Қаң 28, 2021 21:43 Asia/Almaty
  • Байден үкіметі Иранға «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қатысты шектен тыс талап қойып отыр

Бұрындары айтылған түрлі пікірлерге қарамастан, Байден үкіметінің аға басшылары Иран мен «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қатысты Трамп үкіметі қолданған сөздер мен ұстанымдарды қайталады.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен сәрсенбі күні өзінің алғашқы баспасөз конференциясында Иранға қатысты ұстанымы туралы: «Егер Теһран «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасындағы өз міндеттемелеріне толық берік болса, АҚШ та солай істейді»,-деді.

Ол, сондай-ақ: «АҚШ өз одақтастарының көмегімен «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қайта оралуды Иранмен қарым-қатынаста бар қиыншылықтарды жою үшін мықтырақ әрі ұзағырақ келісім жасауға негіз ретінде пайдаланады»,-деді.

Блинкеннің қазіргі ұстанымы АҚШ-тың ядролық келісімге ешбір шартсыз қайтатынына үміт қалдырмайды. Ал бұл жағдайда Теһран үкіметі «Вашингтон «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қайтып оралып,  Трамп кезіндегі санкцияларды жойған жағдайда ғана Иран ядролық келісімге қайта оралып, өз міндеттемелерін орындауға дайын екенін» сан рет айтты. Алайда Байден үкіметі допты Иран жеріне лақтырып, Теһранның ядролық келісімдегі міндеттемелерін толық орындауы керегін баса айтып отыр. АҚШ-тағы жаңа үкімет басшылары 2018 жылы мамырда Трамп үкіметі кезінде бұл елдің ядролық келісімнен шығып, мейлінші қысым саясаты аясында Иранға қарсы ауыр санкциялар салғанын ұмытып кеткен сыңайлы.

БҰҰ-дағы Иран өкілдігінің ақпарат өкілі Әлиреза Мирюсефи АҚШ Мемлекеттік хатшысының алғашқы сөздеріне жауабында: «Иран емес, АҚШ ядролық келісімдегі міндеттемелері мен №2231 қарарды бұзды»,-деді.

Блинкен Иранға ядролық келісімнен тыс та талаптар қойып отыр. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Иранмен ықтималды келіссөздерде бұл елдің зымырандық қуаты мен аймақтық саясаты да талқылануы тиіс деп санайды. Ол, сондай-ақ, бұл салада АҚШ-қа одақтастарының көмектесетініне иек артып отыр. Байден үкіметі мен оның сыртқы саясат командасының ұстанымдарын назарға алар болсақ, АҚШ-тың одақтастары – еуропалық серіктестер, сионистік режим мен Сауд Арабиясы сияқты аймақтық режимдер.

Шын мәнінде Байден үкіметі Иранның ядролық жұмыстарына қатысты шектеулердің мазмұны мен мерзімінің кеңеюін қалап қана қоймайды, басқа мәселелер, соның ішінде Иранның зымырандық қуаты мен аймақтық саясаты жөнінде келіссөз өткізуді Теһранға таңғысы келеді. Ал Иран үкіметі өзінің «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына ғана берік болатынын және басқа мәселелер туралы келіссөз өткізбейтінін сан рет жариялады.

Айқын нәрсе мынау: егер Байден үкіметі Иран мен ядролық келісімге қатысты Трамп үкіметінің қателіктерін түзетпей, бұрынғы жеңіліс тапқан жолды қайталайтын болса, Иран ядролық жұмыстарды сан және сапа тұрғысынан арттыру аясында барынша табандылық таныту стратегиясын жалғастыратын болады.  

Тегтер