Там 22, 2020 21:11 Asia/Almaty
  • Сауда мәмілелерінен долларды алып тастау – Қытайдың бірінші мақсаты

Вашингтон қытайлық компанияларды қудалап, сауда келіссөздерін тоқтатқаннан кейін Қытай мен АҚШ арасындағы шиеленіс күшейе түсті. Жуырда АҚШ президенті Дональд Трамп екі ел арасындағы сауда келісімінің бірінші кезеңін қайта қарау туралы келіссөздерді алты айға кейінге қалдырып, қазір Бейжіңмен келіссөз жүргізуге ынтасы жоқ екенін мәлімдеді.

Вашингтонның қытайлық компанияларды қудалап, сауда келіссөздерін тоқтатып қоюы Қытай басшыларын долларды алып тастауға итермелеуде. Қытай мен Америка арасындағы шиеленіс ушыққан кезде Қытайдың ақпарат құралдары долларға тәуелдікті жою қажеттігі туралы көптеген материал жариялап жатыр. Олар доллардың орнын басқа валюта жүйесі алмастыруы керек деп санайды. "Біртіндеп басқа валюта жүйелерін қолданып, тіпті жаңа айналым жүйесін құрып, SWIFT-тен бас тартып, Американың басқа елдерге санкция салуда қолын қысқарту керек", - деп жазып жатыр.

Қытайдың халықаралық саудада доллардың үстемдігін тоқтатуға тырысып жатқанына көп болды. Бірақ АҚШ президенті Дональд Трамп билікке қол жеткізіп, Қытаймен сауда соғысын бастағаннан бері, Бейжіңнің бұл мақсатты жүзеге асыру туралы ерік-жігері күшейе түсті. Сол себепті, Қытай долларға тәуелділікті азайту туралы кесімді шешім қабылдады.

Дегенмен Қытаймен бірге, АҚШ-тың әлемнің әр түрлі елдеріне салған заңсыз санкциялары көптеген үлкен елдердің АҚШ долларын өздерінің сыртқы сауда айналымдарынан алып тастау туралы ойлануына себеп болды. Ресей, Үндістан, Түркия, Иран мен Еуропаның кейбір елдері саудадағы долларды жоюдың алғы  шебінде тұр.

Шын мәнінде, Қытайдың мақсаты – долларды қойып, өзінің валютасы юанды әлемдік валютаға айналдыру. Сонда Қытайдың әлемдік экономиканы бақылауы артады.

Бұл жағдайды түсінген кейбір сарапшылар, егер елдер осы мақсатта өздерін доллардан алшақтап, өзара саудада оның орнына өз валюталарын пайдаланса, АҚШ-тың әлемдік қаржы және банк жүйесінде үстемдігі бұзылады деп санайды.

Экономика мәселелері бойынша АҚШ сарапшысы Энтони Роули: «Егер елдер басқа валюталармен көбірек сауда жасаса, бизнесмендер басқа валюталарды, соның ішінде Қытай юанын қолданатын болса, қатты ұтылатын АҚШ болады», -дейді.

Бұл сараптама Қытайдың орталық банкі жақында кейбір қалаларындағы сауда айналымдарында тәжірибе жүзінде қолданылған криптавалютасының үлгісін кеңейту туралы жоспарларын жариялаған кезде пайда болды. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Қытайдың бұл әрекеті әлемдегі экономикалық ықпал теңгерімін осы елдің пайдасына өзгерте алады.

Қазір АҚШ-Қытай арасындағы сауда соғысы мен Қытайдың ірі серіктестеріне қарсы санкциялар таңылған кезеңде Бейжің бұл мәселеге байыптырақ назар аударып, долларға тәуелділігін төмендету үшін үлкен қадамдар жасауға мәжбүр.

АҚШ-тың әлемдік қаржы нарықтарындағы үстемдігін бұдан былай Қытай мен басқа да елдер қабылдамайтыны анық. Бүгінде шартараптан компаниялар, елдер мен халықтардың бір-бірімен  доллардан басқа валютамен есептескісі келетіні, санкцияларды жойып, зорлыққа мойынсұнбайтындары туралы хабарлар естілуде.  Қытай мен басқа елдер доллардың орнын басқа валюталармен алмастырғысы келеді.

АҚШ-тың мәжбүрлеу мен әлемдік деңгейдегі араласушылық әрекеттері мен осыған ұқсас оқиғаларды жалғастыруы елдердің осы мақсатқа жетуге деген шешімін күшейте түседі.

 

Тегтер