Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (84)
Бүгінгі бағдарламада х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда (12 ғасырда) өмір сүрген Иранның атақты философы, хакімі әрі мистигі «шейх ул-Ешрақ» деген лақап атпен танымал шейх Шахабеддин Абулфутух Яхия бен Хабаш Сухраварди жайлы сөз қозғап, өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, келіп, Иранның осы ұлы философы мен мистигінің еңбектері мен қызметтерін талдаймыз.
Айтып өткеніміздей, ислам философиясының дәстүрінде (Платонның философиялық ілімін жақтаушы) «ешрақ» мектебінің негізін қалаған философ әрі мистик Шахабеддин Сухраварди х.қ.ж.с.б. 549 жылы Зәнджанға жақын жердегі Сухравард ауылында дүниеге келіп, х.қ.ж.с.б. 587 жылы 38 жасында Алеппоның діни заңгерлерінің арандатуымен Салахеддин Ейюбидің бұйрығымен өлтірілді. Сухраварди өзінің қысқа ғұмырында шамамен 50 еңбек жазып қалдырған. Осы ирандық философтың туындыларының бір бөлігін тұспалды және құпиялы трактаттар мен әңгімелер құрайды. Зерттеушілердің пікірінше, бұл туындылар Сухравардидің келбетін бетпердесіз көрсетеді. Өткен бағдарламада осы ұлы ирандық философтың бірнеше туындысын талдадық. Бүгінгі бағдарламада Батыс ойшылдары мен философтарының Сухравардидің философиядағы орны туралы пікірлері мен әлем халықтарының онымен таныс болу деңгейі жайлы сөз қозғайтын боламыз.
Шахабеддин Сухраварди перипатетикалық философияның екі дәуірі – ибн Сина мен ибн Рушдтың арасындағы «ешрақ» мектебінің негізін қалаушы әрі ең маңызды философ болған. Сухраварди ислам философиясының екі алтын дәуірін байланыстырушы буын болып табылады. Мұнымен қоса, оны Исфахан мектебінің пайда болуына жағдай жасаған тұлға ретінде қарастыруға болады. Өйткені Мирдамад пен Молласадра сияқты ирандық философтардың көбі оның философиялық мектебінен қатты әсер алған.
Сухраварди бастамашыл ойшыл болумен қатар басқалардың ойын сабақтастырып, жаңа ой ұсыну саласында да бірегей тұлға болған. Ол «ешрақ» деп аталатын бірегей философиялық ағым мен «ешрақ» тілі деп аталатын танымал да тың тілді бізге естелікке қалдырып қана қойған жоқ, сонымен қатар көптеген ірі аналитикалық туындылар мен сопылық жазбалардың жазылуына себеп болды. Туындыларының бірнеше қырлы табиғаты соңғы жылдарда көптеген философтардың оның туындыларына ереше ынта танытуына себеп болды деп айтуға болады.
Батыста алғаш рет Сухравардиге қатысты зерттеулерді кім бастағанын анық айтуға болмас, бірақ қолда бар еңбектерге сүйене отырып, өткен ғасырдың соңғы жылдарында неміс философтары тарапынан алғашқы зерттеулер жүргізіліп, Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін француздар тарапынан, соңында шектеулі аяда ағылшындар тарапынан зерттеулер жалғасын тапты деп айтуға болады. Испания мен Италияның көптеген зерттеушілері де Сухравардидің ойларын зерттеп жатыр. Осы арада сейіт Хосейн Наср сияқты ирандық зерттеушілер де өздерінің ағылшын және француз тіліндегі еңбектерінде Сухравардиді Батысқа таныстыруда әсерлі қадамдар жасады. Сухравардиге қатысты зерттеулер араб әлемі мен Үнді түбегінде ауқымды түрде жүгізіледі.
Батыс әлемінде Сухравардиге қатысты ең көне дереккөздері «Әлем философиясының тарихы», «Философияның әлемдік энциклопедиясы» сияқты әртүрлі кітаптардан алынған. Бұл еңбектерде ол перипатетикалық философияны сынаушы ретінде аталған. Сохейл Фаннан «Философиялық терминдердің арабша-парсыша сөздігінде» Сухравардидің ешрақи (платондық) терминдерінің бірқатарының негізін анықтаған. Атақты «Діндер тарихын» жазушы әрі діни энциклопедияны дайындаушылардың бірі Мирча Элиаде да өзінің ірі еңбегінің «Наным-сенім мен мазхабтық ойлар» атты 35-ші тарауында Сухравардидің діни-схоластикалық және мистикалық ойларына тоқталып өткен. Элиаде Сухравардиді Фараби, Ибн Сина мен Ғаззали сынды тұлғалардың арасындағы ең көрнекті мұсылман философы деп атаған.
Германияда А. Ван Крибердің «Исламдағы басқару ойларының тарихы» еңбегі мен Карл Броккельманның энциклопедиялық сипаттағы туындысында Сухраварди жайлы шашыраңқы деректермен бірге оған қатысты үлкен зерттеу жұмысы да бар. Ол неміс зерттеушісі Макс Хартен тарапынан «Сухравардидің ешрақи философиясы» деген атпен жүргізілген. Бұл еңбек неміс тіліндегі Сухравардидің «Хекмат ул-ешрақ» туындысы мен Молласадраның түсіндірмесін қамтиды. Хартеннің кітабы неміс зерттеушілердің кейінгі буынына Сухравардиге қатысты дереккөзі болып табылады. Хартен өзінің «Исламның практикалық және практикадан жоғары теологиясы Рази тұрғысынан» атты басқа бір еңбегінде Молласадра мен Рази сияқты бірқатар философтардың туындылары негізінде философиялық терминдер сөздігін жасап шығарған. Онда Сухравардидің ешрақи терминдері де келтірілген. Хартен бұл еңбегінде Сухравардидің айрықша тіліне, яғни ешрақи тіліне ерекше көңіл бөлген.
Тағы бір неміс зерттеушісі Эту Спайс ағымдағы ғасырдың басында Сухравардиге көңіл бөліп, өзінің зерттеу еңбегінде Шахабеддин Сухравардидің мистика саласындағы үш трактатын талдаған. Олар мыналар: «Лұғат-е муран», «Ресалат ут-тейр» және «Сафир-е симорғ». Көрнекті неміс зерттеушісі Хельмут Риттер екі көлемді мақалада Сухраварди жайлы жалпы баяндап, оның философиясының негізгі өзегін анықтауға талпынған. Симон Ванденберг те Сухравардидің «Хайа кол ән-нур» атты трактатының бір бөлігін түсіндерме және қысқа ескертпелермен бірге аударған.
Сухраварди жайлы ең көне еңбек француз тілінде Бернар Кара де Во тарапынан 1902 жылы «Ешрақ философиясы» деген атпен жазылған. Онда Сухравардидің ешрақ теориясының құрылысы талданған. Француз зерттеушілердің келесі буын өкілдері арасынан Генри Корбин сияқты көрнекті тұлғаларды атап өту қажет. Ол сухравардитануда бәрінен көш ілгері. Батыс зерттеушілерінің шектеулі саны ғана ислам философиясын Батысқа таныстыруда Генри Корбиннен көбірек үлес қосты деп айтуға болады. Оның еңбектері Батыста ғана емес, Иранда да ерекше маңызды. Ол жасаған Сухраварди еңбектерінің аудармасы мен түсіндірмелерінің саны өте көп. Корбинның ең маңызды еңбегі Сухравардидің жалпы философиялық туындыларын зерттеп, екі томда басып шығарған кітабы болып табылады. Бұл еңбек Сухравардидің тұлғасы Иранда да, Батыста да көңіл аударусыз қалған кезде жарық көрді. Оның аудармалары Сухравардидің «Хекмат ул-ешрақ» пен «Жебірейіл қанатының үні» атты негізгі туындыларының еркін аудармасынан тұрады. Оған Пауль Кровас көмектескен.
Корбин туындыларының үлкен тізіміне «Ирандық ислам» еңбегін кіргізуге болады. Оның екінші томында Сухраварди мен оның платоншылдар және жаңа платоншылдармен байланысы қарастырылған. Сондай-ақ, «Ислам философиясының тарихы» және ағылшын, неміс және италиян тіліне аударылған «Ирандық суфизмдегі нұрлы адам» атты еңбектерінен де Сухраварди жайлы мәлімет білуге болады. Корбин «Ирандық суфизмдегі нұрлы адам» атты еңбегінде Сухравардидің ойын пайдаланып, қасиеттілік аясын кеңейтіп, ибн Арабидің «Болмыстың бірлігі» мектебі мен Семнанидің «Түйсік бірлігі» мектебін талдаған. Содан соң ол өзінің бірқатар еңбегінде ешрақи мазмұндарын, нәпсінің алыс Батыстан (occidental exile) нұрлы Шығысқа (orient of light) рухани сапарын талдаған.
Сухравардидің рухани концепциясы – Корбонның «Мистика мен ақлақ Шейх Ешрақ көзқарасы тұрғысынан» атты мақаласының басты тақырыбы. Корбин, сондай-ақ, Сухравардидің ешрақи теориясының философиялық маңыздылығын басқа бір мақалада салыстырмалы түрде талдаған. Ол, сонымен қатар, «Сухраварди – ешрақ мектебінің негізін қалаушы» атты еңбегінде Сухравардидің өмірі мен ойларына нақты талдау жасаған.
Корбин де ұлы ұстаздар сияқты Сухравардидің ойларын зерттеуге көңіл аударған шәкірттер тәрбиелеп шығарған. Олардың арасынан христиан Джамбетті атауға болады. Джамбет өзінің «Ешрақи қисыны» атты еңбегінде өзі «Шығыс қисыны» деп атаған нәрсені егжей-тегжейлі түсіндірген. Корбинның тағы бір шәкірті Амир Нафаки «Тәсіл мен қисын Сухраварди көзқарасы тұрғысынан» атты еңбегінде Сухравардидің методологиясы мен ешрақи философиясы тәсілінің көрнекті ерекшеліктерін талдаған.
Сухравардидің рөлін ұлықтауға арналған француз тіліндегі еңбектердің арасынан Джордж Анаватидің «Ибн Сина: Шипа метафизикасы» атты кітабын атау қажет. Онда жазушы ибн Синаның құрылымтануының Сухравардиге қаншалықты әсер еткенін талдап, оны жалпы ибн Синаны жақтаушы деп көрсетеді. Анавати, сондай-ақ, «Әл-Машаре уәл-Матарехат» еңбегіндегі болмыс ұғымы» атты кітабында Сухравардидің болмыс туралы теориясын талдап, оның ибн Синаның болмыс туралы теориясымен ұқсастығын тағы да жазған. Абдулрахман Бадави да Сухравардидің болмыстануы туралы өзгеше зерттеуде ислам суфизмі мен экзистенциализмнің тоғысқан жерлерінде Сухравардидің болмыстануы мен экзистенциалистік құрылымды салыстырып, философияның осы екі парадигмі арасындағы айырмашылықтар мен ұқсастықтарды анықтайды.
Льюис Гардет (Louis Gardet) – Сухравардиді Батысқа таныстыруда маңызды үлеске ие зерттеушілердің бірі. Бұл француз зерттеушісі Сухравардиді еуропалық оқырманға таныстыру үшін әртүрлі мақалалар жазған. Оның көңіл аударуға тұрарлық туындылары арасынан «Сухравардидің ойындағы ешрақи сипаттары» туралы мақаланы атауға болады. Онда Сухраварди ойының рухани қырлары қарастырылған. Гардеттің келесі туындысы Сухраварди ойының басты өзегі мен оның мистикалық тәжірибесінің мәнін талдауға арналған. Оның тағы бір мақаласы «Шейх Ешрақ Сухраварди мен мұсылман мәдениеті» деп аталады. Онда Фарабидің перипатетикалық философиясы Сухравардидің философиясымен салыстырылған.
Сухравардидің ислам философиясы тарихындағы орны Гомес Ногалес тарапынан «Сухраварди және оның философия саласындағы үлесі» атты еңбегінде қарастырылған. Сухравардидің философиялық құрылымы Хасан Ханафидің арқасында қазіргі заманғы философиялық тақырыптармен диалогқа түсті. Ханафи «Ешрақ философиясы және құбылыстану» атты өте тың да қызықты мақаласында ешрақ философиясы мен Хосрельдің құбылыстануын тәсілтану терминдері мен «өзін артық санау» ойы тұрғысынан салыстырды.