Теһран мен Бейжің қарым-қатынасы стратегиялық деңгейге көтерілді
Иран мен Қытай халықаралық жүйеде маңызды әрі ықпалды екі ел ретінде әртүрлі салаларда өзара әріптестікті кеңейту үшін ортақ мүдделер мен мақсаттарға ие. Осы қатынасты нығайтатын нәрсе – жан-жақты стратегиялық әріптестікке талпыну.
Қытай Сыртқы істер министрі Ван И осы орайда Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зарифтің ресми шақыруымен жұма күні Теһранға келді.
Иран мен Қытай Сыртқы істер министрлері бүгін Теһранда ұзақ мерзімді әріптестік туралы сұхбаттасып, жан-жақты ынтымақтастық бағдарламасы құжатына қол қояды. 25 жылға дайындалған бұл құжат шын мәнінде Азиядағы екі ұлы өркениет иесі Иран мен Қытайдың қарым-қатынасында жаңа тарау болмақ.
Иран мен Қытайдың қарым-қатынасы екі тұрғыдан маңызды:
Біріншіден, екі ел стратегиялық қарым-қатынасты дамытуға талпынады.
Иран мен Қытай өзара қарым-қатынасты үш салада саяси-экономикалық, қорғаныс және қауіпсіздік, геосаяси және стратегиялық деңгейде дамытуда. 25 жылдық стратегиялық құжатқа қол қою – осы үдерісті толықтыруға бағытталған маңызды қадам.
Екіншіден, Теһран мен Бейжіңнің аймақтық және халықаралық дипломатия саласындағы әріптестігі аса маңызды.
Иран мен Қытай аймақ, соның ішінде Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын сақтауда ортақ мүддеге ие. Ұзақ мерзімді жан-жақты ынтымақтастық құжатына қол қою осы тұрғыдан стратегиялық маңыздылыққа ие.
Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи 2016 жылы қаңтарда Қытай Президенті Си Цзиньпинмен кездесуінде кейбір елдердің, әсіресе АҚШ-тың үстемшіл саясаты мен олардың басқа елдермен екіжүзді әріптестігіне тоқталып: «Осындай жағдайда тәуелсіз елдер бір-бірімен көбірек әріптесуді қалайды. Иран мен Қытайдың 25 жылдық стратегиялық қарым-қатынас туралы келісімі тараптардың жіті бақылауында орындалуы тиіс»,-деп қуаттады.
Қарым-қатынастың бұл деңгейі шын мәнінде аймақтық сатыда өзара сенімді білдіреді. Экономикалық тұрғыдан екі елдің Ұлы жібек жолы жобасы аясындағы тасымал мен энергетика саласындағы әріптестігі стратегиялық деңгейде деп айтуға болады. 2019 жылы жарияланған статистикаға сәйкес, санкциялар шарықтау шегіне жеткен кезде Иран мен Қытайдың сауда айналымы 24 млрд долларға жетті. Осы жылдарда Қытаймен қатынас мұнай және қуат көздерімен ғана шектелген жоқ. Екі ел аймақтық қарым-қатынасты нығайта түсу әлеуетіне ие.
Иран СІМ-нің ақпарат хатшысы Саид Хатибзаде айтқандай, Иран мен Қытай қарым-қатынасы көп қатпарлы әрі терең. Екі елдің жан-жақты ынтымақтастық құжаты – осы бағыттағы толық жол картасы. Бұл құжат түрлі салалар, соның ішінде саясат, қауіпсіздік, қорғаныс, мәдениет, ауыл шаруашылығы, экономика, ғылым, туризм, мұнай мен энергетика, телекоммуникация, ақпараттық технология, сауда-саттық, медицина мен денсаулықты қамтиды. Бұл құжатта экономика саласына баса назар аударылған. Иран Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» жобасына қатысады деп күтілуде. Иран Каспий теңізін Парсы шығанағы мен Оман теңізіне тұрақты түрде байланыстыратын буын болып табылады. Осы ерекшелік шетелдік инвесторлар, соның ішінде Қытай үшін Иранның орта және ұзақ мерзімді экономикалық бағдарламаларға қатысуын тартымды етті.