Ақп 28, 2016 15:15 Asia/Almaty

Абуисмаил Абдулла бен Мансур Ансари х.қ.ж.с.б. 396 жылы Тустың айналасындағы Коһандез елді мекенінде дүниеге келген.

Сонымен қатар х.қ.ж.с.б. 4-5 ғасырларда Хорасанның ислам ғылымы мен сопылығының орталығы болғанын, онда маңызды кітапханалардың орналасқанын айттық. Ирак пен Мәуереннахрдың сопылары осы Хорасанның дамыған қалаларына көңіл аударған. Сол шақта шариғат пен тариқаттың синтезі  жасалып, бұрмалаушылық және дінбұзарлармен күресуге негізделген Хорасан мистикалық мектебінің негізі қаланды. Қажы Абдулла Ансаридің Хорасан мистикалық мектебіне сіңірген ең маңызды еңбегі мистикалық жолдың дәрежелері мен тариқаттың кезеңдері туралы мәліметтерді жинап, дәрежелерді классификациялаудың  жаңа тәртібін ұсынуы болды. Оның мистикалық дәрежелерді классификациялауы мен тәртібінің ерекшелігі  мынада: тәртіп тек ішкі сезім-түйсіктің сапасына ғана қатысты емес, сонымен қатар күнделікті өмірдегі мінез-құлық пен әдет-ғұрыпқа да қатысты болған. Сондықтан әрбір сопы өмірмен байланысын сақтай отырып, рухани жолды өтіп, тариқатты шариғатпен қатар алып жүретін болған.

Қажы Абдулла Ансаридің мистикасы шариғатпен астасып жатыр. Ол ақиқатқа жетудің жолын шариғат арқылы іздеген және өзінің шәкірттеріне де осыны үйреткен. Ол діннің принциптері мен тармақтарына қатты көңіл бөлген. Тазкере – танымал тұлғалардың өмірбаяндары туралы еңбектерде келтірілгендей, ол үнемі жақсылыққа шақырып, жамандықтан бас тартуға үндеген. Қажы Абдулла шариғаттың үкімдерін орындауды  мистикалық жолдың басты шарты санап, діннің үкімдерін түкке тұрғысыз санайтын сопылармен қатты күрескен. Ол осыған қатысты былай дейді: «Танымды паш ету – диуаналық, ғажайыпты сату – жеңілтектік, дұрыс әрекет ету –  құтқарылу».

Ол сопылық пен оның принциптерін дәлелдеуде ақыл мен дәлелден алшақ болған, ақиқатты дәлелдеу үшін дәлел мен калам-схоластикалық-догматикалық теологияны пайдаланбаған, Құран Кәрімді жалғыз дәлел әрі мүміндердің жолнұсқаушысы деп санаған.

Қажы Абдулла Ансари «мұссаджа» – өлең аралас проза бойынша қатарының алды болған. Ол дари тіліндегі алғашқы «саджа» – өлең аралас прозаны жазушы саналған Әдебиет тарихын зерттеушілердің сенімінше, ол прозалық шығармада тақырыпқа байланысты өлең жолдарын келтірген алғашқы адам болған. Одан кейін Саади Ширази мұны кемеліне жеткізді. Қажы Абдулланың еңбектерін зерттеген франциялық Герман Этенің сенімінше, «Қажы Абдулланың ғазал және рубаимен аралас прозасы сопылық және үгіт-насихат поэзиясының  бастауы болды. Шын мәнінде парсы әдебиетінің мистикалық поэзиясының негізін қалаушы саналатын Санаиға жол ашып берді».

Сырттай қарағанда қажы Абдулла бұл тәсілді араб әдебиетінен алған. Өйткені «Қабуснаманың» авторы х.қ.ж.с.б. шамамен 475 жылы былай деп жазған: «Араб прозасында «саджа» ( өлең араластырып мақамдап жазу) – өнер. Бұл өнер арабқа қатты ұнайды, бірақ парсы прозасында   «саджа» аса қабылданбайды».

Ұстаз Мұхаммадтақи Бахар «Прозадағы стильтану» атты еңбегінде мынадай ой білдіреді: «Қажы келтірген саджалар – өлеңнің бір түрі, өйткені оның сөздері «моздавадж»-әрбір екі жолы бір-бірімен ұйқасатын өлеңдер мен «мұрасса»-ішкі ұйқасқа ие өлеңдерге ұқсайды. Кейде Сасани дәуіріндегі сегіз буынды ұйқасты әндерден үлгі алған. Арабтар да өздерінің көне өлеңдерінде осы әндерді үлгі етсе керек». 

Хосейн Ахидің сенімінше, қажының прозасы шын мәнінде сопылар мен мінберде сөйлеушілердің жиын өткізу тәсіліне ұқсайды. Мұны «морсал» прозасы мен «масну»- жасанды проза арасындағы аралық деп санауға болады. Онда өлеңнің  ырғағы бен қалыбы сезіледі. Қажы көп жағдайда осы ырғақты прозаны ұйқаспен келтіру арқылы өлеңге жақындата түсуге тырысқан, бірақ ырғағын келтіруді жеткілікті санап, «саджа» мен ұйқасты келтіруге көзжұмбайлықпен қараған кездері де болған. Кейде оның сөздері ұйқасы бар буынды өлеңдерге ұқсайды».

Қажы Абдулла өлең де шығарған, бірақ одан өлеңдер жинағы қалмады.  Ансаридің өлеңдерін тек оның мінәжат өлеңдері арқылы бағалауға болады. Осыған орай кейбір зерттеушілер бұл өлеңдердің тұпнұсқалығына да күмән келтіруде. Қалай болған да қажының өзі айтқандай, балалық шағынан өлең шығаруға құштар әрі бейім болған. Осы жайында Резақоли Хедаят «Рияз ул-Арефин» атты еңбегінде: «Оның  (қажы Абдулланың) араб және парсы тілдерінде өлеңдері болған. Олардың кейбіреулерінің соңына «Ансари» деп, ал басқа біреулерінде «Герат пірі» деп қол қойған екен»,-деген. 

Қажы Абдулланың өлеңдер жинағы қолымызда болмаса да, оның  шашыраңқы өлеңдерінен сол жайлы пікір қалыптастыруға болады. Қажы өнер тұрғысынан «мұсаджа» прозасы, яғни өлеңмен араласқан прозамен танымал, ал ғылыми тұрғыдан оның тұлғасы хадиске қатысты рационалды ғылымдармен әйгілі болған. Қажы Абдулла өлең шығаруда өз заманындағы ұлы ақындардың дәрежесіне жетпесе де, оның туындыларын зерттеушілердің барлығы «Ол өз өлеңдеріне құштарлыққа толы жалынды жасырған, бұл жалын тыңдарман мен оқырманның рухын көтереді»,-деп бірауыздан мойындаған. 

Қажы Абдулла Ансаридің өнер мен жазушылық саласындағы танымалдығы көбінесе парсы тілінде «мұсаджа» прозасында жазылған оның мінәжаттарына байланысты. Оның сопылыққа қатысты ең маңызды еңбегі – «Маназел ус-Саерин». Бұл еңбек х.қ.ж.с.б. 475 жылы араб тілінде жазылған. Онда ақиқатқа жету жолындағы 100 тұрақ жайлы түсіндірілген. Х.қ.ж.с.б. 448 жылы парсы тілінде жазылған «Жүз алаң» трактаты шын мәнінде «Маназел ус-Саерин» еңбегінің жобасы болып табылады.

Араб тілінде жазылған «Зам ул-Калам Вахеле» – қажы Абдулла Ансаридің келесі еңбегі. Бұл еңбек калам-схоластикалық-догматикалық теологияға, мутазилиттер пен ашариттердің ойлау жүйесіне қарсы жазылған. Қажы Нишапурда соларға қарсылық ретінде аталмыш еңбекті жазған. Осы кітаптың жазылуы және қажының рационалды ілімдер, философия мен калам ғылымына қарсылығына байланысты ол сол аймақтағы ғалымдар мен данышпандардың қарсылығына ұшырап, Нишапурда көп тұра алмай, қаланы тәрк еткен деседі. 

Қажы Абдулланың келесі бір еңбегі «Ақиқат жолындағы сопылардың әдет-ғұрыптарына қысқаша шолу» деп аталады. Ол парсы тілінде жазылып, 11 беттен тұрады. Бұл еңбек  1960 жылы Серж Юркуйдің талпынысымен Каирде басылып шыққан. Қажы Абдулла «Мұнақеб ул-Имам Ахмад Ханбал» еңбегін де араб тілінде жазған. Бұл еңбек Бағдадтың «Кушк» кітапханасында сақтаулы көрінеді. Қажы Абдулланың «Маариф» немесе «Махаббатнама» еңбегі ақиқатқа жету жолын түсіндіру және сипаттау үшін жазылған. «Варедат» – Алла жолындағы кезеңдерді баяндау тақырыбын қозғаған қысқа конспект. 

Сондай-ақ, мына бірнеше трактат қажы Абдуллаға телінген: «Мінәжатнама», «Насихаттар», «Зад ул-Арефин», «Кенз ус-Салекин», «Қаландарнама», «Мұхаббатнама» мен «Хафт хесар». Қажының мақалалары өнегелі өлеңдермен араласқан оның насихаттары, уағыздары мен ақыл-кеңестерінен тұрады.

Қажы Абдулла Ансаридің ең маңызды еңбектерінің бірі – «Соллами сопыларының классификациясы» атты кітапты гераттық парсы тіліне аударуы болды. Бұл аударма дәріс беру және пікірталас өткізу барысында атқарылған, кейіннен оның шәкірттерінің бірі осы аудармаларды жинастырған. Бұл кітап парсы әдебиеті тарихында «Герат сопыларының классификациясы» атымен танылған. Бұл еңбектің ең көрнекті ерекшеліктерінің біріне соның көмегімен сол заманда қолданылған гераттық сөздерді тауып, сол кезеңнің  прозасымен танысуға болатындығы жатады.