Әнғам сүресі, 191-ші бөлім, 71-74 аяттар
Әнғам сүресі, 191-ші бөлім, 71-74 аяттар
"Әнғам" сүресінің 71-72 аяттары:
"(Ей, Мұхаммед!) былай деп айт: "Біз А...-ны қайырып қойып, өзімізге пайдасы да, залалы да жоқ нәрсеге (пұтқа) табынамыз ба? Бізді А... оң жолға салғаннан кейін кері шегініп (діннен шығып), шайтанның адастыруымен дөйдалада мәңгіріп лағып жүрген, достары "Бері қайт!" деп шақырып тұрған біреуге ұқсамақпыз ба? А...-ның нұсқағаны анық дұрыс жол. Біз күллі әлемнің Раббына бойсұнуға бұйырылдық. (71) Намаз оқуға, А...-дан қорқуға бұйырылдық. (Қиямет күні) А...-ның құзырына жиналасыңдар". (72)"
Өткен бағдарламада мүшріктер мен пұтқа табынушылар жаңа мұсылман болғандарды иманынан қайтару үшін оларды үнемі өз діндеріне шақырып, пайғамбар мен илаһи тәлімдерге тіл тигізіп, оларды өздеріне қарай тартуға тырысқандығын айтқанбыз. Бұл аят пайғамбарға (с): "Оларға батыл түрде жауап қайтарып, ожданынан: "А... тағаланың орнына пайдасына қызығатындай пайдасы жоқ және зиянынан қорқатындай зияны жоқ нәрселер мен кісілерге неге жүгінесіңдер?",-деп сұрауды бұйырады. Осы мұсылмандар өмірдің бір бөлігін пұтқа табынумен өткізіп, бүгінде алға қарай қадам жасап, материалдық заттарға табынудан бас тартқан. Сондықтан олардың пұтқа табынуға оралуы – діннен шығу болып саналады. Онда ешқандай кемелдік жоқ. Жәһилият дәуіріндегі арабтар ай далада адасып, жол таба алмай қалғанда, бұған жолда жасырынған шайтандар мен жындар кінәлі деп ойлайтын. Құран олардың дәл осы нанымын мысал келтіруге пайдаланып: "Тәухидтен серік қосуға оралу – шайтандар жасырынған қараңғы әрі қауіпті жолға түсу секілді",-дейді. Аяттың соңы: "Адасып, қаңғырудан құтылудың жалғыз тәсілі А... мен Оның нұсқауларына бойсұну болып табылады. Өйткені адамның істерін А... аяқтайды және Оның ризалығы адамның бақытты болуында маңызды рөл атқарады",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, пұттардың еш құндылығы жоқ және бізге пайда да, зиян да тигізбейді. Ендеше оларға табынудың не мақсаты бар?
Екіншіден, барлық жаратылыс әлемі А...-ға бағынады. Ендеше жаратылыстың сәйкеспейтін бөлігі болмау үшін біз де А...-ға бойсұнайық.
"Әнғам" сүресінің 73-ші аяты:
"А... көк пен жерді хикметпен жаратты. Ол "Бол" деген күні (барлық нәрсе) бола қалады. Оның сөзі хақ. Сұр үрленетін күні (қиямет күнінде) де патшалық оған тән. Ол – көместі де, көрнеуді де білуші, хикметпен іс істеуші, бәрінен хабар алушы. (73)"
Осыдан бұрынғы аяттарда Құран А... тағалаға бойсұнып, Оның нұсқауларын орындауға баса айтты. Бұл аят осы мәселені дәлелдей келе: "Әлемнің басталуы мен аяқталуы Оның қолында екенін қабылдамайсыңдар ма? Ол көктер мен жерді жаратқан және қияметті орнатады. Ол әлемді жаратушы әрі оның барлық істерін толық білуші. Егер осылай болса, сендер де Оған бағынып, Оның мақсатымен жүріңдер. Ол әлемді ақиқат бойынша жаратты. Оның сөзі де, төрелігі де ақиқат",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, әлем мақсатты түрде және хикмет бойынша жаратылған. А... тағала әр тіршілік иесін білім бойынша жаратты.
Екіншіден, А...-ның үкімдері мен нұсқаулары білім мен хикметке негізделген. Сондықтан билік те хикмет негізінде болуы тиіс.
"Әнғам" сүресінің 74-ші аяты:
"Өз уағында Ибраһим әкесі Әзарға: "Пұттарды тәңір тұттың ба? Мен сені және қауымыңды анық азғындықта деп білемін",-деп айтты. (74)"
Мекке мүшріктерінің сенімдері мен пайғамбардың оларға берген жауаптарын баяндаған аяттардан кейін, бұл аят Ислам пайғамбарына (с): "Пұтқа табынушылық тек Мекке тұрғындарының ғана тәсілі деп ойлама. Хазірет Ибраһим (ғ) заманында да кейбір адамдар пұтқа табынатын. Сол кезде хазірет Ибраһим (ғ) өз елінің үлкені болған қамқоршысына қарап: "Сіз қалайша жансыз пұттарды "тәңір" тұтып, оларға табынасыз. Бұл істеріңіз нағыз адасушылық",-деп айтқан болатын",-дейді. Әрине "Әзар" Ибраһимның (ғ) әкесі емес, ағасы болатын. Дегенмен Ибраһимның (ғ) қамқоршысы болғандықтан, оған әке есебінде болған. Сол себепті ол кісіге "Әб" яғни "әке" сөзі қолданылған. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, перзент өз ата-анасының сенімдерін қабылдауға міндетті емес. Ол әр нәрсені ақыл мен қисынға салып, бұрыс сенімді тастауы тиіс. Ол бұрыс сенімдерді тастаумен қатар, олардың арасында ағартушылық етуі тиіс.
Екіншіден, жалған әдет-ғұрыптар мен сенімдер халықтардың мәдениетінде бірнеше мың жыл бойы болса да, қисынға сай болмағандықтан қабылдауға жатпайды. Ақиқаттың шындығы оның көнелігі мен көптігінде емес, қисынды болуында.