Нау 01, 2016 16:07 Asia/Almaty

Өткен бағдарламада жел, жер, су мен оттан тұратын төрт элементтің халық ауыз ертегілеріндегі мифологиялық ойлардың қатарын құрайтынын айтып, от, жер және судың халық ауыз ертегілеріндегі орны туралы сөз қозғадық.

Үнді және иран көне рәсімдерінде «ваю» (vayu) немесе «жел» ұлылық пен жомарттықтың құдайы болған, тіпті Иранның шығысында «ваю» қасиетті саналады. Жомарттық құдайына сыйыну Ашканилер мен Сасанилер дәуіріне дейін сақталған. Жел ең қозғалмалы, сонымен бір мезгілде табиғаттың көзге көрінбейтін элементтерінің бірі саналады. Сондықтан да «жанға» қатты ұқсайды. Жан – көрінбейтін күш. Байырғы адамдардың сенімінше, ол тірі болу және болмаудың шекарасын анықтайтын болған. Оның сырттай көрінісі қозғалыстан байқалатын болған. Мифологиялық көзқарас бойынша, жел кейде жай, кейде қатты соғып, барлық затты қозғалтатын болған. Шын мәнінде табиғаттың жансыз денелеріне жан бітіреді деп саналған.

Жел басқа үш элемент сияқты мифологияда екінші сипатқа да ие: ол – қорқыныш тудыратын бүлдіруші сипат. Дауыл – Иран мен әлемнің мифологиясында желдің екінші сипаты, Құдайдың ашу‑ызасы мен қаһары болып саналады. Мифология бойынша, дауылды жеңген кейіпкер табиғаттан тыс өмірге қол жеткізеді. Иран мен әлемнің мифологиясында осындай кейіпкерлердің үлгілері жетерлік. Бұл сенім тіпті көне аңыздардың шеңберінен шығып, тоухид – Алла бірлігі туралы сенімдерге дейін жетті. Нұхтың дауылы – осы сенімнің тоухидтік сипаты, бірақ бұл рауаятта Құдайдың қаһары адамдардың күнәсына байланысты туындаған. Нұхтың кемесі тірі қалуға пана болады. Осы ұлы сынақтың кейіпкері – хазірет Нұх та мыңжылдық ғұмырға ие болған. Дауыл – көне діни кітаптардағы ең маңызды мазмұндардың бірі.  Сондықтан мифологтар дауыл туралы аңызды бір мәдениетке тиесілі деп санамай, оны кең таралған әлемдік аңыз деп атайды.

Иранның мифологиясында жел мен дауыл көмекші элемент ретінде де, бүлдіргі элемент ретінде де қолданылады. Жел мен дауыл «Джамшид» пен «Тахмурес» атты ертегілерде де шешуші рөлге ие. Зәртушттердің кітаптары негізіндегі ирандық аңыздардың бір бөлігінде  дауыл диюдің баламасы саналған. Дию‑желге қатысты ең атақты ертегілердің біріне  Фердоусидің «Шахнамасындағы» Экван дию ертегісі жатады. Кейхосроудың жылқыларының арасында табиғаттан тыс қасиеттерге ие жылқы пайда болып, қысылтаяң шақта ол өзін желге айналдырады. Бұл қатты жел өз жолындағы кез‑келген кедергіні жояды.  

Тарсусидің «Дарабнама» атты романында жел көмектесуші элемент ретінде Дарабты дұшпандардан қорғайды. «Алланың құдіретімен  қатты желдің соққаны соншалықты, барлық адамдар құлап қалады... Заххак Хазифаны шақырып алып: «Дарабтың басын ал»,-дегенде Хазифа: «Жел бізге мұрсат бермейді»,-дейді. Заххак алға ұмтылып, қылышын қынабынан суырып алып шығады... Бірақ қанша тырысса да, желдің екпінінен Дарабтың алдына бара алмайды».

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Чоғундуз» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, Ибраһим есімді ұл патшаның қызына ғашық болып қалған екен. Жанұясы оны бұл істен бас тартуға шақырғанымен пайда болмайды. Ибраһимнің бөле ағалары оған кәсіп қылсын деп, 100 тұман береді. Ол осы ақшаға қапқа салынған айдаһар, содан кейін  бір күшік пен бір мысық сатып  алады. Ибраһим кептерге айналған айдаһарды, күшік пен мысықты алып, әлгі қаладан кетеді. Жолда үш дәруішке кездеседі. Ибрахим асатаяққа айналған кептердің көмегімен жолда кездескен үш дәруіштен хазірет Сүлейменнің сақинасын, қабы мен қазығын алады. Бұл заттардың әрқайсысының өзіндік қасиеттері бар екен. Кептердің бұйрығымен күшік пен мысыққа айналған перілер өз қалыптарынан шығып, Ибраһимге қызмет ететін екі нөкерге айналады. Кептердің өзі сұлу қызға айналып, басынан өткенін Ибраһимге баяндап береді. Кетер алдында керек болған жағдайда шақырарсың деп екі тал шашын Ибраһимге беріп: «Патша қызына жету үшін сақина арқылы Хишам диюден көмек алу қажет»,-дейді. Хишам дию Ибраһимнің тапсырмасымен патша қызын сарайымен оның алдына алып келеді. Бір кемпір қыз бен сарайды табуды өз міндетіне алады. Оны тапқан кезде бір‑бірінің көмегімен сақинаны қолға түсіреді. Содан кейін Хишам дию олардың қызметіне келіп, қыз бен сарайды бастапқы орнына қайтарады.

Ит пен мысық сол маңда болған тышқандардың қаласына шабуыл жасап, олардың патшасын тышқандарды қалаға жіберіп, сақинаны тауып әкелуге мәжбүрлейді. Тышқандар қалаға лап қойып, барлық есік‑тесікті тінтеді.  Барлық тышқандар кетіп қалғанда тек бір соқыр тышқан мен бір ақсақ тышқан ғана қалған екен. Соқыр тышқан мен ақсақ тышқан бірге жүріп отырып, қалаға жетеді. Тағдырдың жазуымен әлгі екеуі бірден патша қызының сарайына барып, қыздың алтын төсекте ұйықтап жатқанын көреді. Соқыр тышқан қыздың дем алысын тыңдап, досына: «Сақина қыздың тілінің астында. Басқа кісінің қолына түсіп қалмасын деп, тілінің астына салып қойыпты. Сен асханаға бар да, темекіні  суға салып қойған ба, жоқ па қарашы. Егер суға салса, құйрығыңды салып кел»,‑дейді. Ақсақ тышқан ақсаңдап барып қараса, бір кесе темекі суға салынған екен. Құйрығын суға бір салып, қайтып келіп, жіңішке құйрығын қыздың мұрынына тығып алады. Патша қызы ұйқыдан атып тұрып, түшкіріп қалғанда сақина аузынан ұшып түседі. Ақсақ тышқан сақинаны ұшып бара жатқанда қағып алып, қыз өзіне келгенше бөлмеден атып шығып, соқыр тышқанмен бірге сарайдың қақпасынан шығып, өз қалаларына қарай жолға шығады. Басқа тышқандар топ‑топ болып, патшаларының алдына барып, ештеңе істей алмағандарын айтып жатады.  Патша төбенің басында тұрып соқыр тышқан мен ақсақ тышқанның сақинаны алып келе жатқанын көреді. Тышқандарға құр қол келгендері үшін ұрсады. Соқыр тышқан мен ақсақ тышқан келіп, сақинаны патшаға беріп, оны қыздың аузынан қалай алып шыққандарын баяндап береді. Патша сақинаны ит пен мысыққа береді. Олар Ибраһимге барып, қожайындарының жағдайын жасау үшін жолға шығады. Жолда бір өзенге жеткенде мысық итке қарап: «Сақинаны маған бер»,‑дейді. Ит: «Бұдан не өзгереді?»‑деп сұрайды. Сонда мысық: «Осылай етсек сенімдірек боламыз»,‑дейді. Ит сақинаны мысыққа береді. Мысық сақинаны аузына салып, иттің арқасына отырып, өзенге қойып кетеді. Жүзіп отырып, жүзіп отырып, өзеннің ортасына жетеді. Сол кезде кенет сақина мысықтың аузынан түсіп кетіп, сақинаны сол маңда жүрген бір балық жұтып қойып, өзеннің түбіне кетіп қалады. Ит пен мысық өзеннен шығып, жағада отырып алып жылайды. Бір балықшы сол жерден өтіп бара жатып, екі хайуанның зарлап жылап отырғанын көреді. Балықшы әлгілердің қарны аш екен деп ойлайды. Қармағын суға салғанда тағдырдың жазуымен сақинаны жұтып қойған балықты аулайды. Балықты алып, ит пен мысықтың алдына лақтырады. Әлгілер балықты бас салып қарнын жарып, сақинаны алып тайып тұрады. Балықшы хайуандардың қолына қандай құнды заттың түскенін түсініп, олардың артынан жүреді. Қанша жүрсе де, әлгілерге жете алмапты. Ит пен мысық Ибраһимге жетіп, оның қатты тарығып, өлім алдында жатқанын көреді. Жылдам жіптерді үзіп, ол отырғанда сақинаны қолына береді. Ибраһим оны саусағына тағып: «Сүлеймен пайғамбардың мейірбандығы үшін»,‑дейді. Бірден жер қақ айырылып, әлгі бес дию сыртқа шығады. Ибраһим Хишам диюге қарап: «Енді мені байлайсың ба? Істегеніңе өкінетіндей әкеңді танытамын»,‑дейді. Хишам дию: «Бұл сақина кімнің қолында болса, біз соны тыңдаймыз. Ол кезде сақина патша қызының қолында еді. Ал енді сіз не бұйырсаңыз, соны орындаймыз»,‑дейді. Ибраһим: «Барыңдар да, қыз бен сарайды алып келіңдер»,‑деп бұйырады. Диюлер шыр айналып, көкке көтеріледі. Кәсіпкерлер өз жұмыстарымен айналысып жатқан еді, бір уақытта патша қызының сарайы аспанға көтеріледі. Патшаға жүгіріп барып: «Патша қызының сарайы тағы да аспанға ұшып кетті»,‑деп хабар береді. Патша қайғыға батып, әлгі кемпірді алып келуге бұйырады. Кемпірді алып келгенде патша оған: «Өткендегідей қызымды алып келуің керек»,‑дейді.  Кемпір жалынып: «Бұл жігіт менің қолымнан зиян көрді. Егер мені көрсе, мойнымды жұлады»,‑дейді. Патша оның сөзін тыңдамай: «Баруың керек. Егер бармасаң, сені өртеп жіберемін»,‑дейді. Кемпір амалсыздан жолға шығып, қыздың сарайына жетеді.