Maм 29, 2022 21:16 Asia/Almaty
  • Лавров Ресей күштерінің Сирияда қалатынын қуаттады

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров осы ел күштерінің Сирияда әскери миссиясы жоқ десе де болатынын айтып: "Бұл күштер Дамаск үкіметінің өтінішімен Сирияда қалып отыр. Сарбаздар саны миссиялар негізінде анықталады. Іс жүзінде ешқандай әскери миссия қалмады. Жалғыз мақсат – Сирияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін кепілдендіру",-деді.

Батыстың ақпарат құралдары Украина соғысындағы өзгерістер мен Мәскеуге көбірек әскери күш керегін ескеріп, Ресейдің Сириядан күштерін шығаратыны туралы уәж айтқанына реакциясында Лавров Ресей күштерінің Сирияда қала беретінін айтты.

Лавров: "Біз Сирия Президенті Башар Асадтың өтініші бойынша және БҰҰ Жарғысын толық сақтай отырып, осы елге әскери күш орналастырып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2254 қарарында анықталған миссияларды орындап жатырмыз және болашақта да осы бағытты берік ұстанамыз",-деді.  

Ресейдің әрдайым баса айтып келе жатқан мәселесі: Ресей күштерінің Сирия жерінде осы үкіметтің рұқсатымен заңды түрде болуы мен Батыс елдерінің Сирияда заңсыз болуы арасында айырмашылық бар. Сирияның заңды үкіметінің басты одақтастарының бірі ретінде Ресей әрдайым Дамаск үкіметінің рұқсатынсыз осы елде орналасқан шетелдік күштердің шығарылуы және Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау керегін баса айтып келеді. Осы орайда Мәскеу сан рет америкалық күштердің Сирияда заңсыз орналасып, осы елдің мұнайын ұрлап жатқанын сынап, мұны тоқтатуды талап етті. Лавров: "АҚШ Сирияны дағдарыс жағдайында қалдыруға және жауластық әрекеттерді қайта бастауға талпынып жатыр. Америкалық басқыншылар жауластық әрекеттер жасап, соның ішінде Сирияда ашық түрде псевдоүкіметтік ұйымдар құрып, бөлінуге тікелей итермелеп отыр",-деді.

Сирия 2011 жылдан бері Батыс пен олардың араб одақтастарының қолдауымен басталған бейберекеттік салдарынан дағдарысқа түсті. Сауд Арабиясы, АҚШ пен оның одақтастарының қолдауына ие лаңкестік топтар біртіндеп аймақ теңгерімін Израильдің мүддесіне қарай өзгерту және қарсыласу өзегін әлсірету үшін Сирияның түрлі аудандарында осы ел армиясымен ауқымды қақтығыстар жүргізді. Осы әрекетке реакцияда алдымен Иран Сирияға әскери кеңесшілер жіберу арқылы лаңкестік топтармен күресуге кірісіп, келесі кезеңде Иран мен Ресейдің сұхбатынан кейін Ресей Президенті Владимир Путин 2015 жылы қыркүйекте Сирияға ресейлік күштер мен ұшақтар жіберуге бұйрық берді. Содан кейін Сирия армиясы мен одақтас күштер ортақ әскери амалдар жүргізіп, ірі жеңістерге жетіп, елдің көп бөлігін лаңкестерден азат етті.

Көңіл аударарлық жайт: Ресей мен Иран күштері Сирияға осы ел үкіметінің шақыруымен барды. Шын мәнінде Сирия армиясы Иранның әскери кеңестерінің көмегі және Ресейдің әскери қолдауымен ДАИШ пен басқа да лаңкестік топтардың Сириядағы белсендігін тоқтатып, өзінің аумақтық тұтастығын сақтап қалды.

Мұнымен қоса, Сирияның солтүстік аудандарында Түркияның әскери әрекеттер жүргізуі Ресейдің реакциясын тудырды.  Ресей осы аудандарда өз күштерін нығайтып, Анкараға Сирияның солтүстігінде тағы авантюристік әрекеттер жасаудың салдары туралы ескертті. Мәскеу Украинадағы соғысқа қарамастан, Дамаскты қолдауын жалғастыра береді. Сирияның әскери ақпарат көздері Al-Mayadeen-ге: "Сирия күштері Ресей армиясымен бірге Түркиямен шекаралас аудандарда әуе және құрлықтан патруль жүргізеді. Ресей аймақта өзінің ықпалын бекітуді қалайды. Сондықтан Түркияға ескерту жасап, Сирияның солтүстігінде кез келген жаңа әскери амалының алдын алуға дайын екенін жеткізді",-деді.

Саяси сарапшы Әлиакбар Фарази: "Түркияның Ресей мен Иранның мүдделеріне қарсылығы қазір Сирия жерінде шынайы түрде көрінді",-деді.  

Тегтер