Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (80)
Айтып өткеніміздей, ислам философиясының дәстүрінде (Платонның философиялық ілімін жақтаушы) «ешрақ» мектебінің негізін қалаған философ әрі мистик Шахабеддин Сухраварди х.қ.ж.с.б. 549 жылы Зәнджанға жақын жердегі Сухравард ауылында дүниеге келіп, х.қ.ж.с.б. 587 жылы 38 жасында Алеппоның діни заңгерлерінің арандатуымен Салахеддин Ейюбидің бұйрығымен өлтірілді.
Сухравардидің қысқа ғұмырынан құнды еңбектер қалды. Осы ирандық философтың туындыларының бір бөлігін тұспалды және құпиялы трактаттар мен әңгімелер құрайды. Зерттеушілердің пікірінше, бұл туындылар Сухравардидің келбетін бетпердесіз көрсетеді. Әдемі тіл және құпия-тұспалдармен жазылған бұл туындылар Сухравардидің рухани тәжірибелерін қамтиды. Өткен екі бағдарлама барысында Сухравардидің парсы тіліндегі тұспалды және құпиялы туындыларына жататын «Жебірейіл қанатының үні» мен «Лұғат-е Муран» атты екі трактатты таныстырып өттік. Бүгінгі бағдарламада осы ирандық философтың парсы тіліндегі «Фи хақиқат ул-ешқ» атты тағы бір трактатын таныстырамыз.
Зерттеушілердің сенімінше, «Фи хақиқат ул-ешқ» трактаты осы уақытқа дейін ғашықтық жайында жазылған ең әдемі туындылардың бірі. Оның жазылу стилі өте әдемі, жетік, өлең жолдарымен әрленген және символизм бағытында жазылған. Дастанның сыртқы өзегі «Жүсіп, Зілиқа мен Жақып» болса да, толығымен мистикалық және философиялық сипатқа ие, яғни трактаттың негізі – мистикалық көзқарас және дінтанумен араласқан философиялық негіз. Сухраварди мұны әдеби тілде өлеңмен әрлеп, тұспалды түрде баяндаған.
Сухравардидің «Фи хақиқат ул-ешқ» трактатының оның басқа тұспалды шығармаларынан айтарлықтай айырмашылығы бар. Сухраварди трактаттарының арасынан кейбіреулерінде айырылу, жат жерде болу қайғысы, «Жер» деген айдалу орнында жалғыз қалу мәселелері талқыланған. Ал бұл трактатта ғашықтық мәселесі қарастырылып, «Ғашықтық» пен оның бауырлары – «Ізгілік» пен «Қайғының» жаралуына арналған. Шын мәнінде «Фи хақиқат ул-ешқ» трактатын Құран Кәрімдегі «Жүсіп» сүресінің талғамдық және поэтикалық тәпсірі деп айтуға болады. Сухравардидің осы дастан мен тәпсірге жету үшін жасаған ісі мынада: ол алдымен исламдық-ирандық мистикалық және әдеби дәстүрге шолу жасап, «Аууал ма халқ улла ул-ақл» сынды хадистерге көңіл аударып, ақыл, ізгілік және ғашықтықтың туындауы туралы аңызды қайта жандандырып, содан өзіне қажетті жағдайда осы жаратылыстарды пайдаланған. Сухравардидің аталмыш трактатының жалпы нәтижесі адамның рухани даму жолының негіздерін таныстырады. Даму жолының сатылары – таным, махаббат және ғашықтық.
Сухраварди: «Құдай алдымен ақылды жаратқан. Содан соң ақылға үш ерекшелік сыйлаған: біріншісі – құдайдың өзін тану, екіншісі – адамның өзін тану, ал үшіншісі – басқаны тану, немесе шейхтің өзінің айтуы бойынша, «болмаған дүние болсын»-ды тану. Алғашқы сипаттан ізгілік туындады, ал екіншісінен ғашықтық, үшіншісінен қайғы жаратылған»,-деген.
Талғамдық тәпсір бойынша, Сухраварди: «Ізгілік өзінің сұлулығы мен ажарлылығынан туындады, оның күлкісінен мыңдаған періште туындаған. Ғашықтық пен Ізгіліктің бір-біріне деген қызығушылығы мен байланысынан аспан мен жер жаралған. Бұл оқиғалардың барлығы адам жаралғанға дейін орын алған. Адамды жарататын кез келгенде Құдай өзінің ізбасарын Жерде орналастырды. Ізгілік бұл жағдайдан хабардар болып, топырақтан жаралған адамды көруге саяхатқа шығады. Адамды кездестіргені сол-ақ екен, оның мейірбандығына шырмалып қалады. Ізгілік адамның өне бойын баурап алады. Күндер өтіп, Ізгіліктің өз үйіне қайтпағанын көргенде бауырлары, яғни Ғашықтық пен Қайғы алаңдап, оны іздеуге кіріседі. Олар Ізгілікті адамның болмысына сүйенген күйінде тауып алады. Олар да адамның бойына кіргісі келеді, бірақ оларға жол берілмейді. Адамның ұлылығынан Ғашықтық, Қайғы, барлық періштелер мен аспандағы тіршілік иелері оған сәжде етеді»,-деген.
Ізгілік хазірет Адамнан кейін өзіне жаңа жер іздей бастап, Жүсіп пайғамбарға жетеді. Ізгілік Жүсіпке бауыр басады. Бауырлары тағы да оны іздей бастайды, бірақ ештеңе істей алмайды, өйткені Ізгілік пен Жүсіптің арасында ешқандай айырмашылық қалмаған еді. Бауырынан күдер үзген Ғашықтық пен Қайғы өз жолдарымен кетеді. Қайғы Кенан жеріне жетіп, Жүсіп пайғамбардың әкесі Жақып пайғамбармен Бейт ул-Ахзанда бірге отырып, онымен бірігіп кетеді. Бұл байланыстың тереңдігі соншалықты, Жақып өзінің көзін Қайғыға сыйға береді. Ал Ғашықтық жүріп отырып, Мысырға жетіп, сол ел патшасының сарайына кіреді. Мысыр патшасының әйелі Зылиқа Ғашықтықтың аты-жөнін білмек болып: «Сен кімсің? Қайдан келдің?»-деп сұрайды. Ғашықтық: «Мен Бейтулмұқаддастанмын. Рухабадтағы Ізгіліктің үйінен. Менің кәсібім – саяхатшылық»,-деп жауап береді. Ғашықтық өзі мен бауырларының өмірбаянын Зылиқаға айтып беріп, Ізгіліктің әлем мейірбандарының сұлтаны Жүсіп пайғамбарға жүрек жалғағанын баяндап береді. Зылиқа Жүсіптің Мысырда екенін айтады. Ғашықтық осы жағымды хабарды естігеннен кейін Зылиқаның мойнына асылып, оны көрейікші деп өтінеді. Ғашықтықпен астасып кеткен Зылиқа Жүсіптің жүзінен ізгілікті көрген кезде бірден ғашық болып қалады. Мысыр халқы оны осы үшін жазғырады.
Жүсіптің Мысыр патшасы болғаны туралы хабар Кенанға да жетеді. Жақып өзінің ұлдарымен бірге Мысыр патшасының сарайына барады, сонда ізгіліктің ошағы Жүсіп пен ғашықтықтың ошағы Зылиқаның патша тағына сүйеніп отырғанын көреді. Жүсіппен бірге келген Қайғы өзінің екі бауырымен кезігеді. Сөйтіп, үш бауыр – Қайғы, Ғашықтық пен Ізгілік бір-бірімен қайта қауышады.
Сухраварди осы жерде әңгімені аяқтап, содан соң осы бөлімге дейін айтқандары негізінде өз мәтініндегі ұғымдар мен сөздерді талдайды. Алдымен ғашықтық жайында баяндап, содан соң ғашықтық пен оның сүйіктісі жайында сөз қозғайды. Оның сенімінше, адам осы дүниеде тек ғашықтыққа жетіп, сүйіктісіне бойсұнуы тиіс. Сухравардидің пікірінше, ғашықтық – ғашықтың сүйіктісіне жетуіне арналған көпір. Сол себепті «Талап етушіні талапқа жеткізетін ғашықтық екені анықталғандықтан, өзіңді ғашықтықты тануға, ғашықтардың сатыларын білуге, содан соң ғажайыптарды көруге қабілетті етуге талпыну қажет» дейді.
Сухраварди содан соң «махаббат» жайында сөйлейді. «Әшқә» деген сөзден алынған ғашықтық сөзін талдайды. «Әшқә» – өсімдік. Ол ағашты орап алып, оның суын ішіп, реңін сарғайтады. Ағаштың жапырақтары осы солудың әсерінен түсіп, біраз уақыттан кейін ағаш та құрғап қалады. Шейх Ешрақ адамды сол ағаш деп санайды. Бұл ағаш аспанда жүректің дәнінен өсіп шыққан. Сухравардидің көзқарасынша, дене – сол аспандағы ағаштың суреті. Содан ғашықтық бір бұрыштан шығып, адамзаттан ешбір белгі қалмауы үшін оған оралып алып, жанды бақилыққа, денені фәниге жөнелтеді.
Сухравардидің көзқарасынша, адам өмірінің жалғыз мәні мен мақсаты – ғашық болу, сондықтан адам бұл әлемнің фәни, ал ана дүниенің бақилық екенін білуі керек. Бақилық өмірге жетудің жалғыз сыры – барша әлемнің жалғыз сүйіктісіне қосылып, ғашықтықтан ләззат алу. Ғашықтық әдеміліктерден көрініс табады. Сол себепті «Құдай сұлу және сұлулықты жақсы көреді» деп айтылады. Ғашықтық адамды ақиқаттың алдына таза күйде жету үшін кемелдендіреді.
Егер ғашықтық болмаса, ғашықтықтың қайғысы болмаса,
Айтылған және естілгендердің бәрі бос сөздер.
Егер бұрымды ұрлаған жел болмаса,
Сүйіктінің жүзі ғашыққа жетпес еді.