжан Республикасының басып алынған жерлерінен шығуы тиіс»,-деп сан рет мәлімдеді. Бұл саясат Қарабақ бейбіт келіссөздерінде әсерлі болмады. Түркия Сыртқы істер министрінің ұсынысына қатысты бірнеше жайт ойлануға тұрарлық: біріншісі, Әзірбайжан Республикасы бейбіт келіссөздер үдерісінде жауласушы тараптардың бірі, сол себепті топтық араағайындыққа қатыса алмайды; екіншісі, Ресей Минск араағайын тобы басшыларының бірі ретінде бұл топқа жаңа бір мүшенің қосылуына қарсы. Ресей қайраткерлері тіпті АҚШ пен Францияны да бейбіт келіссөздер үдерісінен шығарып тастауға күш салып, осы салада монополияға ие болуды көздейді.
Түркия Сыртқы істер министрінің сөздерін қорытындылап, Анкара үкіметінің басшылары өздерінің қайталамалы ұсыныстарының Минск тобының басшылары мен Армения тарапынан қарсылыққа ұшырайтынын білсе де, Әзірбайжан Республикасын қолдайтынын білдіру үшін саяси сыпайылық танытуға бет бұрды деп айтуға болады.