Пан Ги Мунның БҰҰ бас хатшысы қызметіндегі сәтсіздіктері
Пан Ги Мунның БҰҰ-ның Бас хатшысы лауазымындағы екінші бесжылдық кезеңі 2016 жылдың желтоқсан айының отыз бірі күні аяқталғаннан кейін 2017 жылдың қаңтардың бірінен бастап 71 жастағы Антониу Гутерриш осы ұйымның тоғызыншы бас хатшысы ретіндегі қызметін бастайды.
Ең ірі халықаралық ұйым болып табылатын БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун онжылдық қызметі кезінде көптеген мәселелер, сын-қатерлер және дағдарыстармен бетпе-бет келді. Пан Ги Мунның осы сын-қатерлердің көбісіне қатысты іс-әрекеттері оң болмады. Пан Ги Мунның жұмысын қарастыру үшін ол айналысқан мәселелерді екі топқа бөлу керек: біріншісі – БҰҰ-ның ішкі мәселелері. Бұл мәселелер екі негізгі бағытты, яғни, ұйымның бюджеті мен БҰҰ және Қауіпсіздік кеңесінің құрылымын түзетуді қамтиды. БҰҰ-ның бюджетіне келетін болсақ, осы халықаралық ұйымның әдеттегі мәселесі, яғни, кейбір елдер тарапынан анықталған үлестің төленбеуімен қатар, АҚШ сияқты кейбір халықаралық алпауыттар, БҰҰ-ның бюджетінің айтарлықтай бөлігін қамтамасыз етіп отырғандықтан, түрлі жағдайларда осы ұйым мен оған қарасты ұйымдардың қайраткерлеріне өз талаптарын таңу үшін қысым жасайды. Алайда одан да маңыздырақ мәселе – осы ұйымның қауіпсіздік органының, яғни Қауіпсіздік кеңесінің қазіргі құрылымының халықаралық саясат пен экономика алаңындағы соңғы өзгерістер мен шындықтарға сәйкес келмеуі. Пан Ги Мун түрлі елдердің басшыларының Қауіпсіздік кеңесінің құрылымын түзетуге қатысты көптеген өтініштеріне қарамастан, осы аяда лайықты шара қолдана алмады.
Пан Ги Мун онымен бетпе-бет келген түйткілдердің екінші тобы сыртқы сын-қатерлер мен халықаралық және аймақтық мәселелерден құралады. Бұл аяда Сирия дағдарысы, Украина дағдарысы, Оңтүстік Судан дағдарысы мен Йемен соғысына ерекше назар аударуға болады. Осы жайттардың көбінде Пан Ги Мун тек бақылаушы ретінде әрекет етіп, ықпалды әрі сындарлы түрде әрекет етуге ниеттенген де жоқ. Пан Ги Мун қоштасу және БҰҰ-ның жаңа бас хатышсын таныстыру рәсімдерінде осы халықаралық ұйымның көптеген бағдарламаларының сәтсіздікке ұшырағанын және бұл сәтсіздіктерінің ешқайсысының Сирия дағдарысының жалғасуы мәселесінен жаман болмағанын мойындады. Пан Ги Мунның БҰҰ-ның Сирия дағдарысын шешудегі дәрменсіздігіне тоқталуы бұл ұйымның Қауіпсіздік кеңесінің қазіргі құрылымымен БҰҰ-ның жарлығы шеңберіндегі міндеттерін орындай алмайтынын көрсетіп отыр. Йемен соғысы сияқты жайттарда да БҰҰ саудиялық режимнің панасыз Йемен халқына қарсы рақымсыз түрде жасалған әуе шабуылдарының алдын алудағы қауқарсыздығымен қатар, бір масқарашылық әрекетінде бала өлтіруші режимдердің тізімінен Сауд режимінің атауын сызып тастады. Бұрын оның атауын бұл тізімге өзі енгізгеніне қарамастан, саудиялықтардың БҰҰ-на қаржылай көмектерін тоқтату туралы қоқан-лоққысынан кейін оның атауын шығаруға мәжбүр болды. Бұл мәселе БҰҰ-ның кейбір елдердің қысымымен өз ұстанымынан оңайшылықпен кері шегінетінін көрсетті. Осындай жағдайда бұл ұйымның аймақтық және халықаралық мәселелер мен дағдарыстарды шешетіндігіне үміттенбеу керек.