ДАИШ-ты демеушілер БҰҰ-да Сирияға қарсы қарар қабылдады
Алеппо қаласы лаңкестерден тазартылған соң Сириядағы лаңкестік топтардың демеушілері БҰҰ Бас ассамблеясында бір қарар қабылдады. Сырттай алғанда онда Сириядағы соғыс қылмыстарына қарсы тұру көзделген.
Катар мен Лихтенштейн тарапынан ұсынылған бұл қарар БҰҰ Бас ассамблеясында өте аз дауыспен бекітілді. Бұл қарарда оны бекіткеннен 45 күн өткен соң Сириядағы соғыс қылмыстары туралы деректерді тексеру үшін командалық бақылау механизмін құру көзделген. Батыс ақпарат құралдары соңғы күндері лаңкестердің Алеппода үсті-үстіне жеңілгеннен кейін бірқатар суреттер жариялады. Онда әскери емес адамдарды өлтіру, емдеу орталықтары мен көмек жеткізуші керуендерге шабуылдар бейнеленген. Ал бұл жағдайда аталмыш уәждер сан рет Сирия үкіметі тарапынан теріске шығарылды. Бұған қарамастан Алеппо азат етілгеннен бірнеше күн өткен соң Катар ұсынған қарардың бекітілуі Батыс-араб коалициясының Сирия армиясының әскери жетікстіктеріне қарсы саяси қатынас көрсетіп отырғанын білдіреді.
Сириядағы азамат соғысы 2011 жылы әлемнің түкпір-түкпірінен лаңкес тәкфиршілердің осы елге ағылуы салдарынан басталды. Батыс елдері тарапынан «ұстамды наразылар» деп танылған бүлікшілер 5 жыл бойы күш-қуаттары жеткенше әскери емес адамдарды өлтіріп, Сирияның қалаларын қиратты. Сонымен қатар ДАИШ лаңкестік тобы Сирияға қарсы коалицияның, әсіресе оның Сауд Арабиясы, Катар мен БАӘ бастаған араб бөлігінің ашық та жасырын қолдауына ие бола отырып, Сирияның түкпір-түкпірінде қорқынышты қылмыстар жасады. Адамдарды тірідей жағу, әйелдерді күңдікке салу, көмек жеткізуші керуендерді талан-таражға салу, Сирияның мұражайлары мен көне ескерткіштерін қирату – осы елдер тарапынан қолдауға ие болған лаңкестік топтар жасаған әрекеттердің бір бөлігі ғана.
Бұған қарамастан, Сирияның екінші ірі қаласы лаңкестерден босатылғанға дейін Батыс пен араб елдері арасында ешбір адам Сириядағы соғыс қылмыстары және онымен күресудің жолдары жайында бас ауыртпады. Алайда бүгінде Сириядағы ДАИШ пен басқа экстремистік топтарды демеушілер БҰҰ-ын құрал ретінде пайдаланып, Сирия армиясының лаңкестерге қарсы жеңістерін солғындатып көрсеткісі келеді.
Осындай жағдайда Сирияда орын алған кез-келген ықтималды соғыс қылмыстарын тексеру осы елдің мүддесіне сай келеді. Сирия үкіметінің қайраткерлері сан рет лаңкестер жеңіліп, соғыс аяқталған соң әрбір топты жасаған соғыс қылмыстары мен әскери емес адамдарды жаппай қырғаны үшін соттайтынын жариялаған еді. Осы тұрғыдан егер Батыс-араб талпыныстары Дамаск үкіметінің лаңкестікке қарсы шараларымен күреске емес, Сирияның қиындығын шешуге көмектесуге бағытталғанда, осы елдегі кез-келген соғыс қылмысын қарастыру тезірек жүргізілетін болады. Қалай болғанда да ДАИШ-ты қолдайды деп айыпталушылардың БҰҰ Бас ассамблеясында лаңкестікке қарсы талап етушілерге айналуы сириялық азаматтардың қазіргі қиындықтарын одан ары арттырып, лаңкестерді әлемнің басқа жерлерінде, соның ішінде Еуропа мен Америкада қылмыс жасауға ынталандырып, дөрекілендіре түседі.