Қаз 14, 2016 13:00 Asia/Almaty
  • Ашура – хақ күнінің жарқылы

Ашура – шындық пен жалғандықтың, дін мен наным-сенім жолындағы жанкештіліктің шайқасы, руханият пен ахлақтың көрінісі.

Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.): «Мені пайғамбар етіп таңдаған Алламен ант етемін!  Хусейннің аспандардағы орны оның жердегі орнынан жоғары! Илаһи ғарыштың оң жағында: «Хусейн – дұрыс жолға нұсқайтын шырақ және құтқаратын кеме» деп жазылған»,- деген болатын.

Хусейн – дұрыс жолға нұсқайтын шырақ және құтқаратын кеме

Мұхаррам айының 10 күні имам Хусейн (ғ.с.) мен серіктері Кербала оқиғасында Язидтің әскерімен соғысып, шәһид болды. Имам Хусейн бен Әли (ғ.с.) бұл күні санаулы бірақ иманды, адал және ғиззатқа ие серіктерімен дінсіз әрі тасжүрек залым үкіметке қарсы көтеріліп, Кербаланы мәңгілік махаббат пен азаттықтың сахнасына айналдырды.

 Басқа көптеген оқиғалармен салыстырғанда Ашура оқиғасының уақыты өте аз болды. Бұл оқиға бір жарым күн немесе одан көбірек уақытта орын алды. Бірақ оның әсері ақыретке дейін созылып, ұждандар мен жүректерге терең әсер етіп, жылдар бойы мұхаррам айында, әсіресе Ашура күні жиһад пен шәһидтіктің сабағын үйреткен ұстаз, яғни имам Хусейн бен Әли (ғ.с.)-ға деген махаббаттың толқыны шарықтап, тіпті шиіт емес азаттық талап етушілердің өздері оған тағзым етуде.

Мұндай таңырқататын оқиға қалай пайда болды?

Тарих бойында үлкен соғыстар орын алды. Көптеген халықтар қырылып, сансыз үйлер қиратылды. Соғыстардың құрбандары жазықсыз балалар мен қарттар, әйелдер мен ерлер болды. Бірінші және Екінші Дүниежүзілік соғыстардың салдарынан әртүрлі елдердің 30 миллионнан астам азаматы қаза болды. Бірақ әлемнің ешбір елінде оларға арналып, Кербала шәһидтерін еске алатындай рәсімдердің өткізілетіндігі туралы естідіңіздер ме?

Бұл соғыста имам Хусейн (ғ.с.) бір әскермен емес, бұрмалаушылықтар мен зұлымдықтарға толы әлеммен бетпе-бет келді.  Дүниеқұмарлық пен бұзақылық діни намыс пен иманды оқшаулап, залым дүниенің құнсыз айбындылығы жүректерді өз торына шырмаған еді. Бірақ имам Хусейн (ғ.с.) қысымдарға қарамастан, күдік-күмәнсіз оларға қарсы тұрды.

Ашура көтерілісінде ғиззат, бедел мен құрмет барлық нәрседен ерекше байқалады. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның пікірінше, ғиззат пен адамгершілікке сүйенген өмір мағыналы әрі көркем. Өмір – Алла тарапынан жіберілген нығмет және  барлық адамдарға өмір сүру кепілдігі берілген. Сондықтан адамдардың өміріне қатер тудыру айыпталады. Зұлымдық пен зорлық-зомбылық көрген әр адам соған қарсы көтерілуге міндетті. Құран Кәрім қарсы шықпаған әр адамды өзіне зұлымдық жасағаны деп санайды. «Ниса» сүресінің 97-ші аятында: «Өздеріне зұлымдық еткендердің, (бұлар Меккеден көшпей қалғандар) періштелер жандарын алғанда: “Қайда едіңдер?”,- деді. Олар: “Біздер бұл жерде шамасыз едік” деді. (Періштелер): “Алланың жері кең емес пе? Сонда ол жерге көшсеңдер еді?”,- деді. Міне, бұлардың орны тозақ. Неткен жаман орын»,- деп айтылған.

"Ниса" сүресінің 97-ші аяты

Ашура – шындық пен жалғандықтың, дін мен наным-сенім жолындағы жанкештіліктің шайқасы, руханият пен ахлақтың көрінісі.Ғасырлар бойы адамдар ержүректік, рухани айбын, жомарттық пен психикалық тұрақтылықты жақсы көргендіктен, азаттық пен әділет зұлымдық пен бұзақылыққа бағынбады. Басқаша айтқанда, әділет, жанкештілік пен махаббат дүниесінде өзгермейтін мәңгілік негіздер қалыптасты. Имам Хусейн (ғ.с.) адамның болмысында дұниеқұмарлық, пайдакүнемдік, шаһуаттар мен нәпсілік түрткілер ерекше байқалып, адамды алға ілгеруден бас тартқызған жағдайға тіреліп: «Алланың пенделері! Алладан қорқыңдар, дүниеде абай болыңдар! Егер бүкіл дүние бір адамға берілетін немесе дүниеде тек бір адам ғана қалатын болса, пайғамбарлар басқалардан лайығырақ болар еді. Сондықтан ақыреттерің үшін қор жинаңдар. Ең жақсы қорларың – тақуалықтарың. Алладан қорқыңдар, тақуа болыңдар»,- деді. Өз имамдарын таныған мүмін ерлер мен әйелдер  адамгершілік пен беделдерін қорғау үшін дүниелік ләззаттар мен сұлулықтарға көзжұмбайлық білдіріп, имам Хусейн (ғ.с.)-ның жолында қадам басты. Олар имамның мақсатының адамзаттың бақыты екендігін және имамға ерген адамның құтқарылып, оған ермеген адамның адасып жойылатынын білді.

 Бұл күні санаулы адам жеңіске жетіп, ақыл мен надандықтың соғысында ақыл жеңді. Имам Хусейн (ғ.с.) мен серіктері шөлдің қысқанына қарамастан, соңғы адамына дейін соғысып, шәһид болды. Нұрлы керуеннің тірі қалғандары залым күштердің  тұтқынына түсіп, Куфеге жеткізілді. 72 шәһид адамзаттың ең үлкен ерлігін көрсетіп, тарих пен адамзаттың ұжданында мәңгілікке қалды.

 Имам Хусейн (ғ.с.)-ның зұлымдыққа қарсы көтерілісі исламдық қоғамның ішіндегі өте маңызды мәселе және саяси-қоғамдық оянудың көрінісі болды. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның Аллаға тәуекел етуі мен Кербаладағы қарсыласуы одан кейінгі көптеген исламдық ағымдар мен қоғамдық қозғалыстарға жағдай жасады. Әртүрлі исламдық жерлердегі залым немесе басқыншы күштерге қарсы қарсыласу қозғалыстары  Ашураның ұзақ мерзімді нәтижелеріне жетуі мен имам Хусейн (ғ.с.) қозғалысының саяси әсерінің белгілерін көрсетті. Негізінде Ашура көтерілісі Ислам мен бірге тарих бойындағы азаттық пен адамгершілікті жандандыру болды. Дүниежүзінің әртүрлі аймақтарындағы шиіт емес мұсылмандардың имам Хусейн (ғ.с.)-ды қолдауы имамның қозғалысының шәһид болу және қарсыласу сынды ұрандарының қазіргі ғасырдағы маңыздылығын көрсетеді.  

Шын мәнінде, Ашура оқиғасы – әлемдік әсерге ие және кейбір елдердегі саяси жүйелердің өзгеруі мен исламдық оянуға ұластырған ұзақ мерзімді көтеріліс. Осыған орай Ислам революциясының қазіргі таңдағы жетекшісі аятолла Хаменеи мұхаррамды Исламның мәңгіліктігінің факторы деп атап: «Әділетсіз төгілген қанның әсері – тарихта мәңгілікке қалатын әсер. Шәһид – шын ниетімен жанын діннің жоғары мақсаттары үшін  қиятын адам. Ол өз мүддесі үшін  артқа шегінбейді. Ол шын ниетімен Алланың жолында қадам басады. Алла Тағала оларды тірі қалдырады. Зорлық-зомбылық көрсетушілер   араласуларымен кейбір тұрғыларды осал деп көрсеткенімен, Алла табиғатты  өз қалауымен қалыптастырады. Илаһи сүннет бойынша пәк және адал адамдардың жолы  ұмытылмайды. Ықылас – ерекше қасиет, сондықтан имам Хусейн (ғ.с.) мен серіктерінің төгілген қандары діннің әлемде мәңгіге қалуына себеп   болды.

Әйгілі ойшылдар имам Хусейн (ғ.с.)-ға тағзым етіп, Антон Бара сынды христиан ойшыл  имам туралы: «Егер Хусейн бізден болғанда, біз ол үшін әр жерде туын көтеріп, әр ауылда  мінберін дайындап, халықты Хусейннің атымен христиан болуға шақыратын едік»,- деген болатын.

 

 

 

 

Тегтер