Сот органы Германия Экономика министрінің Иранға қатысты сөздерін сынады
Иран Сот органының төрағасы Германия Экономика және энергетика министрінің Израильді ресми түрде тану қажеттігі мен ИИР-дағы адам құқығына қатысты кейбір уәждер айтуын бұрыс әрі қисынсыз деп атады.
Иран Сот органының төрағасы аятолла Садық Амоли Лариджани ИИР сот жүйесіндегі жауапты тұлғалардың дүйсенбі күнгі отырысында Германия Экономика және энергетика министрі Зигмар Габриэльдің Израильді ресми түрде тану туралы шартын теріске шығарып: «Иран осындай қисынсыз талаптарға қарсы тұру үшін көптеген қысымдарға төзіп келе жатқанына бірталай жыл болды»,-деді.
Аятолла Амоли Лариджани Германия Экономика министрінің ИИР-дағы адам құқығына қатысты уәждеріне тоқталып: «Бұл бұрыс уәждер күн сайын Йеменде ондаған адам АҚШ-тың қолдауына сүйенген Сауд Арабиясы әскерилерінің қолынан жаппай қырылып, Батыс елдері тарапынан бұған ешқандай реакция білдірілмей жатқан жағдайда айтылып отыр»,-деді.
Иран Сот органының төрағасы Иран-Ирак соғысы кезінде Ирактың дарға асылған диктаторы Саддамның Германия тарапынан химиялық бомбалармен жарақталғанына тоқталып: «Германияның Экономика министрі мен сол сияқты шенеуніктер өз елдері мен одақтастары тарапынан адам құқығының бұзылу жағдайларына қарайлаудың орнына, қолдан жасалған мәліметтер негізінде Иранды адам құқығын бұзды деп айыптап, жөнсіз әрі ойластырылмаған сөздер айтады»,-деді.