Байденнің қатаң ескертуі: АҚШ-тың Қытайға қарсы ұстанымы
Әлемдегі бірінші және екінші ірі экономикаға ие елдер ретіндегі АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы соңғы жылдарда, әсіресе АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың билігі кезінде текетіреске толы болды. Енді Джо Байден билік басына келгеннен кейін Вашингтон мен Бейжің арасында текетірестердің жаңа кезеңі басталған сыңайлы.
АҚШ-тың жаңа Президенті Джо Байден Қытай Президенті Си Цзиньпинмен соңғы телефон сұхбатының екі сағатқа созылғанын айтып: «АҚШ Қытайдың саясаттарына қарсы шара қолданбаса, олар біздің құқығымызды аяққа таптайды»,-деп уәж айтты.
Ақ үй бейсенбі күні таңертең жасаған мәлімдемесінде Байденнің Си Цзиньпинмен телефон арқылы сұхбаты туралы: «Байден Бейжіңнің ынсапсыз әрі зорлықшыл экономикалық тәсілдері, Гонконгтағы басып-жаншулар, Шыңжаңда адам құқығының бұзылуы және аймақта, соның ішінде Тайванға қарсы қитұрқы шаралары туралы қатты алаңдаушылық білдірді»,-деп мәлімдеді.
Байден бұдан бұрын Трамптың Қытайға қатаң қатынасын сынаушылардың бірі болып, Трамп кезінде бекітілген тарифтер мен шектеу шараларын қажетсіз әрі әсерсіз деп атаған болатын.
Вашингтон Қытайды сауда-экономикалық, әскери-қауіпсіздік және адам құқығы саласында атқарып жатқан шаралары үшін сынауда.
Сауда-экономикалық салада енді Байден Трамп сияқты ойлап, Қытайдың АҚШ-қа қарсы қатынасы мен шаралары көптеген экономикалық шығын әкелді, сондықтан Бейжіңнің экономикалық тәсілдерін қабылдауға болмайды деп санайды. Трамптың 2018 жылы Қытайға қарсы ашқан соғысы ақырында екі елдің келісімге қол қоюына себеп болып, Вашингтон америкалық тауарлар мен өнімдерді Қытайға экспорттауда ірі коммерциялық артықшылыққа қол жеткізсе де, статистика көрсеткендей, екі елдің сауда таразысы әлі күнге дейін толық Қытайдың мүддесіне сай болып отыр.
АҚШ-тың Сауда министрлігі 2021 жылы ақпанда: «АҚШ-тың 2020 жылы сауда теңгерімінің тапшылығы соңғы 12 жылда ең жоғары деңгейге, яғни 678,7 млрд долларға жетті»,-деп мәлімдеді. Байден үкіметі осы үдерісті өзгерткісі келеді. Жақын болашақта екі елдің арасында жаңа сауда текетіресі болуы әбден мүмкін.