Иранның танымал тұлғалары (90)
Бағдарламаның жалғасында Сейіт Əли Хамаданидің Кашмир мен Үндістан түбегінде парсы тілі мен әдебиетін дамытудағы рөлін баяндайтын боламыз.
Айтып өткеніміздей, ирандық мистик Мир сейіт Əли Хамадани х.қ.ж.с.б.714 жылы Хамадан қаласында дүниеге келген. Бастапқы білім жолын жүріп өткеннен кейін ұлы ұстаздардан хадис ғылымы мен танымы, хикмет пен мистиканы үйренген. Нəпсіні жеңу, рухани жоғарылау мен ақиқат жолын жүріп өтуде солардың ықпалында болған. Ол өз заманындағы мистиктердің алдында ақиқат жолын жүріп өткеннен кейін ұстаздары тарапынан Ираннан тысқары жерде Ислам дінін насихаттау жəне ақиқатқа құштарларды бағыттау міндетін мойнына алып, бұл миссияны өмірінің соңына дейін атқарған. Бүкіл өмірін ислам дінін насихаттауға, шəкірттер мен қызығушыларды тəрбиелеуге арнаған. Сейіт Әли Хамадани тірі кезінде қатты құрметке бөленген. Иран, Орта Азия мен Үндістанның көптеген қалаларындағы халықтың барлық әлеуметтік топтары оған ерекше ілтипатпен қараған. Ол тақуалықпен қоса, ғылым мен хикметте жоғары орынға ие болып, өз заманында рационалды және көркемсөз ғылымдарының білгірі атанып, осы салаларда көптеген еңбек жазған. Сейіт Әли Хамаданидің жазбалары 110-нан аса кітап, трактат пен өлең жинағынан тұрады. Бұл еңбектер әртүрлі салаларда, соның ішінде тәпсір, рауаят, философия, хикмет, ақлақ, мистика мен әдебиет салаларында жазылған. Олардың барлығында ғибратты әңгімелер, рухани және талғамдық тақырыптар қозғалған. Иранның бұл ұлы мистигінің прозалық және поэзиялық туындылар жазудағы алғырлығы оқырмандар үшін оның еңбектерін қызықты әрі тартымды етті. Сейіт Әли Хамадани қайтыс болған соң оның перзенттері мен ұрпақтары Хамадан, Саринегар (Кашмир), Балхаб (Балхтың айналасы) және басқа жерлерде өз әкелерінің жұмыстарын жалғастырып, халыққа жетекшілік етуге күш салған.
Ислам діні Кашмир жеріне Үндістанның басқа жерінен кешірек жеткен. Бірақ тез арада кең түрде таралып, онда Мосбеманан үкіметі құрылды. Ислам діні Кашмирге келмес бұрын бұл аймақ құмар ойындарын ойнаушылар, ішкіштер мен қылмыскерлердің жері саналған. Сұлтан Садреддин Кашмирде билік басына келген алғашқы мұсылман патшасы болды. Бірақ Исламның дамып, гүлденген дәуірі Мир сейіт Əли Хамадани және оның достары сияқты сопылардың келуімен басталды. Хазірет Амир мешіттері мен көптеген дәруіштер үйі осы кезеңде салынған.
Парсы тілі үнді-ирандық тілдер тобына жатады. Сондықтан парсы, үнді және кашмир тілдерінің бұл байланысы алыс дәуірлерден басталған. Бұл тілдің дамуы және Үндістанға, әсіресе Кашмирге одан ары таралуы Ислам мен көбі парсытілдес болған діни үгітшілердің кіруімен жылдамдай түсті.
Өз ұстаздарының тапсырмасымен Ислам дінін тарату үшін Кашмирге аттанған Мир сейіт Əли Хамадани осы аймақта парсы тілін таратқан ең маңызды тұлғалардың бірі саналады. Ол достары мен серіктерін Кашмирдің әртүрлі жерлеріне жіберген. Бұл адамдардың ана тілі парсы тілі болғандықтан Ислам дінінің үкімдерін тарату үшін парсы тілін қолданған. Соның нәтижесінде парсы тілі Исламның мәдениеті мен танымын таратумен қатар дамыды. Шын мәнінде, ислам дінінің ирандықтар мен олардың парсы тілі мен поэзиясы арқылы әлемнің көптеген жеріне, соның ішінде Үндістан мен Кашмирге таралғанын айтуға болады. Ислам дінін тарату үшін осы аймаққа келген ирандық сопылар мен мистиктер діни ойлар мен үкімдерді поэзия арқылы баяндаған. Сол себепті зерттеушілер поэзияны парсы тілінің Кашмирге таралуы мен енуінің басты факторы санайды.
Парсы тілінің Кашмирге енуімен осы тілдің алтын жібі Кашмирдің өне бойына тігілді деп айтуға болады. Бұл тіл ұзақ жылдар бойы осы аймақ халқының рухани және материалдық өмірінің барлық қырларына еніп, ақырында берік сақталып, Үндістан түбегі мен Кашмирді басып алды. Тіпті халық осы тілде сөйлеумен қоса, осы тілде көрнекті әдеби және ғылыми туындылар жазған. Бұл шығармаларға Радж Тарангинидің аудармасы, Хейдар Маликтің тарихы, Мунтахаб ут-таварих, Кашмир тарихы мен басқа туындылар жатады.
Ислам мен мистиканың Кашмирге енуімен бірге парсы тілінің қарқындай таралуы сейіт Бұлбұлшах Сухраварди, Мир сейіт Əли Хамадани мен оның серіктері осы аймаққа келгенінен кейін күшейе түсті. Иран мен Кашмирді байланыстырған фактор болып танылған Мир сейіт Əли Хамадани ирандық мәдениет пен ғылымды тарату арқылы Кашмирді «кіші Иранға» айналдырды. Ол сопылыққа бет бұрған ақын болғандықтан өлеңді өзінің сопылық ойларын тарату үшін құрал ретінде пайдаланған. Бұл Мир сейіт Əли Хамаданидің замандастары мен одан кейінгі ғасырлардағы сопылар мен мистиктердің ерекшелігі болып саналады.
Мир сейіт Əли Хамадани мен оның серіктері Ислам дінін Кашмирге тарату жолында тіл мәселесімен бетпе-бет келген. Олар кашмир тілін білмейтін, сондықтан халықты оңайлықпен исламға шақыра алмаған. Олар атқарған бірінші жұмыс Кашмирдің түкпір-түкпірінде діни-ғылыми медреселер ашқан. Кашмирдің астанасы Саринегярда ашылған сол замандағы ең маңызды мектептердің бірі – Аруһ ул-Уасқи. Бұл медресені сейіт Джамаледдин Махдас салған. Ол Мир сейіт Əли Хамаданимен бірге Кашмирге келген ұлы тұлғалардың бірі. Сейіт Джамаледдин өз заманындағы ұлы ойшыл әрі танымал ғалым болған. Фикһ пен тәпсір ғылымдарында данышпан болған. Содан кейінгі ғалымдар мен жазушылардың көбі осы діни оқу орнының түлектері болып табылады. Бұл медресе ұзақ жылдар бойы ғылыми орталық ретінде лайықты қызмет атқарған. «Аруһ ул-Уасқи» медресесінің қирандыларын Фатх-е Кадалға жақын жердегі Арут пен Ташун махаллесінен көруге болады. Арут - Аруһ – ул-Уасқи сөзінің өзгерген қалпы.
Парсы тілі Чакан дәуірінде дами түсті. Олар Кашмирдің билеушілері болған. Олар парсы әдебиеті мен мәдениетін өз сарайының ұраны етіп алған. Чакан сарайы парсытілді ақындар мен жазушылардың бесігі болған. Кашмир тарихын зерттеушілердің сенімінше, бұл дәуірде ирандық шейхтер мен сопылардың бірқатары осы патшалардың танымал болуына себеп болды. Чакан патшалары Акбаршахтың шабуылында жеңілді. Ұстаз Ғұламхосейн Масахеб өзінің сөздігінде осы жайтқа тоқталып, былай деген: «10 ғасырдың соңында Кашмир Акбаршахтың билік құрған аумағына кірген. Ол Кашмирге ерекше ынтамен қараған. Өзінің ирандық жұбайы Нұржаһан үшін Ираннан Кашмирге шынар ағашын апарып, егіп, қолданысқа енгізді». Бұл патшаның сарайы иран және үнді ақындарын, ғалымдары мен өнер иелерін қабылдаған.
Парсы тілінің Үндістан мен Кашмирде таралған ең маңызды дәуірін Шах Жаһан заманы деп атауға болады. Оның билеушілері парсы тілі мен әдебиеті және ұлы ақындардың демеушілері болған. Олар бұл тілдің Кашмирде таралуына айтарлықтай көмектесті. Кашмирге Ислам келіп, парсы тілі таралғаннан кейін осы тілде көптеген туындылар жазылды. Қазір де олар осы аймақтың кітаптарының қатарына жатады. «Асрар әл-Ахбар» деген атпен де танымал Хасан тарихы, Хейдар Малик тарихы, Шахнама тарихы немесе Кашмир тарихы – осындай туындылардың бірі.
Парсы тілі мен әдебиетінің Кашмирге таралуы тарих пен саясаттан бастап, поэзия, мистика мен өнерге дейін халық өмірінің барлық қырларына әсер етті. Кашмирдің мұсылмандарымен бірге үндістер мен сиктер де осы тілге қызығушылық танытып, осы тілде сөйлеумен қатар өздерінің әдеби және ғылыми жазбаларында қолданып отырған.
Қорытындылай келе, Мир сейіт Əли Хамадани сияқты мистиктердің парсы тілін Үндістан түбегінде таратқанын айту керек. Осы елдегі діни және тарихи орындардың жер-жерінде қазір де парсы сөздері жазылған. Кашмирде барлық зиярат орындары мен мистиктердің кесенелері мен ұлылардың мазарлары парсы тіліндегі өлеңдермен көмкерілген. Қазір де бұл үдеріс азды-көпті жалғасын табуда.