Әнғам сүресі, 180-ші бөлім, 25-28 аяттар
Әнғам сүресі, 180-ші бөлім, 25-28 аяттар
"Әнғам" сүресінің 25-ші аяты:
"(Ей, Мұхаммед!) Олардың ішінде саған құлақ салатындары да бар, бірақ Құранды түсінбесін деп олардың көңіл көзін бітеп, құлағын тығындап қойдық. Олар барлық мұғжизаларды көрсе де сенбейді, тіпті кәпірлер алдыңа келіп, сенімен айтысқанда да "Бұл ең бағзы замандағылардан қалған аңыз" дейді. (25)"
Бұл аят кейбір адамдардың қырсықтығына меңзейді. Олар өздерінің бұрыс ойлары мен сенімдеріне табандап, шын сенімдерге теріс қарап, қырсыққаны сонша, ақиқат сөзді естіп, мойындамақ түгілі, онымен жауласып, Құранның аяттарын аңыз бен ертегі деп атайды. Бұл аятта ақиқатты "түсінбеу" мен "мойындамау" А...-мен байланыстырылғанымен, шын мәнінде амалдың ерекшелігіне меңзейді. Басқаша айтқанда, олардың нәпсіқұмарлыққа батқаны соншама, тіпті А... тағала оларды естіп, білу сезімінсіз жаратқандай. А... тағала адамның ақиқатты түсінуі үшін оның ақыл-ойын анық және жылтыр айна тәрізді етіп жаратқан. Бірақ адамның күнәсі мен жамандығы, нәпсіге еруі мен бұзақылығы осы айнаның бетін қалың шаң-тозаң басып, оның қисық көрсетуіне себеп болады. Әрине мұндай жағдайға шалдыққан адам ақиқатты мойындамай, тіпті оған қарсы шығып, жауласады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, жүрекке әсер ететін болған кезде ғана Құранды оқып, есту пайдалы. Әйтпесе мүшріктер де илаһи аяттарды пайғамбардың (с) аузынан естіген болатын.
Екіншіден, Құран мен Исламның қисынына қарсы кәпірлердің қисынды жауабы жоқ. Сондықтан олар жала жауып, масқаралауға кіріседі.
"Әнғам" сүресінің 26-шы аяты:
"Олар (адамдарды) Құраннан шектейді, өздері де одан аулақ қашады. (Сөйтіп) Олар өздерін-өздері ойрандайды, оны өздері де сезбейді. (26)"
Мүшріктердің пайғамбарға (с) қырсығуларын баяндаған аяттарды жалғастыра келе осы аят былай дейді: "Олар пайғамбардың сөзі мен Құранның аяттарын естімеу үшін одан алшақтаумен қатар, халықтың да бұл сөздерге құлақ аспауы мен мойындамауын қалайды". Алайда ақиқаттың бейнесі ешқашан жасырын қалмайды және күндердің күнінде жария болып, жалғанды жеңеді. Сондықтан адасқан кісілердің басқаларды адастыруға ұмтылысы сәтсіздікке ұшырап, олардың өздерінің жойылуына себеп болады. Бірақ адасқандар бұл шындықты түсініп, қабылдай алмайды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, абай болайық! Сөз бен ой-пікір еркіндігін сылтауратып күпірлік пен дінсіздікті таратушылар ақиқатты жариялаушылардың еркін сөйлеуіне кедергі жасамасын.
Екіншіден, күпірлік пен серік қосушылардың жетекшілері басқалардың жойылуына жағдай жасаудан бұрын, өздерін құрдымға түсіреді. Мұны өздері де сезбейді.
"Әнғам" сүресінің 27-ші аяты:
"Егер олардың тозақта тұрғызылған кездегі сұрқын көрсең: "Әттеген-ай! Дүниеге қайта қайтарылсақшы, сонда Раббымыздың аяттарын өтірікке санамай, оған сеніп иланушылардан болар едік",-дейді (олар). (27)"
Өткен аятта илаһи пайғамбарлардың ақиқатқа шақыруына кейбір адамдардың теріс қарап, дөрекі мінез көрсеткендеріне тоқталды. Бұл аят олардың қияметтегі ауыр тағдырына сілтеме жасап: "Олар істері жауапсыз қалады деп ойламасын. Оларды илаһи ауыр азап күтіп тұр",-дейді. Бұл жаза оларды ғапылдық ұйқысынан оятады. Бірақ не пайда? Дүниеге қайта оралып, өткеннің есесін толтыруға жол жоқ. Олар дүниеге қайту туралы жалбарынып сұраса да пайдасыз. Жамандық істегендер өлер алдында, қабірге кірген кезде және қияметте дүниеге қайта оралуды тілейді. Бірақ олардың өтініші ешқашан орындалмайды. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, көзіміздің тірісінде және мұрсат бар кезде бұрынғы кемшіліктеріміздің есесін толтырып, түзелуге тырысайық. Өйткені өлгеннен кейін оралуға мұрсат жоқ.
Екіншіден, қиямет күні – қам мен өкініш күні. Істелуі керек болып, істелмей қалған істердің қамын жеу мен істеуге болмайтын істерге барғанымыз үшін өкінетін күн.
Ал енді "Әнғам" сүресінің 28-ші аятын тыңдайық:
"Олай емес, олардың бұрынғы жасырғандары (жүрек сырлары) әшкереленді. Олар бұл дүниеге қайтарылса да, тыйым салынған істерді бәрібір істей береді. Өйткені олар – барып тұрған өтірікшілер. (28)"
Бұл аят адам қылықтарын танудағы маңызды мәселелердің біріне сілтеме жасап: "Адам кейде өзін де алдап, ар-ожданын елемеуге тырысады. Ол жамандығын біле тұра, жамандық істейді. Бірақ өзінің ожданы мазаламас үшін, өзінің білместігіне балайды",-дейді. Құран көптеген аяттарда: "Жамандық істеген адамның істерінің жағымсыз бейнесі қияметте әшкере болады және өзінен жасыруға тырысқан нәрселері алдынан шығады",-дейді.
Бұл аят: "Олардың дүниеге қайта оралуды армандауының себебі – сол істеген жамандықтарының көрінуі болып табылады. Бірақ бұл ояну өтпелі әрі уақытша ғана. Өйткені егер олар дүниеге қайта оралатын болса, жаман қылықтары оларды қайтадан жамандыққа салады",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, күнә жасаған адамға дүниеде тәубе етуге мүмкіндік берілетіндей, түзелемін деген адамға мұрсат беру керек. Бірақ жан-тәнімен күнәға батқандар, тозақты көрсе де түзелмейді.
Екіншіден, осы дүниеде өз ожданымыз бен басқалардан жасырғанымыз қияметте әшкереленеді.