Иран ертегілері мен аңыздары (101)
Мифологияда жел, топырақ, су және оттан тұратын төрт элементті қасиетті санайды. Мұның тамырларын ертегілерден көруге болады.
От – төрт элементтің бірі. От – тынышсыз да таңғажайып элемент. Ол өзінің сиқырлы жалынымен басқа элементтермен бірге әлемнің негізін қалаған.
Халық ауыз ертегілерінен отқа табынудың әсерін көруге болады. Соның ішінде парсы әдебиетіндегі жәуәнмәрттік әдебиеттегі маңызды кітаптардың бірі саналатын Манучехр хан хакімнің «Ескендірнамасын» айтуға болады. Мұндай туындылардың басты мәйегі ежелгі заманнан бастау алып, атадан балаға жетіп, әңгімешілер тарапынан әртүрлі дәуірлерде баяндалып, кейін бір немесе бірнеше адам тарапынан қағаз бетіне түсірілген.
«Самал жел Ширван шахтан «Қайда барасың?» деп сұрайды. «Отқа табынатын ғибадат орнына» деп жауап береді. Самал жел олардың соңынан еріп отырып, ғибадат орнына жетеді. Ширван шах аттан түсіп, отқа табынатын жердің алдындағы жеті жерді сүйеді. Кенет оттың ішінен бір дауыс шығып: «Ей, Ширван шах! Қош келдің. Біз сені жеңімпаз Ескендірдің алдына қойдық. Абайла!» депті.
«Мың бір түн» кітабынан да отқа табынушыны көруге болады: «Бұл қала – менің әкем патшалық етіп, барлық жеріне билік жүргізген елдің астанасы. Патша, билеушілер мен сарай маңындағылардың барлығы отқа табынушылар болған және бір Аллаға қарсы шыққан шайтандардың бұрынғы патшасының жақтаушыларының бірі саналады».
«Жәуәнмәрт Самак» романында де Самак пен оның достары бір-біріне адалдықтарын танытып, әрдайым көмектесетіндіктерін білдіру үшін бір Аллаға, нұр мен отқа серт берді: «Үшеуінің әрқайсысы бір Аллаға, нұр мен отқа, ерлердің тостағаны мен тақуалардың негізі атымен әрқашан бірге болып, бір-біріне қиянат жасамауға ант етті».
Жер халық ауыз ертегілеріне жол тартқан төрт элементтің бірі болып табылады. Жел үнділер мен ирандықтардың ежелгі рәсімдерінде ұлылық пен жомарттық құдайы болған. Иранның қазіргі заман шахнаматанушысы әрі мифологы Шахрух Маскубтың сенімінше, жомарттық құдайына табыну Ашканилер мен Сасанилер дәуіріне дейін сақталған. Жел Тарсусидің «Дарабнамасында» көмектесуші элемент ретінде бірнеше рет аталған. Жел Дарабты дұшпандардан қорғайды: «Құдайдың құдіретімен соққан қатты жел бүкіл адамды жығып салады... Заххак Хазифеге Дарабтың басын алуға бұйрық береді. Хазифе: «Жел бізге аяқ бастырпайды»,-дейді. Заххак алға ұмтылып, қылышын қынабынан шығарады... Бірақ қанша тырысса да, желдің қуатынан Дарабтың алдына бара алмайды».
Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Чоғундуз» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, Ибраһим есімді ұл патшаның қызына ғашық болған екен. Жанұясы оны бұл істен бас тартуға шақырғанымен пайда болмайды. Ибраһимнің бөле ағалары оған кәсіп қылсын деп, 100 тұман береді. Ол осы ақшаға қапқа салынған айдаһар, содан кейін бір күшік пен бір мысық сатып алады. Жолда үш дәруішке кездеседі. Ибрахим асатаяққа айналған кептердің көмегімен жолда кездескен үш дәруіштен хазірет Сүлейменнің сақинасын, қабы мен қазығын алады. Бұл заттардың әрқайсысының өзіндік қасиеті бар екен. Кептердің бұйрығымен күшік пен мысыққа айналған перілер өз қалыптарынан шығып, Ибраһимге қызмет ететін екі нөкерге айналады. Кептердің өзі сұлу қызға айналып, басынан өткенін Ибраһимге баяндап береді. Кетер алдында керек болған жағдайда шақырарсың деп екі тал шашын Ибраһимге беріп: «Патша қызына жету үшін сақина арқылы Хишам диюден көмек алу қажет»,-дейді. Содан бір айналып, кептер кейпіне еніп, ұшып кетеді.
Қыздың кетіп қалғанына қамыққан Ибраһим сақинаны саусағына тағып, бір айналдырып, «Сүлеймен пайғамбардың мейірбандығы үшін» дегенде ілезде жер қақ айырылып, алпамсадай бес дию шыға келеді. Солардың ішіндегі ең үлкен дию жер тарпып, Ибраһимнің алдына келіп тұрады. Ибраһим: «Пәлен деген патша қызының сарайын оның өзімен бірге осында алып кел. Абайла, қызға зақым тимесін»,-дейді. Дию тағзым етіп, бес дию шыр айналып, көкке көтеріледі. Ибраһим өзіне келгенше олар қалаға жетіп үлгереді. Жылдам сарайды орнынан жұлып алып, кері қайтады. Сарай мен қызды алып жеткенде Ибраһим әлі айран-асыр болып тұр еді. Диюлер сарайды жерге қойып, Ибраһимнің алдына барады. Ибраһим оларды босатып, өзі сарайдың ішіне кіріп, қыздың демалып жатқанын көреді. Оның бас жағында бір, аяқ жағында бір лала іспеттес шырақтар жағулы тұр екен. Ибраһим патша қызына қызыға қарап тұрғанда кенет қыз оянып кетіп: «Сен кімсің? Менің сарайымда не істеп жүрсің?»-дейді. Ибраһим: «Өзіңнің қайда екеніңді білгің келсе, тұр да, қара»,-дейді. Қыз қорыққанынан атып тұрып, терезеден сыртқа қарағанда сарайдың айналасының сусыз, абадтанған мекенсіз шөл дала екенін көреді. Бойын үрей билеп: «Бұл не? Түсім бе, сиқыр ма?» деп ойлайды. Таң атқанда кәсіпшілер келіп, патша қызының сарайының айналасындағы дүкендерін ашып жатып қараса, патша қызының сарайының орнында үлкен шұңқыр ғана қалып, оның өзі жоқ екен. Естері шығып патшаға жүгіріп барып: «Тұр да қара. Қызыңды сарайымен бірге алып кетіпті» деп хабар береді. Талып қалуға шақ қалған патша «Мұндай үлкен сарайды кім қайда алып кетуі мүмкін?» деп таң қалады. Тез арада жаршыларға «Қызы немесе сарай жайлы хабар әкелген адамға не қаласа соны беремін» деп жар салуға бұйрық береді. Жаршылар күні-түні қала көшелері мен базарда жар салып, халықты құлақтандырады. Халық «Осындай үлкен сарай түнде көтеріп алып кететіндей ине ме еді?» деп таң қалады. Сарайдан еш хабар болмайды. Ақырында іріткі салудың ұстазы саналатын бір кемпір патшаның алдына барып: «Аспанда ұша алатын сандық жасат. Сол сандықтың көмегімен қыз бен сарайды өз орнына қайтарамын»,-дейді. Патша қаланың ағаш ұсталарын алдыртып: «Кемпір қалаған сандықты жасап беріңдер. Не осыны жасайсыңдар, не бәріңнің бастарыңды алып, дүние-мүліктеріңді тәркілеймін»,-дейді. Патшаның сөзін естіген ағаш ұсталары не істерлерін білмей қиналады. Мұндай сандықты кім жасай алады? Ақылдасып, ақырында бір жәшік жасап патшаның алдына апарады. Кемпір сандыққа отырып, аспанға ұшады. Ана жақты бір, мына жақты бір қарап, бір шөлден екінші шөлге барып, ақырында, бір шөл даланың ортасынан бір сарайды көреді. Оның жанына тек бір ағаш егіліп, айналасын тас пен тақыр жер қоршаған екен. Кемпір «Дәл таптым, бұл қыздың сарайы» деп ойлайды. Кемпір сарайдан алысырақ жерге қонып, қолына асатаяқ ұстап сарайға қарай жүреді. Сарайға жеткенде Ибраһим аң аулауға кетіп, күшік пен мысық сарайды күзетіп отыр екен. Кемпірдің жақындағанын көргенде олар қолдарына қанжарларын алып: «Жақындама, әйтпесе қаның төгіледі» дейді. Кемпір қанша өтінсе де, әлгі екеуі көнбейді. Патша қызы олардың дауыстарын естіп, не болғанын білейін деп терезеге жақындағанда кемпірді көріп, оның өзін алып кетуге келгенін түсінеді. Қыз «Сен бұл жаққа қайдан тап болдың? Қандай рақымсыз адам сені осы шөл далаға әкелді?» деп кемпірдің асты-үстіне түсіп, оған «Жоғары шық» дейді. Күшік пен мысық қарсы сөз айтуға батпайды. Кемпір аһілеп-үһілеп баспалдақпен көтеріледі. Қызбен оңаша қалған кезде: «Қызы мен сарайын алып кеткенін естігеннен бері әкеңнің бір көзінен жас, екінші көзінен қан ағып отыр»,-дейді. Кемпір сөйлеп-сөйлеп, қыздың жүрегіне жол табады. Қыздың басын өзінің басына тақап, екеуі зар-зар жылайды. Жылап-жылап қыздың көңілі тынышталғаннан кейін кемпір одан: «Сарайың бұл жерге қалай келді?»-деп сұрайды. Қыз: «Диюдің ісі ме, әлде перінің ісі ме екенін білмеймін. Тек маған көңілі ауған Ибраһим деген жігіттің сарайды осы жерге алып келгенін білемін»,-дейді. Кемпір патша қызына Ибраһимнен сарайдың осында қалай келгенін қалай сұрау керектігін үйретеді. Осыны айтып өзі сандыққа қарай кетеді. Кеш батарда Ибраһим қайтып оралып, аулаған маралын сойып, етінен кәуәп жасатып, кешкі ас ішеді.