Жел 24, 2016 19:53 Asia/Almaty

Әнғам сүресі, 186-бөлім, 50-52 аяттар

"Әнғам" сүресінің 50-ші аяты:

"(Ей, Мұхаммед! оларға): "Жанымда А...-ның қазынасы бар демеймін, көместі де білмеймін. Және сендерге періштемін де демеймін. Мен өзіме уахи етілгенге ғана ілесемін. Көзді мен көзсіз тең бе? Ойламайсыңдар ма?",-де. (50)"

Адамдардың көбісі әлемдегі барлық істерге құдіреті жететін, барлық шаруаны ғайыптан шеше алатын және қалаған істі болдырып, қарсы шыққан әркімді жойып жібере алатын кісі ғана пайғамбар бола алады деген пікірде. Сондықтан бұл аятта Ислам пайғамбарына (с) "халыққа пайғамбардың ісінің басқа екенін жеткізу" жүктелген. Оның міндеті халықты А...-ға үндеу мен илаһи жолдауды жеткізу болып табылады.

Халық одан өткен мен болашақтың хабарын күтетіндей, ол ғайыптан хабар беруші де, тағам жеу мен үйлену секілді материалдық қажеттіліктерден ада періште де емес. Пайғамбардың көрсеткен мұғжизалары да, адамдардың талабына сай және пайғамбардан не тілесе соны көрсететіндей емес, қайта А...-ның қалауы шеңберінде.

Аяттың соңы халықтан көретіндер мен еститіндерге сүйеніп, ғажайып кереметтерді көруге құмар болудың орнына, ой салып, ақиқатты мойындауға шақырады. Өйткені ой-пікір болмаса, қырсық адамдар көргендерін де қабылдамай, соқырлар тәрізді оны жоққа шығарады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, пайғамбарлар халықпен адал қарым-қатынас жасайды. Сондықтан қолынан келмейтін істі халықтан жасырмайды.

Екіншіден, пайғамбарлар шектен шығушылық пен ырымдармен күреседі.

"Әнғам" сүресінің 51-ші аяты:

"Раббыларының алдына жиналудан қорыққандарға онымен ескерт. Олар үшін А...-дан өзге бір дос та, қолдаушы да жоқ. Олардың сақсынулары керек. (51)"

"Көзді мен көзсіз тең емес. Ақиқатты қабылдау ойлануға байланысты",-деген аяттан кейін осы аят былай дейді: "Пайғамбар барша халықты ақиқатқа шақырып, күнәларының ауыр салдарына қатысты ескерту жасағанымен, олардың барлығы мойындамақ түгілі, көңіл де аудармайды. Қайта оны мойындауға бейім және істеген істеріне есеп беретініне сенетін адамдар ғана қабылдайды". Аяттың жалғасы: "Қяметте адамға пана беруші тек А... ғана. Адамды Одан басқа ешкім де, ешнәрсе де құтқара алмайды",-дейді. Мұндай көзқарас адамның күнәдан аулақ ұстанып, тақуа болуына себеп болады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, жанашыр тәрбиешілер мен қолайлы тәрбиелік бағдарламаның болуы жеткіліксіз. Ақиқатты тілеуші және оны қабылдауға дайын адамдар да қажет.

Екінішден, қайта тірілу мен қиямет сотының болатынына сену – тақуалықтың факторы болып табылады.

"Әнғам" сүресінің 52-ші аяты:

"(Мұхаммед с.ғ.с) Сондай күндіз-түні Раббыларына жалбарынып, Оның дидарын тілегендерді қума. Олардың есебінен саған еш нәрсе жоқ. Және сенің есебіңнен оларға да еш нәрсе жоқ (Бір-біріңе жауапкершілік жоқ). Сондықтан оларды қусаң зұлымдық қылғандардан боласың. (52)"

Тарихи рауаяттарда жазылғандай, Меккенің бірқатар бай мүшріктері Ислам пайғамбарына (с) "оның қасына келіп, Исламды қабылдаулары үшін Аммар Ясер мен Біләл секілді кедейлерді өзіне жолатпау" ұсынысын жасайды. Кейбір мұсылмандар да пайғамбарға (с): "Олардың ұсынысын қабылдайық. Бұл басқа мұсылмандарға қаржылай жәрдем болады ",-дейді. Сонда осы аят түсіп, пайғамбарға (с) былай дейді: "Өзгелерді өзіңе тарту үшін нағыз мүміндерді өзіңнен алшақтатушы болма. Бұл зұлымдыққа жатады". Шын мәнінде бұл аят кез-келген тапшылық ойды жоққа шығарып, оны діни бірлік пен бауырластық сезіміне қайшы деп санайды. Ешкім басқалардан артық емес және мал-мүлкі мен мансабы үшін ешбір топқа артықшылық беруге болмайды. Әркімнің есебі А...-мен және Ол өзінің білімі бойынша істейді. Илаһи жаза немесе сауап адамның байлығы мен мансабына қарай емес, иманы мен ізгі амалы бойынша беріледі. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, адал әрі мұджахид күштер қаншалықты кедей болса да, оларды сақтау кәпірлердің байлығын тартудан маңыздырақ.

Екіншіден, Ислам – кез-келген ұлтшылдық, таптық және мансапқұмарлықпен күресуші дін.

Үшіншіден, адамдардың амалдарына есеп беруші А... ғана. Тіпті пайғамбар да өзгелердің амалына жауапкер емес. Ендеше басқаларды жәннаттық немесе тозақтық деп санауға хақымыз жоқ.

Төртіншіден, А...-ға жақындау мен Оның ризалығына бөлену ниетімен жасалған дұғаның ғана қадірі бар. Жалғыз амал жеткіліксіз, оның ниеті маңыздырақ.