Әнғам сүресі, 188-ші бөлім, 57-60 аяттар
Әнғам сүресі, 188-ші бөлім, 57-60 аяттар
"Әнғам" сүресінің 57-58 аяттары:
""Мен сөзсіз А...-дан келген айқын дәлелге (Құранға) негізделемін, ал сендер оны өтірікке шығарасыңдар. Сендер тезірек келсе екен деп тілеген азап менің ырқымда емес. Күллі үкім А...-да. А...-ның үкімі хақ, Ол – ең әділ үкімгер",-деп айт. (57) (Оларға): "Сендер тезірек келсе екен деп тілеген азап менің қолымнан келер болса, онда сендермен арамыздағы іс сөзсіз шешімін тапқан болар еді (сендерді жоқ қылар едім)",-де. А... залымдарды әбден біледі. (58)"
Мүшріктердің пайғамбарды (с) пұтқа табынушыларға қосылуға шақырғандығы туралы өткен аяттардан кейін, бұл аят пайғамбарға (с): "Мен оны қабылдайтындай пұтқа табынудың еш қисыны жоқ. Бірақ мен А... тарапынан ұсынып отырған Құран толық және айқын түрде ақиқатты жалғаннан айырушы болып табылады. Дегенмен сендер оны қабылдамай, жоққа шығардыңдар. Оны тек жоққа шығармай, маған: "Егер А...-ның елшісі болсаң, кәпір біздерге А...-ың азабын түсір",-дейсіңдер. Бірақ сендердің тез түсіруді талап етіп отырған азаптарың менің қолымда емес. Сендерге ақиқатты баяндап, оны жалғаннан ажыратқан А...-ның қолында. Бұған қоса егер азап түсіру менің қолымда болса, сендерден түк қалмас еді. Кәпірлер мен мүшріктердің тәубе қылуына мұрсат беру А...-ның ілтипаты. Сондықтан олардың азабы кешіктірілуде",-деп жауап бер дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, пайғабарлардың шақыруы күмән мен ырымдарға емес, дәлелдерге негізделген. Ал жоққа шығарушылардың қисыны нәпсіге негізделген.
Екіншіден, пайғамбар күнәһарларды жазалап, азаптауға емес, дінді уағыздауға міндетті.
Үшіншіден, азапты кейінге қалдыру, кәпірлердің "біз ұмытылдық" деп ойлап, мақтануына себеп болмасын.
"Әнғам" сүресінің 59-шы аяты:
"Ғайып қазынасының кілті А...-да. Оны А...-ның өзі ғана біледі. Құрлықтағы, теңіздегі нәрселердің барлығын (А...) біледі. Төгілген жапырақтың А... білмейтін бірде-бірі жоқ. Қараңғы жер астына көміліп қалған бір тал дәнек болсын, қураған немесе жас өсімдік болсын, барлығы да кітапта (Лаухулмахфузда) жазулы. (59)"
Құран мүшріктерге жауабында: "Барлық жаратылыс А...-ның басқаруында",-деген өткен аяттарды жалғастыра осы аят: "Көк пен жердегі сендерге көрінбейтін нәрсенің және бір жапырақтың жерге түсуі мен дәннің топырақ астында өсіп-өнуі секілді сендерге маңызсыз болып көрінетін нәрсенің барлығы А...-ға мәлім",-дейді. Ол осы әлемнің айқыны мен жасырынын біледі. Барлық ғайып істердің кілті Оның қасында. Осы әлемнің барлық істері жаратылыс пен илаһи тағдыр кітабында жазылған. Әлем сол жазылған қағидалар бойынша басқарылады. Әлем А...-ның білімімен жаратылып, әрқашан А...-ның білімімен басқарылып тұрады. Барлық тіршілік иелерінің өлімі мен өмірі Оның еркі бойынша болады және Оның білімінсіз ештеңе орын алмайды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, А... тағала әлемнің жалпы қағидаларын ғана емес, жаратылыстың барлық егжей-тегжейін де біледі.
Екіншіден, ғайыптың білімі тек А...-ға ғана тән. Оның қалауынсыз ғайыптан ешкім хабардар болмайды.
Үшіншіден, жаратылыс жүйесі дәл және жоспарланған бағдарлама бойынша жүріп жатыр. Ешнәрсе А...-ның қарамағынан тысқары емес.
"Әнғам" сүресінің 60-шы аяты:
"А... сендерді түнде өлі халге айналдырады (ұйықтатады), ал күндізгі істеріңді біліп тұрады. Онан соң белгіленген шекті уақытқа дейін жасасын деп, күндіз сендерді оятады. Онан соң ол сендерге істеген істеріңді айтып береді. (60)"
А... тағаланың бүкіл әлемнің айқын және жасырын істерін бақылап отырғанын баяндаған аяттардың жалғасында бұл аят: "Өсімдік дәнінің топырақтың астында өсіп-өнуін және ағаш жапырағының түскенін білетін А... сендер, адамдардың ұйқыдағы не ояу күйдегі барлық жағдайларыңды біледі. Ол қияметте сендердің істегендеріңді айтып береді. Ол істеген істеріңді ғана біліп тұрмайды, сонымен бірге түн мен күндіз де оның бақылауында. Ол сендерді ұйықтатып, оятады. Бұл үдеріс сендердің өмірді пайдаланып, ғұмырларың аяқталғанға дейін жалғасады",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Құранның көзқарасы бойынша ұйқы – өлімнің, ал ояну – қайта тірілудің белгісі.
Екіншіден, өзімізді қияметте жауап беруге дайындап, шектеулі өмірді дұрыс пайдаланайық.