Ақп 28, 2016 16:02 Asia/Almaty

Мифологиялық ертегілердің негізгі элементтерінің бірі – осы ертегілерде маңызды рөл атқаратын таңғажайып өсімдіктер.

Алғашқы қауым адамдары жануарлар сияқты өсімдіктерге де ерекше көңіл аударған. Мифологтардың көзқарасы бойынша, өсімдіктер – біраз уақыттан кейін қайта жаңаратын өмірдің шынайы көрінісі. Бұл шындық әсіресе диқандардың арасында кең таралған. Кейде кейбір тайпалар өсімдіктерді тайпаның қасиетті тотемі санаған. «Хасан Качал» - «Хасан тазша» деген ертегілер жинағынан «Бір елді мекеннің жанында қалың жыңғыл ағашы тілекті орындайды екен» деп оқимыз.

«Балгер тиынды алып: «Кадхода төбесінің сол жағынан елді мекеннің сыртына 500 қадам жүргенде бір жазық жердің ортасында өсіп тұрған қалың жыңғыл ағашына жетесің. Оның қасиетті ағаш екенін білгейсің. Бірнеше фарсах қашықтағы елді мекендердің тұрғындары тілек тілеу үшін осы ағашқа келеді. Бір нәрсені орындайтыныңды айтып, ағашқа серт беріп, одан тілек тіле»,-деді».

Фердоуси «Шахнамасының» маңызды әңгімелерінің бірі «Рүстем мен Афрасиабтың күресі» әңгімесінде де самұрықтың нұсқауымен жасалатын сиқырлы айыр садақтың оғы жыңғыл ағашының бұтағынан жасалған.

 «Анар қыздары» атты ертегіде сұлу қыздар анар ағашының жемісінен шығады. Мұның өзін бір жағынан өсімдік – әйел құдайына қайтып оралу деп айтуға болады. Ертегінің жалғасында кептер кейпіне енген қыз өлтіріліп, оның бір тамшы қанынан шынар ағашы өседі. Шынар ағашы кесіліп, ақырында бір кемпірдің үйінде қыз шынар ағашының жаңқасынан сыртқа шығып, кемпірге қыз болады.

Ертегілерде айтылатын сөйлейтін таңғажайып өсімдіктер оларға деген осы көзқарастан бастау алатын сияқты. Мысалы, Тарсусидің «Дарабнама» еңбегінен былай деп оқимыз: «Сол түнді жаңағы жерде қалып, таңды атырды. Ағаштың әуені азайды. Мехрасб әуен қайдан шығып жатыр деп жан-жағына қараса, ағаштың жемісі адамның басына ұқсайды екен. Ауызы, құлағы мен иегі адамдікіндей екен. Мехрасб сол ағаштан гүл үзіп алғанда ағаштың бұтағынан қызыл су ағады».

«Мың бір түн» хикаяларынан да ән айтатын ағашты кездестіреміз: «Әрбір жапырағынан жанға жайлы әуен шығып, кеңістікті тәтті әуезге толтыратын әнші ағашты таныды».

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Чоғундуз» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, Ибраһим есімді ұл патшаның қызына ғашық болып қалған екен. Жанұясы оны бұл істен бас тартуға шақырғанымен еш пайда болмайды. Ибраһимнің бөле ағалары оған кәсіп қылсын деп, 100 тұман береді. Жігіт жұмыс іздеп жүрген кезде айдаһарды қапқа салып алып, айнала қоршаған жұртқа жар салып тұрған адамды көреді. Айдаһар Ибраһимнен оны сатып алуды өтінеді. Жігіт солай етеді. Бөле ағалары оған ақыл-кеңестерін беріп, тағы да 100 тұман береді, бірақ пайда болмайды. Айдаһар одан пәлен жердегі иттің күшігін сатып алып, үйге әкелуді өтінеді. Осы жолы да ұлының бір жануарды ертіп әкелгенін көрген анасы айғайлап, өзін-өзі сабалай бастайды. Қатты жылап, тағы да бөле ағаларына барады. Олар келіп, Ибраһимге ақыл-кеңес беріп, ақырында 100 тұман беріп кетіп қалады. Айдаһар ұлға: «Бүгін пәлен деген алаңға бар. Ол жерде қолына бір кішкентай қара мысық ұстаған адамды көресің. Мысықты сатып ал да, үйге алып кел»,-дейді. Ибраһим тура сол алаңға барып, бірнеше адамның мысықтың айналасында отырғанын көреді. 100 тұман беріп мысықты сатып алып, өзімен бірге алып келеді. Ұлының мысықты құшақтап әкелгенін көрген анасы басын шайқап, ұлының ақылға көнбейтінін түсініп, бір бұрышқа отырып алып, өзінің бақытсыздығына налып жылайды.

Қайта кептерге айналған айдаһар Ибраһимге: «Бұл үйде қалғаннан пайда жоқ. Жөнімізге кетейік. Не боларын көрерміз»,-дейді. Ертеңінде күн шығып, әлемге нұрын төккенде Ибраһим кептерді қолтығына қысып, өзі алдыға түсіп, күшік пен мысықты соңынан ертіп, жолға шығады. Жүріп отырып, жүріп отырып бір жолға жетеді. Кептер Ибраһимге: «Бүгін осы жолда үш дәруішті көресің. Мен асаға айналамын. Сен мені қолыңа ұста. Дәруіштер келгенде көздері осы асаға түсіп, оны сатып алғысы келеді. Сен оны сат, тек жеті қадам жүргеннен соң «Чоғундуз, мына дәруіштің басынан ұр» деп айт. Ұмытып кетіп жүрме, кешігіп айтушы да болма»,-дейді. Ибраһим келіседі. Кептер бір айналып, әдемі аса таяққа айналады. Ибраһим асаны алып бірнеше қадам жасағаны мұң екен, бір дәруіш келіп, Ибраһиммен сөйлеседі. Көзі асаға түскенде оның қатты ұнағаны соншалықты, саусағынан сақинасын алып: «Асаның орнына мына сақинаны ал»,-дейді. Ибраһим: «Сақина қандай пайдама жарайды? Мұны беретін менде әйел де, қыз да жоқ»,-дейді. Дәруіш: «Балам, бұл хазірет Сүлейменнің сақинасы. Оны қолыңа тағып, бір айналдырып, «Сүлеймен пайғамбардың мейірбандығы үшін» десең, Хишам дию басқа төрт диюмен бірге алдыңа келеді. Олар сен не қаласаң, соны жасайды»,-дейді. Ибраһим сақинаны алып, дәруішпен қоштасып, жеті қадам аттамай жатып: «Чоғундуз, мына дәруіштің басынан ұр!»,-дейді. Асатаяқ ілезде қылышқа айналып, дәруіштің басын шауып, қайтадан асаға айналып, Ибраһимнің қолына қайтып келеді. Барлығы жүріп отырып, екінші дәруішке жетеді. Олар жақсы сәлемдесіп, хал-жағдай сұрасады. Бұл дәруіш те асадан көзін айыра алмай, ақырында Ибраһимге «Асаңды сатшы» деп, қолын дорбаға салып, бір қапты алып шығып: «Мынаны асаның орнына беремін»,-дейді. Ибраһим бұл қаптың қандай ерекшелігі барлығын сұрайды. Дәруіш: «Бұл – хазірет Сүлейменнің қабы. Тамақ ішкің келген кезде қолыңды қапқа салып, «Сүлеймен пайғамбардың мейірбандығы үшін» десең, қаптан қалаған тағамың шығады»,-дейді. Ибраһим дәруішпен қоштасып, жолға шығып, жеті қадам аттамай жатып: «Чоғундуз, мына дәруіштің басынан ұр!»,-дейді. Асатаяқ қылышқа айналып дәруіштің басын шауып, Ибраһимнің қолына қайтып келіп, асаға айналады. Қуанған Ибраһим бар мұратына жеткендей болып, жүріп отырып үшінші дәруішке жетеді. Бұл дәруіштің де асаны алғанша дегбірі қалмапты. Асаны алып, оның орнына қазық бермек болады. Ибраһим: «Менің жаяу келе жатқанымды көріп тұрсың ғой. Қазықты қолданатындай атым жоқ»,-дейді. Дәруіш: «Балам, бұл қазық аттыкі емес, хазірет Сүлеймендікі. Кез келген жерге қадап, «Сүлеймен пайғамбардың мейірбандығы үшін» деп айтсаң, бірден әлемдегі ең әдемі, әрі ең үлкен сарай тұрғызылады»,-дейді. Ибраһим қабылдап, дәруіштің бетінен сүйіп, жолға шығып, жеті қадам аттамай жатып: «Чоғундуз, мына дәруіштің басынан ұр!»,-дейді. Осы жолы да асатаяқ қылышқа айналып байқұс дәруіштің басын шауып, Ибраһимнің қолына қайтып келеді. Жүріп отырып, жүріп отырып кеш батқанда суы да, елді мекені де жоқ шөл далаға жетеді. Асатаяқ бір айналып, айдаһар кейпіне еніп, Ибраһимге: «Сен мына күшік пен мысықтың перілер екенін білесің бе? Олар күшік пен мысықтың кейпіне енгізілген»,-дейді. Сөйтіп күшік пен мысыққа кейіптерінен шығуға бұйрық береді. Кенеттен күшік пен мысық кейпінен қолдарында қанжары бар қызыл киген екі нөкер шығып, Ибраһимнің алдынан қол қусырып тұра қалады. Айдаһар тағы бір айналып, дүниеде теңдесі жоқ сұлу қызға айналып: «Мен немере ағамның ұлының әйелімін. Хишам диюдың мені сиқырлап тастағанына жеті жыл болды. Сен сақинаны алған кезде сиқырдың күші жойылды. Мен енді азатпын, өз үйіме барып, өмір сүргім келеді»,-дейді. Перизат бірнеше тал шашын Ибраһимге беріп: «Ісің мүшкілге айналып, шешім жолын таппағанда менің бір тал шашымды жақ. Мен көзді ашып-жұмғанша жетіп келемін»,-дейді. Мұны айтқан соң айдаһар бір айналып, кептер кейпіне еніп, әуелеп ұшып кетеді.

 

Тегтер