Иран ертегілері мен аңыздары (132)
Өткен бірнеше бағдарлама барысында «Мың бір түн» кітабында әртүрлі мазмұндардың бар екендігін айттық. Ондағы ең маңызды мазмұн, яғни ғажайыптарды мысалдар келтіріп талдап шықтық.
Сонымен қатар айтып өткеніміздей, «Мың бір түн» кітабында құбылмалы әлем болғанымен, ондағы кейіпкерлер тұрақты, өзгермейді. «Мың бір түн» ертегілеріндегі адамдар қаз-қалпында мәңгілікке сақталып қалады. Барлық ертегілерге тән ортақ әрі маңызды ерекшелік – оларда нәзік әрі сырға толы талғамның болуы. Ол ертегілердің астарында жасырын жатыр. Алуан түрлі құбылмалы әлем мен кейіпкерлердің тұрақтылығы «Мың бір түн» ертегілерінің ырғағы саналады. «Мың бір түн» кітабын зерттеушілердің кейбіреулері бұл ырғақты ислам өркениетінің негізгі ырғағына ұқсас деп санайды. Олардың сенімінше, исламда әрбір сәт Алланың өнері саналатындықтан, «Мың бір түннің» әлемі де осындай. Құдай әлемді түрлі түсті кілемдей жайып салып, көзді ашып-жұмғанша жинап алады. Осы сәт сайынғы жаңарулар мен туындаулардағы әр нәрсе мәңгілікті еске түсіреді. Әр күн жаңа болуына байланысты өзінің жаралған кезіндегі тазалығын сақтаумен бірге мәңгіліктің жаңғырығы болып табылады.
Ислам өнерінде арабеска өрнегі ең соңғы нүктеде орналасады, бірақ тура сол жерден қайта басталады. Мешітте төбе жоқ, егер жабылса, күмбезбен жабылады. Ешқашан адам күмбездің бір жеріне көз тігіп, бір қалыпта тұра алмайды. Ислам өнерінде барлық нәрсені жаңадан анықтау керек. Әрбір секунд ғажайыпқа толы әрі таңданыс тудырады. «Мың бір түн» де ислам өнерінің осы принципін ұстанады. «Мың бір түн» ертегілерінің барлығы – адамзат қоғамындағы құдайтанудың шынайы көрінісі. Ертегілердің негізгі сөйлемі «Ерте, ерте, ертеде...» деп басталады. Бұл сәттердің арасынан бір сәтті бөліп алып, оған абсолютті маңыздылық сыйлайды. Сонымен бір мезгілде оның осы сәтте орын алу ерекшелігін сақтап қалады. Осылайша оқырмен соңғы нүктені күтпеуі керектігін қабылдайды. Өйткені оқиға мәңгілік уақыты айқындалмаған белгісіз жағдайда қалуы тиіс. «Мың бір түн» ертегілеріндегі кейіпкерлер оқиғаның соңы байқала бастағанда бірден басқа бір кеңістікке кіріп: «Саған айтар басқа бір оқиғам бұдан да ғажабырақ»,-дейді.
Ардақты ағайын, осы тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз. Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Саудагер мен құбыжық» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, көп саяхаттаған саудагер әдеттегідей жолға шығады. Жолда шаршағанын басу үшін бір ағаштың түбіне отырып, қолындағы нан мен құрманы жеп, оның сүйегін жерге лақтырып тастайды. Сол кезде құбыжық пайда болып: «Құрманың сүйегімен менің баламды өлтірдің. Сондықтан мен сені өлтіремін»,-дейді. Саудагер одан өз қаласына барып, мал‑мүлкін балаларына бөліп, қайтып оралу үшін бір жылға рұқсат сұрайды. Құбыжық оған мұрсат береді. Саудагер бір жылдан кейін әлгі ағаштың түбіне қайтып оралып, өз жағдайына налып, жылайды. Әлгі жерден үш қария өтіп, оның хал-жағдайын сұрайды. Ол өзінің басынан өткен барлық оқиғаны оларға баяндап береді. Олардың бірі киікті, екіншісі екі қара ит жетектеген екен, ал үшіншісі салт атты болыпты. Құбыжық пайда болған кезде киікті жетектеген бірінші қария мен иттерді жетектеген екінші қария құбыжықтан оны таңқалдыратын хикаяның есесіне саудагердің қанының үштен бірін қиюды сұрайды. Құбыжық келіседі. Қариялар өз хикаяларын баяндап бергенде құбыжық: «Ғажап оқиға екен»,-деп, олардың әрқайсысына саудагердің қанының үштен бірін кешеді. Ал енді ертегінің жалғасын тыңдаңыздар:
Салт атты қария өз хикаясын баяндау үшін құбыжықтың алдына барып: «Ей, құбыжықтардың әмірі! Мен мына екі хикаядан да әдемірек әрі ғажайыбырақ хикаяны білемін. Маған соны баяндап беруге рұқсат ет. Саған ұнап, сені таңқалдырса, мына саудагердің қалған қанын маған қи»,-дейді. Құбыжық келіседі.
Қария сонда былай деген екен: «Ей, құбыжықтардың әмірі! Мына көріп тұрған ат – менің әйелім. Мен жұмыс бабымен сапарға аттандым. Бір жылдан соң қайтып оралғанда әйелімнің мен жоқта нөкеріммен көңілдес болғанын түсіндім. Әйелім мені көре сала орнынан тұрып, су құмырасын алып, дуа оқып, маған шашып жіберді. Мен итке айналып кеттім. Ол мені үйден қуып шықты. Көшелер мен базарда жүріп, қасапшының дүкеніне жеттім. Қасапшы маған бірнеше сүйек берді. Мен аштығымды бастым. Кеш батып, қасапшы үйіне қарай жүргенде мен оның соңынан ердім. Қасапшының үйіне жеткенде оның қызы мені көре салып, бетін жауып: «Әке, бөгде ер адамды үйге неге ертіп келдің?»-деді. Қасапшы: «Мен ер адамды ертіп келген жоқпын. Бөгде адамың кім?»-деді. Қызы: «Мына ит – әйелінің дуасынан осындай кейіпке енген ер адам. Мен оны бастапқы қалпына қайтара аламын»,-деді. Қасапшы одан айналдыруды сұрады. Қыз бір құмыра су әкеліп, дуа оқып, маған шашты. Мен бастапқы қалпыма қайта оралып, қызға алғыс айтып, одан әйелімді атқа айналдыруды сұрадым. Ол әлгі судан маған біраз беріп: «Әйеліңді көргенде мына суды оған шаш. Ол сен не қалайсың, соған айналып кетеді»,-деді. Мен суды алып, үйіме қайтып, әйелімнің үстіне шашып, ат болуын қаладым. Ол атқа айналды. Осы хикаяны естіп таң қалған құбыжық аттан «Бұл шын ба?» деп сұрайды. Ат басып изеп, осылайша үшінші қарияның сөздерінің дұрыстығын растайды. Қатты таңқалған құбыжық саудагерді өлтіруден бас тартып, оның қалған қанын осы қарияға кешеді.