Жел 24, 2016 19:57 Asia/Almaty

Әнғам сүресі, 182-ші бөлім, 33-36 аяттар

"Әнғам" сүресінің 33-34 аяттары:

"Олардың сөзі сені қамықтыратынын біз әбден білеміз. Олар сені өтірікке санамады (пайғамбар екендігіңді іштей біледі, бірақ тоңмойындықпен қасарысады). Залымдар А...-ның аяттарын мойындамайды. (33) Сенен ілгергі пайғамбарлар да өтірікке саналған еді. Бірақ олар өтірікке саналғанына, тартқан жәбіріне өздеріне біздің жәрдеміміз келгенге дейін шыдады. А...-ның кәламын ешкім де өзгерте алмайды. Расында саған да пайғамбарлардың хабарынан бір бөлігі келеді. (34)"

Пайғамбар (с) мүшріктерді ақиқат жолына үнемі қисынды сөздер мен сұхбаттар арқылы шақыратын. Бірақ олар оны қабылдамай, өздерінің қырсықтығы мен бағынбаушылығы салдарынан оған тіл тигізіп, кемсітетін еді. Олардың мұндай қылықтарынан пайғамбар (с) мұңаятын. Сондықтан А... тағала Құранда талай рет өзінің Елшісін (с) жұбатып: "Олардың сені өтірікке шығарғанына мұңайма, өйткені олар А... мен Оның аяттарын да жоққа  шығарды. Бұған қоса сен жоққа шығарылып отырған алғашқы пайғамбар емессің.  Тарихта пайғамбарлар үнемі қорлық көріп, қарсыластар тарапынан өтірікке шығарылатын. Бұл қарсыластардың әдеті",-дейді. Алайда олардың мұндай әдістері алдындағы А...-ның дәстүрі - ақиқатқа жәрдемдесу болып табылады. Ол үшін ақиқат жолындағылар өздерінің иманы мен амалдарына берік болулары тиіс. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, ақиқатты жоққа шығарып, илаһи аяттарды өтірікке санау, оған ешқандай зиян келтірмейді. Қайта шын мәнінде оның әсеріне бөленуден мақрұм ететін өзіне-өзі зұлымдық жасау болып табылады.

Екіншіден, ақиқаттың жолы ешқашан оңай болған емес. Пайғамбарлардың мақсаттары әрқашан қиыншылықтармен бірге болған.

Үшіншіден, илаһи жетекшілер барша халық олардың сөздерін қабылдап, орындайды деп күтпеуі тиіс.

"Әнғам" сүресінің 35-ші аяты:

"Олардың сырт беруі саған ауыр сезілсе, онда сен де жер астына кіруге жол, аспанға шығуға саты тауып, бір керемет көрсете алсаң (келтіріп көр, әйтпесе сабыр қыл).  Егер А... қаласа, оларды дұрыс жолға жинар еді. Сен әсте (А...-ның хикметін) түсінбейтіндерден болма! (35)"

Пайғамбарлардың қисынды сөздеріне қарсыластардың теріс әдістері жөніндегі өткен аяттардан соң, бұл аят Ислам пайғамбарына (с) былай дейді: "Олар иман келтірмесе, сенің тәлімдерің кем не қате, немесе уағыздау тәсілдерің дұрыс емес деп ойлама. Ақиқатты қабылдағысы келмейтін олардың өздерінде кемшілік бар. Сен де оларды шындықты мойындауға мәжбүрлей алмайсың. А... тағала да мұны қаламайды. Өйткені Ол қалаған болса, барлық адамдар ақиқатты мойындауға мәжбүр болар еді. Бірақ А... адамдарға ерік бергендіктен, олардың өз жолын өз еркімен таңдауын қалайды". Аяттың жалғасы қарсыластардың ақиқатты өтірікке шығаруына шыдамай, оған ашулануды илаһи дәстүрді білместік деп санап, пайғамбарға (с): "Олай істеме, әйтпегенде надан болғаның",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, А... тағала адамдарға тура жол табудың мүмкіндіктерін жіберіп, олардың барлығының тура жолды табуын қалайды. Бірақ Оның хикметі бойынша адам еркін болып, тура жолды өз еркімен таңдауы тиіс.

Екіншіден, міншілдердің талаптарын орындау надандыққа жатады. Өйткені олар ақиқатты ешқашан қабылдағысы келмейді.

"Әнғам" сүресінің 36-шы аяты:

"Шынайы құлақ салатындар (үндеуіңді) қабылдайды (сөзіңе құлақ салмайтындар өлімен тең). Өлілерді А... қайта тірілтеді, онан соң олар А...-ның алдына қайтарылады. (36)"

Құран түрлі аяттарда ақиқат сөзін тыңдамайтын кісілерді саңырау, ал шындық сөзге құлақ аспайтындарды өлі деп санайды. Өйткені құлағы бар, бірақ шындықты естігісі келмейтін кісі құлағы жоқ саңырау секілді. Ал ақылы бар, бірақ ақиқат сөзін мойындамайтын адам білу мен түсіну қабілеті жоқ өлі сияқты. Дегенмен қияметте А... осындай өлілерді қайта тірілткен кезде, олар қияметтің көріністерін көреді де, ғапылдық ұйқысынан оянып, иман келтіреді. Бірақ сол күні иман келтіргеннен пайда жоқ. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, қырсық кәпірлер – өздерін тірі етіп көрсететін өлілер. Сондықтан өлім оларды оятады.

Екіншіден, адамның қадірі оның рухани өмірімен байланысты. Әйтпесе ішіп, жейтін өмір жануарларда да бар.

Үшіншіден, біз ақиқатты қабылдауға дайын жүректердің алдында жауапкерміз. Шындықты мойындамайтын кәпірлердің есебін А... береді. Біз оларды хақ дінге мәжбүр етпейміз.