Жел 15, 2016 19:31 Asia/Almaty

Исра сүресі, 456-шы бөлім, 3-6 аяттар

«Исра» сүресінің  3 аяты:

" ذرّیة مَن حَمَلنا مَعَ نُوح ٍ انّه کانَ عَبدا ً شَکُورا ً " 

Әй, Нұхпен (Ғ.С.) бірге (кемеге) түсіргендеріміздің ұрпақтары! Күдіксіз ол, шүкір етуші бір құл еді. (3)

Алдыңғы аятта Құран «Исраил ұрпағына жетекшілік ету үшін біз Тауратты жібердік» деді. Осы аят соларға қаратып: «Ондай болса сендер де осы илаһи нығметке шүкір етіп, соған ілесіңдер» дейді. Үлгі ретінде шүкіршіл құл деп хазірет Нұхты таныстырып, былай дейді: «Сендердің ата-бабаларың біз оларды Нұхпен бірге топан судан құтқарған адамдар болған. Олар шүкіршіл болғандықтан құтқарылды. Сендер де құтқарылу үшін сондай болыңдар». Хазірет Нұх барлық пайғамбарлардан артық өмір сүрді. Солардың барлығынан көбірек Алланың дінін уағыздады. Ол хазірет сол жолда көп азап көріп, қиналғанына қарамастан үнемі Алланың дәргаһына шүкіршілік етіп, мұңын шаққан емес. Осы аяттан мынадай ой түйеміз:1. Перзенттер мен жаңа буынның көңілін ата-бабаның шарапаты мен иманына аудару оларды тура жолға шақыру мен тәрбиелейтін сезім жолы болып табылады. 2. Барлық жағдайда: қиындықтар мен мәселе туындағанда немесе бақуаттылық пен тыныштықта шүкір білдіру құтқарылу мен бақыттың сыры. 

«Исра» сүресінің 4 аяты:

" و قضینا الی بَنی اسرائیلَ فی الکتاب لتفسدُنّ فی الارض مَرتین و لتعلنّ علوّا ً کبیرا ً " 

Кітапта Исраил ұлдарына: “Әрине жер жүзінде екі рет бұзықтық қылып, өте тәкаппарланасыңдар” деп ескерттік (4).

Алдыңғы аяттардың жалғасында осы аят Исраил ұрпағына қаратып: «Бірақ сендер илаһи нығметтерге шүкіршілік білдірудің орнына бейбастақтық пен бүлік жасайсыңдар. Жер бетінде артық болуды көздейсіңдер» дейді. Құран әртүрлі аяттарда Исраил қауымының илаһи пайғамбарларды өлтіру, бұзықтық пен өсімқорлықты тарату, хақты жасыру сынды бейбастақ істеріне тоқталған. Бірақ осы аятта былай дейді: «Сендер соның салдары жер бетіне таралатын үлкен екі бұзақылық жасайсыңдар». Осы аятта жер бетіндегі барлық бұзақылықтың  тамыры өзін артық санауда екендігін көрсету үшін екі сөз: «бұзақылық» пен «артықтық» бір-бірінің қасында қатар келген. Құран Перғауын туралы: «Перғауын жер бетінде артық болуды мақсат етті» дейді. Сол себепті Құранның басқа аяттарында «Алла жұмақты жер бетінде өзін артық санамайтын, бұзықтық жасамайтын адамдарға арнады» деп жазылған.  Осы аяттан үйренетініміз:1. Яһуди және Исраил қауымында бұзықтық пен бүлінушілік бұрыннан болған. Ол туралы Тауратта да жазылған. 2. Әлсіздердің билікке күштері жеткен соң тәкәппарға айналғандары жиі кездеседі. Исраил ұрпағы хазірет Мұса арқылы Перғауын мен оның жандайшаптарының үстемдігінен босағанымен өздері жер бетінде бұзақылықтар жасады.  

 «Исра» сүресінің 5-6 аяттары: 

" فاذا جاءَ وعدُ اولیهُما بَعثنا علیکُم عبادا ً لنا اولی بَأس ٍ شدید ٍ فجاسوا خلالَ الدّیار و کانَ وَعدا ً ًمفعولا ً " ، " ثمّ رَددنا لکمُ الکرّة علیهم و امددناکم باموال ٍ و بنینَ وجعلناکم اکثرَ نفیرا ً " 

Екі уәденің алғашқысы келген кезде оларға қатты жауынгер құлдарымды жібердік те олар үйлердің араларына дейін кірді. Бұл орындалатын уәде еді. (5) Сонсоң сендерді оларға үстем қылдық. Әрі сендерді малдар, балалар арқылы қуаттап, сан жағынан да молайттық. (Олардың бірінші астамшылығы; Тәуратқа қарсы келу, Шағяны өлтіру. Екіншісі: Зәкерия, Яхияны өлтіру және Ғисаға қастандық. Жеңілістері: Санжарып, Бахтынасар, Жалұт дәуірлері. Жақсарған дәуірлері; Данял, Дәуіт дәуірлері. Б.Ж.М.К.Р.Х.Т.Ж-Қ. (6)

Алдыңғы аят Исраил ұрпағының жер бетіндегі екі рет бұзықтық жасайтындықтарынан хабар берсе, осы аяттар былай дейді: «Алла һәм екі ретте де оларды жазалап, сазайларын тарттыруға уәде берді. Алланың бұл уәдесі кесімді». Тарихи жазбаларда милади жыл санағынан шамамен 600 жыл бұрын Вавилонда мықты да әлеуетті Навуходоносор атты патшаның билік еткені келтірілген. Ол яһуди қауымының билікке бағынбаушылығы мен бүлікшілігін көрген кезде олардың қалалары мен өлкелеріне шабуыл жасап, олардың көбісін өлтіріп, көп адамын тұтқынға алды. Соңында Навуходоносор Бейт ул-Мұқаддасқа еніп, оны қиратты. Сол себепті  Навуходоносордың көзі тірісінде Исраил ұрпағы Вавилонда қорлық көріп, сол патшаның тұтқыны болды. Иранның ұлы патшасы Куруш Вавилонды жеңгеннен кейін яһудилер үстемдіктен босап шықты. Куруш яһуди қауымына өздерінің қасиетті мекендеріне оралып, өздерінің қалалары мен өлкелерін қайтадан қалпына келтіруге рұқсат берді.  Исраил қауымы өздерінің жерлеріне оралған соң біртіндеп, көбірек билік пен байлыққа ие болып, олардың халқының саны арта бастады. Бірақ Рим патшасы Бейт ул-Муқаддасқа ләшкер тартып, сол жерде оларға үстемдік етті.  Ол Бейт ул-Мұқаддасты қиратып, адамдардың үйлері мен баспаналарын тонауға бұйрық берді. Осы аяттардан үйренетініміз:1. Бүлікшілер өздерінен де зордың көп  екендігін білуі керек.  Исраил қауымы бүлік шығарды. Алла олардан да мықты билікті соларға үстемдік еткізді.2. Тәубенің негізі һәм жеке, һәм қоғамдық. Сол себепті егер үмбет өзінің өткеніне өкініп, тәубеге келсе Алланың мейірімі де олардың жағдайын қамтитын болады.