Ақп 28, 2016 15:12 Asia/Almaty

Абуисмаил Абдулла бен Мансур Ансари х.қ.ж.с.б. 396 жылы 2 шағбанда, жұма күні кешке Тустың айналасындағы Коһандез елді мекенінде дүниеге келген.

Қажы Абдулла әулетінің тегі ислам пайғамбарының танымал сахабасы Абу Аюб Халед бен Ансариден тарайды. Ислам пайғамбары хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккеден Мединеге қоныс аударған кезде Абу Аюбтың үйіне қонған болатын. Сондықтан бақытты үй иесін «көштің иесі» деп атаған. Беделді рауаяттарда исламның ұлық  пайғамбары Меккеден Мединеге қоныс аударған кезде Мединенің көптеген ақсақалдары мен халқының хазіреттен өз үйлерінде қонып кетуді сұрағаны белгілі. Бірақ пайғамбар: «Менің түйем қай жерге шөгеді, мен сол үйде қонамын»,-деген екен. Хазіреттің түйесі Абу Аюбтың үйінің маңына шөккен деседі.  Сондықтан хазірет сол үйге түскен екен.

Қажы Абдулла Ансаридің әкесі Абумансур Мұхаммад бен Әли Ансари қолөнер иесі болған. Ол тақуалық мінез-құлық пен мистикалық қасиет тұрғысынан танылған.  Әкесі Абдулланың балалық шағында қайтыс болған. Қажы балалық шағын кедейлік пен тапшылықта өткізген. Ол өзі жайлы: «Менің аш-жалаңаш жағдайда  шөппен қоректеніп, шикі кірпіш жастанып ұйықтаған кезім көп болды. Біз үйде астымызға ши тоқыма жайып, үстімізге тозығы жеткен киіз жамылатын едік»,-деген болатын.

Абдулла бала кезінен бастап оқу оқып,  әртүрлі мұғалімдерден өнер-ғылым, хадис пен тәпсір үйренген. Оның мұғалімдерінің бірі – Яхиа бен Аммар Шейбани. Ол Шираздан Гератқа келіп, дәріс беріп, пікірталас өткізген. Яхиа бен Аммар Шейбани – мистиктердің дәстүрін исламның шариғатымен сәйкестендірген адам. Оның осы тәсілі өз шәкірті Абдулланың ойлау жүйесіне өшпес әсер қалдырды. Абдулла сол жасында есте сақтау қабілетінің күштілігіне  байланысты ұстаздардың назарына іліккен. Ол Құран мен араб өлеңдерін жаттауда өз қатарластарының алды болған.

Қажы Абдулла 4 жасында мектепке барып, 9 жасында өлең шығарып, көптеген хадисшілердің хадистерін жатқа білген деседі. Қажы Абдулла хазірет пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерін меңгеруге көп күш салған. Оның өзі осы жайлы: «Мұстафаның (с.ғ.с.) хадистерін үйренуде ешкім мен көрген қиындықты көрмеді. Бір күні Нишапурда қатты жаңбыр жауып тұрған еді. Мен хадис пәнінен жазбаларымды су болып қалмасын деп, кеудеме басып алып, бүгіліп-бүкшеңдеп жүгірген едім»,-деген.

Қажы Абдулланың ұстаздары шафии мазхабынан болған, бірақ ол біраз уақыттан кейін ханбали мазхабын таңдаған. Абдулла х.қ.ж.с.б. 417 жылы білімін жетілдіру үшін  Нишапурға аттанғанда 21 жаста болған еді. Х.қ.ж.с.б. 4-5 ғасырларда Хорасан ислам ғылымы мен сопылығының орталығы болған.  Ирак пен Мәуереннахрдың сопы шейхтері Хорасанның дамыған қалаларына барып, ондағы ғылыми және мистикалық кітаптарға толы кітапханаларды  пайдаланған. Хорасанда «әл-Лама фил-тасавоф» атты еңбектің авторы Абунаср Серадж (х.қ.ж.с.б. 378 жыл қайтыс болған), «әл-Таароф» еңбегінің авторы Абубакр Мұхаммад Калабази (х.қ.ж.с.б. 380 жыл қайтыс болған), «Табақат ул-Суфие» еңбегінің авторы Абдулрахман Соллами (х.қ.ж.с.б. 325-412) мен «Ресале ул-Қаширие» еңбегінің авторы имам Абулқасем Қашири сияқты ұлы сопылар жұлдыздай жарқыраған. Олардың әрқайсысы исламдық мистиканың қорын байытуға үлес қосты. Хорасан мистикалық мектебінің негізі – шариғат пен тариқаттың жиынтығын жасау, бұрмалаушылық және дінбұзарлармен күресу болған. Ұлы мистиктер, соның ішінде Абунаср Серадж, оның шәкірті Соллами, оның шәкірті Қашири осы қалада аталмыш мақсатқа арналған мектептер ашқан. «Хорасан мектебі» деген атпен танымал мектеп Хорасанда таралған сопылық шейхтердің тағылымдарын үйретуге негізделген еді. Қажы Абдулла Ансари осы мектепте тәрбиеленіп, өмірінің соңына дейін оның принциптеріне берік болды.

«Гераттың пірінің» Хорасан мистикалық мектебіне сіңірген ең маңызды еңбегі мистикалық жолдың дәрежелері мен тариқаттың кезеңдері туралы мәліметтерді жинап, дәрежелерді классификациялаудың  жаңа тәртібін ұсынуы болды. Ол ұсынған тәртіптің ерекшелігі мынада: тәртіп тек ішкі сезім-түйсіктің сапасына ғана қатысты емес, сонымен қатар күнделікті өмірдегі мінез-құлық пен әдет-ғұрыпқа да қатысты болған. Сондықтан әрбір сопы өмірмен байланысын сақтай отырып, рухани жолды өтіп, тариқатты шариғатпен қатар алып жүретін болған.

Қажы Абдулла Ансари өзінің қабілеті мен зеректігінің арқасында аз уақыттың ішінде діни және әдеби ғылымдарды меңгерген. Ол терең зерттегендіктен «танымы мол ғалым әрі мистик» ретінде танылып, түкпір-түкпірден көптеген шәкірттер оның айналасына жиналып, рухани білім алған.

Қажы Абдулла Ансари өзінің қымбат өмірінің бір сәтін де босқа өткізбеген. Таң сәріден түн жарымына дейін Құран кітабын оқып, ол жайлы ойланған немесе үлемдердің жанында уағыз айтып, олардың сөздерін тыңдаған.  Өзі осы жайлы: «Күн сайын жазумен айналысамын. Өзімнің уақытымды бөліп-бөліп қойған едім. Тіпті демалуға уақыт қалдырмадым. Таң сәріде үйдің төбесіне шығып, Құран оқитын едім, төмен түскенде дәріс оқуға кірісетінмін. Кешке шамның жарығымен хадис жазатынмын. Тіпті нан жеуге уақытым болмайтын. Анам бір жапырақ нан әкеліп, аузыма салатын. Жазу арасында Құдай берген мықты есте сақтау қабілетімнің арқасында жазып отырған әрбір сөз жадымда сақталып қалатын еді»,-деген. 

Қажы Абдулла х.қ.ж.с.б. 423 жылы қажылыққа аттанып, Абумұхаммад Халал Бағдадидің (х.қ.ж.с.б. 439 жылы қайтыс болған) дәрістеріне қатысу үшін Меккеге барар жолда Бағдадта тоқтаған. Қажы Абдулла қажылықтан қайтар жолда Тус, Бистам мен Харақанға соққан. Ол Харақанда осы жердің атақты сопысы Абулхасан Харақаниді (х.қ.ж.с.б. 425 жылы қайтыс болған) көрген. Бұл кездесу оған қатты әсер етіп, әкесінің арқасында бойына біткен мистикаға құштарлығы қайта оянған. Қажы Абдулла өз заманындағы басқа да сопы шейхтерден, атап айтқанда шейх Абусаид Абулхейрден де дәріс алған.

Қажы Абдулла Ансари әртүрлі қалаларда дәріс беріп, пікірталас өткізетін өз заманындағы ұстаздар мен мистиктерден тәлім алғаннан  кейін ақырында өзінің туған жеріне қайтып оралған. Сонда тұрақтап, шәкірт тәрбиелеуге кіріскен. Атақты шафиилік діни заңгер имам әл-Хоррамейн Нишапурдың Низамие медресесінде  шафии діни заңгерлігі мен ашари теологиясынан сабақ беріп жатқан кезде қажы Абдулла схоластикалық-догматикалық теологияға қарсы шығып, тіпті оны теріске шығару үшін кітап жазған. Сол себепті бірнеше рет оның өміріне қастандық жасалды. Тіпті сол замандағы әдебиет жанашыры, уәзір,  қажы Низам әл-Мүлктің бұйрығымен Нишапурдан жер аударылды. Селжұқтардың уәзірі Герат пірінің тақуалығы мен білімін бағалап, құрмет көрсетіп, дұшпандардың қастандығынан сақтағанымен қажы Абдулланың болуына байланысты Нишапур қаласында бүліктің шығуына жол бере алмайтын еді.

«Шейх ул-Ислам» деген лақап алып, Гератта көптеген шәкірт тәрбиелеген қажы Абдулла өмірінің соңында көру қабілетінен айырылған. Ол жұма күні таңертең х.қ.ж.с.б. 481 жылы 22 зилхаджеде 85 жасында қайтыс болып, Гераттан 10 шақырым жердегі Газаргаһта жерленді. Сол жерде салынған кесене оның шәкірттері мен жақтастарының зиярат ететін жеріне айналды.