Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (60)
Қажы Абу Яғуб Юсеф бен Хасан Бузанджерди Хамадани х.қ.ж.с.б. 440 жылы (1049 жылы) Хамадан қаласының маңындағы Бузанджерд ауылында дүниеге келген.
Қажы Абу Яғуб Юсеф бен Хасан Бузанджерди Хамадани х.қ.ж.с.б. 440 жылы (1049 жылы) Хамадан қаласының маңындағы Бузанджерд ауылында дүниеге келген. Бұл ауыл моңғол шапқыншылығына дейін дамыған, өркендеген мекен болған. Қажы Юсеф Хамадани бастауыш білім алған соң 18 жасында Бағдадқа барып, Низамие медресесінде сол замандағы танымал діни заңгерлердің бірі шейх Абуисхақ Ширазиден (х.қ.ж.с.б. 476 жылы – 1038 жылы) фикх-діни заңгерлік, хадис пен калам-догматикалық-схоластикалық теология пәндерінен дәріс алды. Сол заманда Бағдадтағы Низамие медресесінің мұғалімі мен басшысы болған шейх Абуисхақ Ширази жасы кішірек болса да, қажы Юсеф Хамаданиді өзінің сахабалары мен шәкірттерінің көбінен үздік санаған. Сол заманда Бағдадта әртүрлі мазхабтағы діни заңгерлер, әсіресе ханбалилер мен шафиилер арасында пікірталастардың базары қызып тұрған еді. Осы кеңістікке байланысты қажы Юсеф Хамадани фикқ ғылымы бағыттарының бірі, фикқ ғылымынан жоғары кәсібилікті қажет ететін халафты жетік меңгеріп, мықты маманға айналды. Жылдар өткен соң шамамен 65 жасында, толық кемеліне жеткен шағында ұлы уағызшы әрі сопы Бағдадқа келіп, сол Низамие медресесінде уағыз айтып, дәріс берген.
Қажы Юсеф Хамадани Бағдадтың көрнекті ұстаздарынан білім алғаннан кейін Исфахан, Семнан және Хорасанға сапар шеккен. Шейх Абу Абдулла Джувейни, шейх Хасан Семнани, әсіресе шейх Абуәли Фармади сияқты сол замандағы шейхтермен танысып, солардың сұхбаттарын тыңдап, пайдаланған. Юсеф Хамадани сопылық бойынша шейх Абуәли Фармадиден дәріс алған. Содан соң ол Самарқанд, Бұхара, Мерв пен Гератқа сапар шегіп, өзіне шәкірт жинай бастады. Мервте өмір сүрген кезде шәкірт тәрбиелеп, оларға жетекшілік ету үшін теңдессіз ханеқаһ-дәруіштер үйін ашқан. Онда адамдар Құдайға ғибадат етумен болған. Ибн Халакан оның дәруіштер үйін теңдессіз деп сипаттап, қажы Юсеф Хамадани туралы ең көне мәліметтер келтірген Иранның тарихшысы Самани Мервтегі қажының дәруіштер үйінде онымен кездескен.
Сонымен қатар кейбір рауаяттар бойынша қажы Юсеф Хамаданидің шәкірттерінің санатында болған Иранның атақты ақыны Санаи да «Хадиқат ул-Хақиқат» еңбегін жазып бітіргеннен кейін біраз уақыт бойы Мервте қажы Юсеф Хамаданидің дәруіштер үйінде ақиқат жолына түсіп, оның шәкірттерінің біріне айналған.
Қажы Юсеф Хамадани өмірінің соңғы бөлігі Мерв пен Гератта өткен. Х.қ.ж.с.б. 535 жылы (1141 жылы) Мерв халқының шақыруымен Гераттан Мервке келген кезде Герат пен Бағшур жолы бойында Бамиин қаласының Бадғис ауданында қайтыс болып, сол жерде жерленген. Кейін ибн Наджар деген адам оның денесін Мервке ауыстырып, қазіргі жерге жерлеген. Оның қабірі қазіргі Мервтің солтүстігінен 30 шақырым жердегі «Бирамәли» деп аталатын мекенде орналасып, зиярат орнына айналған.
Қажы Юсеф Хамадани ақиқат жолына түскісі келетін адамдар мен шәкірттерге жетекшілік ету үшін 4 көрнекті шәкіртін өзінің орынбасары етіп таңдады. Шейхтің шәкірттері ол қайтыс болғаннан кейін тақуалық пен сопылық жолын жүріп өту үшін осы 4 адамды жетекшілікке алып отырған. Қажы Юсеф Хамадани осындай көрнекті шәкірттердің бірімен, яғни қажы Абдулхалеқ Ғадждаванимен бірге мистика мен сопылықта әйгілі тариқат жолының негізін қалады. Бұл жолды кейін Бахаеддин Мұхаммад кемеліне келтірді. Аталмыш жол сол кезден бастап «Нақшбандие тариқаты» деген атпен танылды. Ол ең үлкен сопылық топтардың бірін құрды. Қажы Юсеф Хамадани бастады деп саналатын «Нақшбандие тариқаты» ғасырлар бойы Орта Азия, Мәуереннахр, Ауғанстан, Түркістан, Үндістан, Ирак, Иран, Түркия мен Солтүстік Африкада кең тарады.
Ұстаз Саид Нафиси Абдулхалеқ Ғадждаваниге телінетін және қажы Юсеф Хамадани туралы жазылған «Сахабие» трактатын шығарып, бұл кітапты қажы Юсеф туралы ең әйгілі еңбек деп атады. Бірақ ұстаз доктор Мұхаммад Амин Риахи қажы Юсеф Хамадани туралы жүргізген өзінің зерттеулерінде бұл трактатта келтірілген мәліметтерді, соның ішінде қажының аты, тегі мен заманы, туған жері, қайтыс болған жері туралы мәліметтер мен ол кісінің суреті осы атақты ирандық мистиктің болмыс-бітіміне сәйкес келмейді деп есептейді. Бұл ғалым Қажы Юсеф Хамаданиді оның «Ротб ул-Хайят» деп аталатын жалғыз еңбегіне сүйеніп тануға болады деп санайды.
Қажы Юсеф Хамаданиден қалған жалғыз еңбек – «Ротб ул-Хайят». Ол көлемі жағынан шағын болғанымен мән-мазмұн жағынан өте құнды, әрі ойланып, талқылауды қажет етеді. Бұл кітапта сұрақ-жауап түрінде адамның өмірі мен оның әртүрлі дәрежелері туралы жазылған. Оның тілі қарапайым болғанымен шешен. Кітапта соны ойлар айтылған. Сондықтан қолданылған сөздер мен сөз тіркестері де жаңа әрі тың.
Қажы Юсеф Хамадани «Ротб ул-Хайят» еңбегінде өзінің мистикасын пікірталас пен дәлел келтіру жолымен баяндайды. Оның трактаты парсы сопыларының арасында өзіндей үлгілердің алды болып табылады. «Ротб ул-Хайят» кітабының текстологиясымен айналысқан ұстаз Мұхаммад Амин Риахидің пайымдауынша, Қажы Юсеф парсы тілінде мистикалық туындыларды жазуға жол ашқан алғашқы мистиктердің бірі болған. Кейбір зерттеушілер «Маназел әл-Саерин уа маназел әл-Салекин» кітабын да қажы Юсеф Хамаданидің еңбегі санаған. Бірақ осы күнге дейін бұл кітаптың нұсқасы қолымызға жетпеді.
Қажы Юсеф Хамадани уағызшы мистик болған. Ол өзінің мистикасын пікірталас пен дәлел келтіру жолымен баяндаған. Зерттеушілердің пікірінше, бұл қасиет белгілі бір дәрежеде оның Бағдадтағы Низамие медресесінде оқыған кезеңіне байланысты. Қажы Юсефпен замандас тарихшы әрі ол жайлы айтып өткен ең көне дереккөзі саналатын Саманидің пікіріне сәйкес, қажы Юсеф Абуисхақ Ширазиден діни заңгерлікті, мазхаб пен халафты үйренген. Мұны оның «Ротб ул-Хайят» атты кітабы мен ол жайлы айтылған кейбір хикаяттардан көруге болады.
Қажы Юсеф Хамадани заманындағы ғылыми және әлеуметтік жағдайға шолу жасай келіп, фанатизмнің 5 ғасырдан кейінгі мистиктердің арасында кең таралған тәсіл болғанын көреміз, өйткені бұл заманда Ғазнави мен Селжұқтардың діни саясаттары жүргізілуімен бірге «Ашари тариқаты» да ғылым мен білім саласында фанатизм мен тар көзқарасқа әсер еткен болатын. Бұл заманда сопылар 3-4 ғасырлардағы атақты мистиктер Баязид Бистами мен Хосейн бен Мансур Халладждай еркін ойлап, ашық сөйлей алмайтын еді. Сол замандағы үш ұлы мистик – шейх Джам, қажы Абдулла Ансари мен имам Мұхаммад Ғазали фанатизмнің кемел үлгілері болған. Бірақ бұл заманда қажы Юсеф Хамадани асқақ, еркін ой иесі болған. Кейбір зерттеушілер оның болмысы Абулхасан Харақани, Абусаид Абулхейр және Баба Тахер Хамаданиге ұқсайды деп санаған.
Мистиктер арасынан қажы Юсеф Хамаданиді көбіне имам Мұхаммад Ғазалиге (х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда өмір сүрген) жақын деп санаған. Бұл екі тұлғаның ұқсайтын жері олардың екеуі де ұлы мистик Абуәли Фармадидің шәкірті болғандықтарында. Бұл екеуі де сопылықты шашыраңқы, қарапайым сөздерден Ислам шариғатына сәйкес келетін принципке айналдырды. Ғазали туындыларының көптігімен көбірек танымал болғанымен қажы Юсеф Хамадани шәкірт тәрбиелеу тұрғысынан көбірек танылғандықтан сопылық жолдарының негізін қалауда көбірек мистикалық сипатқа ие болған.