Иран ертегілері мен аңыздары (125)
Жалқы есімдердің "Мың бір түннің" кейбір ертегілері барысында ерекше рөл атқаратынын, бұл жайтты ертегіні талдағанда естен шығармау қажеттігін айттық. Өткен бағдарламада ұқсас есімдерді талдадық. Бүгін кейбір кейіпкерлердің есімдерінің мағынасын қарастырып, олардың мағыналары мен кейіпкердің тағдыры және қасиеттері арасындағы байланысты талдаймыз.
Ирандық барлық есімдердің өз мағынасына сәйкес келетінін айту қажет. Бұл ерекшелік араб және үнді есімдерінен де байқалады. Ирандық есімдердің көбінің мағынасы әлі күнге дейін сақталып қалған. Шығыс халқы оның мағынасын әлі де түсінеді. «Мың бір түн» кітабының кейіпкерлері де өз есімдерінің мағынасымен таныс, сондықтан сол мағынаға сәйкес әрекет етеді.
«Мың бір түн» ертегілерінің бірінде әйел кейіпкер өзіне сәйкес келетін ат таңдайды. Неман патшаның ардақты қызы Нозхат уз-Заман әкесінің патшалығынан алыс жерде құл сатушылардың қолына түсіп, көптеген қиындықтарды бастан өткерген соң, «Атың кім?» деп сұраған саудагерге жылап: «Қай атымды білгің келеді?»,-деп жауап береді. Саудагер: «Екі атың бар ма еді?»-деп сұрайды. Нозхат уз-Заман: «Осыған дейін есімім Қамар уз-Заман болған, ендігі атым – Ғоссе уз-Заман»,-деп жауап береді. Өзіне «Нозхат уз-Заман» деп ат қойған жас қыз өзінің басына төнген ауыр қам-қайғыға меңзейді. Сол себепті оның пайымдауынша, әрбір есім сол есімнің иесінің тағдырына сәйкес болуы тиіс. «Мың бір түн» ертегілерін баяндаушылар да осылай пайымдаған. Өйткені, шын мәнінде кітаптағы ондаған кейіпкердің есімдерінің мағынасы ертегілердегі адамдардың мінез-құлқы мен тағдырларына сәйкес келеді. Мысалы, патша қуып жіберген құл ызаланып, оны өлтіргендіктен «Құсбан» деп аталады. «Құсбан» ашулы және жынданған деген мағынаны білдіреді.
Осы есімдер ертегілердің кейіпкерлеріне сәйкес болуымен қатар, «Мың бір түн» кітабында негізгі кейіпкерлердің есімдері олардың физикалық қасиеттері, мінез-құлқы мен тағдырына сәйкес келмейтін, тіпті қайшы келетін қысқа ертегілер де бар. Ертегілердің бірінде «Хамуш» атты шаштараздың сөзуарлығы оған көптеген қиындық тудырады. Басқа бір ертегіде «Кафур» атты қара нәсілді нөкердің өшпенділігі баяндалған. Парсы тілінде «кафур» ақ дегенді білдіреді. Сонымен қоса, «Мың бір түн» кітабындағы бірнеше ертегіде кейіпкерлерді масқаралау үшін сайқымазақ есімдер берілген. Баяндаушы ертегінің сайқымазақ қырын айшықтап көрсету үшін кейіпкерлерге олардың табиғаты мен мінез-құлқына қайшы есімдер берілген.
Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Кәззап халиф» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, бір күні кешке Харун әр-Рашид Джафар Бәрмәки атты уәзірі мен қылышшы Масрурмен бірге киімдерін ауыстырып, белгісіз кейіпте қалаға барып, халықтың жағдайын білуге шешім қабылдайды. Тигр өзенінде қыдырып жүрген кезде өзін өтіріктен «халиф» деп таныстырған адамды байқайды. Харун әр-Рашид кәззап халифті көрген соң, оның кемесінің артынан жүріп отырып, тұрақтаған жерін анықтайды. Күзетшілер оларды ұстап алады. Олар өздерін саудагерміз деп таныстырады. Кәззап халиф оларды өз сарайына апарып, салтанатты дастархан жаюға бұйрық береді. Тамақтан кейін музыка ойналады. Кәззап халиф музыка ойналып жатқан кезде бірнеше рет есінен танып, үстіндегі киімдерін жыртып тастайды. Нөкерлері оған жаңа киім кигізеді. Осындай киім жырту кезінде нағыз халиф жалған халифтің иығынан қамшының жарасын байқап, Джафар Бармакиге ақырын ғана жағдайды айтады. Кәззап халиф олардың сыбырласып отырғанын байқап қалып, мұның себебін сұрайды. Джафар Бармаки Харун әр-Рашидтің бұйрығымен әлгі зақымның неден пайда болғанын сұрайды. Кәззап халиф өзінің басынан өткен оқиғасын баяндамас бұрын халиф пен оның жанындағыларға құрмет білдіріп, оларды әу бастан танығанын айтады. Содан соң өмірінің қиссасын айтып беруге рұқсат сұрайды. Харун әр-Рашид жас жігітке қаратып: «Ей, ізгі ниетті жігіт, өзіңнің тағдырыңды бізге баяндап бер. Тыңдауға дайынбыз»,-дейді.
Жас жігіт былай деп бастайды: «Алдияр, өзіңіз байқағаныңыздай, мен халиф емеспін. Бұл жалған сипатты өзім таңдап алдым. Осының көмегімен өзіме бағыныштыларға не істегім келсе, соны істеймін. Менің шын есімім – Мұхаммадәли. Мен зергер бұйымдарын сатушы Әлидің баласымын. Әкемді танитын боларсыз, өйткені ол қаланың танымал адамдарының бірі еді. Ол өзінен кейін маған бағалы зергерлік бұйымдар мен мүліктен тұратын көп байлық қалдырды. Мен де әкемнің жолын жалғастырып, зергерлік бұйымдар сатуымен айналысып, байлығымды күн өткен сайын арттырдым. Күндіз-түні кәсіпті дамытудың жолын ойладым. Дауысым да жақсы еді, арфада ойнай алатынмын. Дауысымның жақсылығы көптеген адамның құлағына жеткен еді. Бір күні дүкенімде отырған кезде атқа мінген бір әйел келді. Киген қымбат киімдері мен жанындағы қызметшісіне қарап, қаланың бай отбасынан шыққанын түсіндім. Ол аттан түсті де, менен: «Зергер бұйымдарын сататын Мұхаммадәли сен бе?»-деп сұрады. «Ия, менмін»,-дедім. «Өзіме лайық асыл тастармен көмкерілген алқа алғым келеді»,-деді. «Бұл дүкенде не бар, бәрін сізге көрсетемін. Қайсын қаласаңыз, соны сізге беремін»,-дедім. Дүкенде әдемі алқа көп еді. Солардың барлығын оған көрсеттім. Бірақ ешқайсысын ұнатпай: «Ең жақсы алқаңды алғым келеді»,-деді. Өте қымбат әдемі алқа бар еді. Әкем оны жүз мың ділдәға сатып алған болатын, бірақ Бағдадта осы құнды алқаны сатып алуға ақшасы жететін адам табылады деп ешқашан ойламаған едім. Сонда да бұйымды әкеліп, оған көрсеттім. Ол бірден «Дәл осыны қалаймын. Осындай зергерлік бұйымды іздегеніме көп болды. Мұны қаншаға сатасың?»,-деді. «Әкем мұны бірнеше жыл бұрын жүз мың ділдәға сатып алған еді»,-дедім. «Мен саған осы алқа үшін 15 мың ділдә артық беремін»,-деді. «Бануым, сіздің осы дүкеннен зат сатып алғаныңыздың өзі мен үшін мақтаныш. Сондықтан сізден пайда көргім келмейді»,-дедім. «Ей, жомарт жігіт, сыпайылық сақтаудың қажеті жоқ. Мен бұл алқаға 115 мың ділдә беремін. Алайда қазір өзіммен бірге жеткілікті ақша жоқ. Менімен бірге үйге жүр, ділдәңді сонда беремін»,-деді. Мен алқаны оған беріп, дүкенді жауып, әлгі әйел мен оның қызметшісіне еріп, олардың үйіне аттандым. Қаланың көшелерін бірінен соң бірін жүріп өтіп, салтанатты үйге жеттік. Үйдің сыртынан бұл үйдің Бағдадтың бір бай әулетіне тиесілі екендігі анық байқалды. Бірақ әлгі байдың кім екенін және ана әйелдің оған қандай қатысы барын білмедім. Қалай болғанда да, әлгі әйел үйге кіріп кетті. Ал мен есіктің сыртында біраз уақыт тұрып қалдым. Бірнеше минуттан кейін қызметшілерінің бірі келіп: «Бануым сізге үйге кіріп, ақшасын алсын деп айтты»,-деді. Үйге кіріп, кіреберіс дәлізден өтіп, кең аулаға жеттім. Аулаға аяқ басқаным сол еді, бетпердесін алып тастаған әлгі әйелді көрдім. Әдемілігі он төртінші түндегі айдай екен. Асыл тасты алқаны мойнына тағып алыпты. Ол маған мені көптен бері бақылап жүргенін және өте сыпайы түрде маған қызығатынын жеткізді. Содан соң: «Менің кім екенімді білесің бе?»,-деді. «Бануым, текті әйел екеніңді ғана білемін. Сенің сөз саптасың мен іс-әрекетіңнен тектілігің білінеді»,-дедім. «Менің атым – Дүние. Мен халифтің уәзірі Джафар Бармакидің қарындасымын»,-деді».
Жас жігіт осы айтқанда Харун әр-Рашидтің жанында отырған Джафар Бармаки тіксініп қалып, наразылық білдіргісі келді. Бірақ Харун оған кедергі келтіріп: «Джафар, тыныш! Мына жігіт өз тағдырын соңына дейін айтып берсін»,-деді. Уәзір көніп, үнсіз қалды. Кәззап халиф өз сөзін жалғап: «Дүние бану содан соң менен: «Маған үйленуге дайынсың ба?»-деп сұрады. «Бануым, сіз сарай маңындағы үлкен әулеттенсіз. Мен саудагердің баласымын. Сіз қайдасыз, мен қайдамын?»,-дедім. «Ей, Мұхаммадәли, сылтау айтпа. Егер маған мейірімің аумаса, тезірек айт. Саған бұдан артық үміт етпейін. Егер мені лайық санасаң, біздің некемізді қидыру үшін молда шақыртуға бұйрық беремін»,-деді. Мен қуанышпен қабылдадым».