Там 27, 2016 18:22 Asia/Almaty
  • Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (85)

Бүгінгі бағдарламада х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда (12 ғасырда) өмір сүрген Иранның атақты философы, хакімі әрі мистигі «шейх ул-Ешрақ» деген лақап атпен танымал шейх Шахабеддин Абулфутух Яхия бен Хабаш Сухраварди жайлы сөз қозғап, өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, Иранның осы ұлы философы мен мистигінің еңбектері мен қызметтерін талдаймыз.

Айтып өткеніміздей, ислам философиясының дәстүрінде (Платонның философиялық ілімін жақтаушы) «ешрақ» мектебінің негізін қалаған  философ әрі мистик Шахабеддин Сухраварди х.қ.ж.с.б. 549 жылы Зәнджанға жақын жердегі Сухравард ауылында дүниеге келіп, х.қ.ж.с.б. 587 жылы 38 жасында Алеппоның діни заңгерлерінің арандатуымен Салахеддин Ейюбидің бұйрығымен өлтірілді. Сухраварди өзінің қысқа ғұмырында шамамен 50 еңбек жазып қалдырған. Осы ирандық философтың туындыларының бір бөлігін тұспалды және құпиялы трактаттар мен әңгімелер құрайды. Зерттеушілердің пікірінше, бұл туындылар Сухравардидің келбетін бетпердесіз көрсетеді. Өткен бағдарламаларда осы ұлы ирандық философтың  бірнеше туындысын талдадық. Содан соң Батыс ойшылдары мен философтарының Сухравардидің  орны туралы пікірлері мен әлем халықтарының осы ирандық философпен таныс болу деңгейі жайлы сөз қозғап, Германия мен Францияға бас сұқтық.

Батыста Сухравардимен айналысатын ағылшын тілді зерттеушілер арасында бірінші әрі ең көрнекті адам – тегі ирандық зерттеуші сейіт Хосейн Наср. Ол  1950 жылдардың аяғында Сухравардиді Батысқа таныстыра бастады. Оның осы саладағы туындыларын бүгінгі бағдарламада толығымен атап өте алмаймыз, сондықтан осы қазіргі заман ойшылының кейбір еңбектерімен таныстырумен шектелеміз.

Бірінші еңбек – сейіт Хосейн Насрдың алғысөзімен басылып шыққан Сухравардидің парсы тіліндегі топтамасы. Наср Сухравардидің ойлары мен туындыларын таныстыру үшін көптеген мақалалар жазған. Солардың арасынан «Шейх Ешрақ Шахабеддин Сухравардидің парсы тіліндегі туындылары мен оның Ешрақ мектебін таратуы» туралы мақаланы атауға болады. Наср басқа мақаласында Үндістан түбегі мен Батыста сопылық ойлардың таралуы жайлы сөз қозғайды. М.М. Шарифтің  «Исламдық философия тарихы» атты кітабындағы Насрдың мақаласы да ағылшын тіліндегі алғашқы толық мақалалардың бірі болып саналады. «Үш мұсылман хакімі» аттың кітаптың Насрға қатысты бөлігі мен 1960 жылы басылып шыққан «Сухраварди: шейх шаһид және ешрақ пен мистика мектебінің пірі» атты мақала батыстық оқырмандарға Сухравардиді таныстыруда ұзақ жолды жүріп өтті.

Мәджид Фахри – араб тілінде Сухраварди жайлы жазған көптеген мақалаларымен қоса, «Исламдық философия тарихы» атты кітабында Сухраварди жайлы қысқаша айтып өткен ирандықтардың бірі. Ол, сондай-ақ,  «Философия, догматизм: грек ойының Исламға әсері» атты кітабындағы бір бөлімді  Сухравардидің перипатетиктерді сынауына арнаған.

Ағылшын философы Ричард Нетон өзінің туындыларының бірқатарында Сухравардиге тоқталып қана қоймай, оның болмысты тану жүйесіндегі жаңа платондық құрылымын талдап, оны сопы философ деп санаған. Экбаль Лахури де Сухравардиді ағылшын тілдестерге таныстыруда маңызды үлес қосқан. Ол «Ирандағы философияның жолы» атты кітабындағы бір бөлімді  суфизмге арнап, онда Сухраварди мен оның ешрақ мектебін талдаған.

Сухравардидің парсы тіліндегі сопылық трактаттарының көбі алғаш рет Гарвард университетінің зерттеушісі Вилльям М. Сакстон тарапынан аударылып, басылып шыққан. Жуырда бұл топтама екінші рет жарық көрді. Нәтижесінде осындай аудармалардың арқасында Уилльям Блейк пен Уилльям Б. Итс сияқты кейбір америкалық ақындар ешрақи ұғымдары мен терминдерді талдады деп айтуға болады. Олар өздерінің өлеңдерінде ешрақи ойларына тоқталып, оның кейбір көркемдік терминдерін қолданған. Қазіргі заман зерттеушісі Салах Салем Әли «Уилльям Блейк пен Уилльям Б. Итс ойлары мен өлеңдеріндегі ешрақи мазмұндар» атты өз мақаласында Сухравардидің осы екі америкалық ақынмен ұқсастықтары мен оларға ықпалдарын қарастырған.

Мехди Хаери Язди «Ислам философиясындағы танымтану принциптері: физика ғылымы» атты ағылшын тіліндегі ең маңызды туындыларының бірінде Сухравардидің физика ғылымындағы ойларын тәпсірлеп,  түсіндірмесін ұсынады.

Сухраварди туралы ағылшын тіліндегі танымал еңбектердің арасынан Эдуард Джорджидің мақаласын айтуға болады. Онда ешрақ мектебінің жаңа дәуірде қайта жандануы жайында сөз қозғалған.

Антони Туфи «Сухравардидің «Жебірейіл қанатының үні» атты еңбегіндегі символизм мен қиял» атты мақаласында Сухравардидің символизмді қолдануын талдап, оның «нұр» символын қолданудағы тәсілін Ғаззалидің тәсілімен салыстырған.  

Сухравардитану саласында жұмыс істеген жазушылардың бірі – Джон Валтридж. Ол «Алла нұрлары ғылымы» атты өзінің жазбаларында Сухравардидің «Хикмет ул-ешрақ» атты еңбегін талдаған Құтбеддин Ширази мен басқа тәпсіршілер жайлы сөз қозғаған. Валбридж, сондай-ақ, Сухраварди жайлы өзінің бір мақаласында оны жаңа стоик деп қарастырған. Валтридж «Ежелгі адамдардың ұйытқысы» деген Сухраварди жайлы ең жаңа еңбегінде Сухравардидің ешрақ мектебінің идеологиялық негіздері мен мәселелерін сараптап, шын мәнінде осы еңбектің жалғасы болып табылатын «Оккульттық Шығыс даналығы: Сухраварди мен Шығыстың платондық мәдениетін зерттеу» атты өзінің келесі еңбегінде ешрақ мектебінің бастауларын көбірек зерттеген.

Генри Корбин мен сейіт Хасан Насрдың Сухраварди туралы үздік туындылары басылып шыққаннан кейін көптеген студенттер осы ирандық философ пен ойшылға қызығушылық танытқан. 1970 жылдардағы докторлық диссертациялардың көбі осы салада жазылған. Мишель Байбели өзінің диссертациясын Сухраварди әңгімелерінің әдеби және шешендік қырларына арнаған. Байбели «Ешрақ даналығы: Сухравардидің поэтикалық қиссаларын талдау» атты өзінің жазбасында Сухравардидің парсы тіліндегі әңгімелері туралы ауқымды талдауын ұсынып, олардың әдеби құндылығына тоқталған. Казем Теһрани өзінің докторлық диссертациясында Сухравардидің сопылық жайлы 4 трактатын қарастырып, осы трактаттардағы символизмге толық сараптама ұсынған. Хосейн Зиаи өзінің докторлық диссертациясын Сухравардидің қисыны тақырыбында жазып, алғаш рет Сухравардидің үздік те айқын логикалық жүйеге ие екендігін айтып, оны басқа перипатетик философтардан бөліп қарастырған. Ол бірнеше мақала мен «Сухравардидің қисын туралы білімі» атты бір кітап жазған. Зиаидің ең маңызды жазбасы ретінде оның «Хикмет ул-ешрақ» еңбегінің аудармасын айтуға болады. Ол Джон Валтридждің әріптестігімен жазылған. Онда Сухравардидің ойындағы Зури қаласына қатысты Валтридждің сыны да келтірілген. Госила Веб ханымның докторлық диссертациясы Сухравардидің періштетану саласына арналған. Бұл да ағылшын тілдестерге Сухравардиді таныстыруға арналған  еңбектердің бірі. Ол осы еңбекте Сухравардидің періштетануындағы зороастристік тамырлар мен оның философиялық ойларындағы  исламдық негіздер арасындағы қатынасты талдаған.

Нахид Чаредардың Сухравардиге қатысты еңбектері қазіргі заманғы ағылшын тілділерге Сухравардиді таныстыруда әсерлі рөл атқарған еңбектердің қатарына жатады. Оның Сухравардидің танымтану туралы докторлық диссертациясында ақиқат пен физика ғылымы талданған, ал бірнеше мақаласында Сухраварди ойының  әртүрлі қырлары қарастырылған.

Испандық философ Арагос Джон Мануэль «Исламның иррационалдық ойлары: Сухравардидің сопылығы» атты жазбасында Сухраварди ойының сопылық қырына немесе оның өзінің айтуынша «исламның иррационалдық ойларына» көңіл аударған. Басқа испандық философ пен исламдық ой саласындағы әйгілі зерттеуші Мигель Хернандес Сухравардидің ойындағы рухани символизмді «Ислам философиясындағы символизм мен құпиялылық: Ибн Сина мен Сухраварди» атты кітабында талдап, оны ибн Синаның символизмімен салыстырған. Ол әсіресе Сухравардидің ойындағы құстардың ұшуы ұғымын «әт-Тейр» трактатындағы ұғыммен салыстырған. Хернандес өзінің басқа туындысын «Хикмет ул-ешрақ» туындысының мистикалық және философиялық құрылымы мен осы екеуінің қатынасын талдауға арнаған. Испан тілділерге Сухравардиді таныстыруда аргентиналық жас зерттеуші Андреа де Витаны да атау қажет. Оның докторлық диссертациясы Сухраварди жайлы болған. Ол Сухравардидің бірнеше туындысын испан тіліне аударуға талпыныс жасап жатыр.

Жапония мен Италияда да Сухравардиге қатысты  құнды еңбектер жазылған. Жапонияда соңғы жылдарда бірнеше зерттеуші Сухравардидің туындыларына көңіл бөліп келеді. Олардың жазған еңбектері аз болса да, атқарған істері көңіл аударуға тұрарлық. Жапон зерттеушілері арасында Тошико Изуцо Генри Корбин мен сейіт Хосейн Насрдың көмегімен 1970 жылдары Жапонияда Сухравардиге қызығушы студенттерді тәрбиеледі.  Осы студенттердің арасынан Харуто Кубаяши мен оның «Ибн Сина мен Сухравардидің сана туралы теориясы» атты кітабын атап өту қажет. Бұл кітапта ол Сухравардидің танымтануы мен оның физика ғылымы туралы теориясын Ибн Синаның теориясымен салыстырған.  

Италиялық философ Пию Филипон Рунакани Сухравардидің хикметі туралы маңызды еңбек жазып, Сухраварди ойының құрылысын оның ешрақ теориясының сопылық қырына сілтеме жасай отырып талдаған.

Басқа елдерде, соның ішінде Үндістан түбегі мен араб тілдес елдерде     Сухраварди және оның туындылары туралы көптеген еңбектер жазылған. Бүгінгі бағдарламада олардың барлығына тоқталып өту мүмкін емес. Бүгінгі әңгімені Сухравардидің құлпытасында жазылған  өлеңмен аяқтаймыз. 

«Бұл көрдің иесі жасырын інжу болған,

Құдай да оның құнынан хабарсыз еді.

Өмір оның қадірін білмеді.

Сондықтан Құдай оны халықтың назарынан жасырып,

оны өзінің қабыршағына қайтарған».