Жел 07, 2016 20:35 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (94)

Бүгінгі бағдарламада Мир сейіт Əли Хамаданидің еңбектерімен таныстырамыз.

Айтып өткеніміздей, ирандық мистик Мир сейіт Əли Хамадани х.қ.ж.с.б.714 жылы Хамадан қаласында дүниеге келген. Бастапқы білім жолын жүріп өткеннен кейін ұлы ұстаздардан хадис ғылымы мен танымы, хикмет пен мистиканы үйренген жəне нəпсіні жеңу, рухани жоғарылау мен ақиқат жолын жүріп өтуде солардың ықпалында болған. Ол өз заманындағы мистиктердің алдынан ақиқат жолын жүріп өткеннен кейін ұстаздары тарапынан оған Ираннан тысқары жерде Ислам дінін насихаттау жəне ақиқатқа құштарларды бағыттау міндеті жүктелді. Ол бұл миссияны өмірінің соңына дейін атқарып, бүкіл өмірін ислам дінін насихаттауға, шəкірттер мен қызығушыларды тəрбиелеуге арнаған. Ол тақуалықпен қоса, ғылым мен хикметте жоғары орынға ие болып, өз заманындағы рационалды және көркемсөз ғылымдарының білгірі атанып, осы салаларда көптеген еңбек жазған. Сейіт Əли Хамаданидің жазбалары 110 том кітап, трактат пен өлең жинағынан тұрады. Бұл туындылар мəн мен мазмұн, стиль, проза мен поэзия тұрғысынан көңіл аударуға тұрарлық. Олар əртүрлі салаларда, соның ішінде тəпсір, əңгіме, философия мен хикмет, ақлақ, мистика мен əдебиет салаларында жазылған. Олардың барлығынан ғибратқа толы тақырыптар мен рухани жəне талғамдық мазмұндарды көруге болады. Осы ұлы мистиктің прозалық жəне поэзиялық туындыларды жазуда қолданған тəсілдері оның еңбектерін əрбір оқырманға тартымды етті.

Хамаданидің көптеген ғылыми туындылары мен трактаттары әдетте қолжазба нұсқалары түрінде болғандықтан зерттеушілердің назарынан тыс қалған. Тек кейбір саусақпен санарлық еңбектерінен басқасы жарияланбаған. Философиялық сала тұрғысынан Генри Корбиннің пайымдауынша, «Хамадани – жаңа жолдың бастамашысы. Егер оның жазбалары басылып шығатын болса, философтар Хамаданидің көптеген туындыларынан мол мағлұмат күте алады».  

Мир сейіт Əли Хамадани діни және мистикалық екі тұлғаға ие: біріншісі көбінесе «Захират ул-Мулуктен», екіншісі көбіне басқа туындыларынан байқалады. Мир сейіт Əли Хамадани қара халыққа тәлім-тәрбие берумен қоса, билеушілерге де өзінің барлық талпыныстарын халықтың қиыншылықтары мен қажеттіліктерін шешуге жұмсауға кеңес береді. Бұл істі билеушілер үшін Алла Тағалаға ғибадат етуден жоғары деп санаған.

Ол билеушілер мен патшаларды өз міндеттерін атқаруға бағыттау үшін  мемлекетті басқару мен саясат қалыптастыру тәсілі туралы «Захират ул-Мулук» атты еңбек жазған. Бұл кітапта биліктің маңыздылығы жан-жақты зерттеліп, билеушілер мен патшалардың міндеттері түсіндіріліп, жақсы билік қоғамның бақытты болуының негізгі тірегі ретінде сипатталған.

«Захират ул-Мулук» кітабы бір кіріспе, 10 тарау мен қысқа қорытындыдан тұрады. Автордың айтуынша, бұл кітап патшалар, билеушілер мен ақсүйектерді жаппай шақыру үшін жазылған. Бұл Мир сейіт Əли Хамаданидің ең егжей-тегжейлі жазылған еңбегі болып саналады. Кіріспеде автордың аты-жөні мен кітаптың атауы нақты аталған. Мир сейіт Əли Хамадани кітапты «Захират ул-Мулук» деп атауының себебін: «Бұл кітаптың негізгі мақсаты патшалар мен билеушілерді шақыру болғандықтан «Захират ул-Мулук» деп атадым»,-деп түсіндірген.

Мир сейіт Əли Хамаданидің туындыларын зерттеушілердің сенімінше, бұл кітаптың тақырыптардың көбі шын мәнінде Абу Хамед Мұхаммад Ғазалидің «Ахия-йе Улумеддин» атты кітабының аудармасы мен қысқаша баяндамасы болып табылады. Оның авторы көптеген тақырыптарды оған қосқан.  Алайда мәтінде осы жайтқа сілтеме жасалмаған. Тек бір жағдайда ғана Ғазали мен оның «Ахия-йе Улумеддин» атты кітабының аты аталған. Онда да аударма мен қысқартылып алу туралы сөз қозғалған жоқ.

Мир сейіт Əли Хамаданидің «Захират ул-Мулук» атты кітабы  тарауларының бірінде алдымен аяттар мен хадистер дұрыс аудармамен беріліп, содан кейін басқа тақырыптар әдетте басқа аяттар мен хадистер, шейх сопылар мен мистиктер, тақуалар мен сахабалардың сөздеріне сүйене отырып жазылған. «Захират ул-Мулук» туралы тағы бір айтатын нәрсе: сүнниттер, жамағат, Құран мен хадистердің сенімінше жазушының осы кітапты жазудағы мақсаты басқа трактаттарына керісінше көбіне сүнниттер мен жамағатқа уағыз айтып, жол нұсқау және жақсылыққа шақырып, жамандықтан жирендіру болған. Кітапты оқитын адам оны жазған адамды шариғаттың заңдарын берік ұстанған мистик ғалым және сүннит бағытына берілген адам деп ойлайды.

Бұл кітап жазылғаннан кейін басшы мұсылмандардың қолдауына ие болды әрі дереккөзі ретінде Мир сейіт Əли Хамаданидің барлық кітаптарының алдыңғы қатарында тұр. Мұнымен қоса, автордың  өзі кейбір трактаттарында осы кітаптан үзінділер мен цитаталар келтіріп отырған. Кейінгі дәуірлердің авторлары да өздерінің кітаптарын жазғанда осы еңбекті пайдаланған.

Мир сейіт Əли Хамаданидің «Захират ул-Мулук» атты кітабы х.қ.ж.с.б. 10 ғасырда Түркияның жазушысы, аудармашысы әрі ақыны  «Сарвари» деген лақап атқа ие Мослехеддин Мұстафа бен Шағбан тарапынан түрік тіліне аударылған. Бүгінде осы кітаптың көптеген қолжазба нұсқалары Иран, Франция, Ұлыбритания, Ресей мен Ауғанстанның кітапханаларында сақталынған. «Захират ул-Мулук» кітабы Лахур мен Бомбейде тасқа басылып шыққан.

«Сейр әт-Талебин» – Мир сейіт Əли Хамаданидің мистикалық (сопылық) шығармаларының бірі. Ол ақиқатты іздеушілерге жол сілтеу мақсатында сопының әдет-ғұрыптары мен мистикалық ақиқатты баяндауға арналған.  Бұл трактаттың жазылу стилі «Захират ул-Мулук» кітабына ұқсайды. Автор мистикалық тақырыптарды «Захираттағы» сияқты «Ей, әзиз» деп баяндап, оларды түсіндіруде аяттар, хадистер, парсы және араб өлеңдері мен шейх сопылардың сөздеріне сүйенген. Бұл трактаттың әртүрлі бөліктері ақиқат іздеушінің әдет-ғұрпы, тариқат жолы мен ақиқат туралы тың да алуан тақырыптардан тұрады. Осы еңбекті оқығаннан кейін  әрбір оқырман  авторды исламдық фанат ғалымдардың ой-сенімдері шекарасынан оза шауып, кемеліне жеткен сопылардың бірі деп ойлайды.

Мир сейіт Əли Хамаданидің тағы бір қысқа мистикалық шығармасы – «Он ереже» трактаты.  Осы қысқа трактатта хақты іздеушілердің мәңгілік бастауға  қосылуының жолдары туралы жазылған. Ол бұл трактатта хақты іздеушілерді үш топқа бөліп, сол үш топтың жолдарын баяндайды: ғибадат етушілер мен тақуалардан тұратын саудагер топтың жолы, тариқатты ұстанып, нәпсі мен жүректі тазартып, ақлақты өзгертуді мақсат етіп алған  талпынушылар тобының жолы және ақиқат іздеушілердің жолы бөлек қарастырылған. Бұл еңбектің  негізгі өзегі – үшінші топ, яғни ақиқат іздеушілердің жолына арналған. Мұнда осы топқа қатысты 10 ереже баяндалған. Бұл трактатты жазудағы негізгі мақсат – осы 10 ережені мистикалық жолмен түсіндіру. Бұл ережелерге тәубе ету, тақуа болу, тәуекел ету, қанағат ету, оқшаулану, зікір салу, көңіл аудару, сабыр сақтау, күту-қарайласу және ризалыққа бөлену жатады. Саид Нафисидің айтуынша, бұл трактат – Наджмеддин Кобраның «Усуль ул-ашара» немесе «Қаваед ашара» еңбегінің аудармасы. Бірақ трактаттың мәтінінде оның аударма екендігіне сілтеме жасалмаған. Сырттай алғанда автор «Усуль ул-ашара»  кітабының бөлімдерін немесе бүкіл кітапты иемденіп алған немесе тұтастай осы трактатты аударып, оған өзі тақырыптар қосқан.

Мир сейіт Əли Хамаданидің еңбектерінің арасынан бүгінгі бағдарламада таныстыратын келесі туынды «Ресале-йе Дәрвишие» деп аталады. Бұл қысқа трактат пірге бас ию, оның бұйрықтарын бұлжытпай орындау қажеттігі туралы және жетекші ретінде таңдалып, хақты іздеушілерге  тариқатпен жүріп өтуге жол нұсқауды міндетіне алған адамның шарттары жайлы мол мағлұмат береді. Мир сейіт Əли Хамаданидің сенімінше,  кез-келген аят пен хадисте, зікір мен тақатта ерекше сыр мен арнайы ем бар. Тек пайғамбарлар мен әулиелер ғана осы сырлар мен оның қолданыс аясынан хабардар. Егер тиісті жерінде қолданылмаса, көп жағдайда көптеген қиындық туындайды. Оның сенімінше, алуан түрлі тән ауруларының болатыны, оларды емдеудің жолдары әрқилы болатыны және әрбір адамға қатысты арнайы дәрі жазылатыны сияқты рухани аурулар да осындай. Хақты іздеушілердің әрбір жанама рухани ауруын емдеу үшін  тақат, ғибадат пен зікірлерден тұратын арнайы рухани дәрі бар. Пайғамбарлар, әулиелер, тариқаттың шейхтері мен діни ғұламалардан тұратын діни хәкімдерден басқа адам ақиқат пен оның қолданыс аясы жайында ештеңе білмейді.

Мир сейіт Əли Хамадани тариқат рәсімдеріне толық бағынышты болуымен бірге шариғаттың үкімдері мен әдет-ғұрыптарын орындауды хақты іздеушілер мен шейхтер үшін қажет іс деп санаған және шариғат заңдарының шегінен шығуды дұрыс деп есептемеген. Трактаттың жазу стилі «Захират ул-Мулук» кітабымен бірдей. Осы кітаптағы кейбір тақырыптар аталмыш трактатта қайталанған.  Бұл трактаттың бір нұсқасы басылып шықты. Оны кітапханалардан табуға болады.

Тегтер