Жел 24, 2016 20:08 Asia/Almaty

Әнғам сүресі, 178-ші бөлім, 15-19 аяттар

"Әнғам" сүресінің 15-16 аяттары:

"(Мұхаммед с.ғ.с): "Егер Раббыма қарсы келсем ұлы күннің азабынан қорқамын",-де. (15) Ол күні кім азаптан сейілтілсе, рас оған мәрхамет етілді. Осы анық қол жетушілік. (16)"

Мүшріктер пайғамбарға (с) "дін уағыздаудан бас тартсаң, біз сенің мұқтаждықтарыңды шешеміз" деп ұсыныс берген соң, А... осы аятта пайғамбарға (с): "Оларға "Сендер маған дүниенің уәдесін бересіңдер, бірақ мен қияметтің есебінен қорқамын. Өйткені пайғамбарлықты атқару жолында қандай да бір кемшілік жасап немесе оны жасырып, өзгертсем ауыр жазаға душар болам" деп айт",-дейді. Әрине Ислам пайғамбары (с) А...-ның нұсқауларынан ешқашан бас тартқан емес. Дегенмен бұл мәселе мұсылмандар басқалардың азғырулары мен уәделеріне кез болғанда, қияметті еске алулары тиіс екендігін баяндайды. Азаптан қорқу оларды бақылаушы факторға айналуы тиіс. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, А...-ның қылмыстық заңдары баршаға бірдей. Егер А...-ның елшісі де бағынбаушылық етсе, жазаға тартылады.

Екіншіден, жын-перілер мен адамның күш-құдіретінен қорқудың орнына, илаһи жазадан қорқу – оңтайлы қорқыныш болып саналады.

Үшіншіден, қауіп барлығына төніп тұрады. А...-ның рақымдығы ғана адамды күнә жасаудан сақтай алады немесе күнә жасаған соң тәубе етіп, кешірімге бөленуіне жағдай жасай алады.

"Әнғам" сүресінің 17-18 аяттары:

"А... егер саған бір зиян келтірсе, сонда оны өзінен басқа ешбір айықтырушы жоқ. Ал егер саған бір игілік тигізсе, Оның әр нәрсеге толық күші жетуші. (17) Және Ол құлдарына өте өктем. Ол толық үкім иесі, әр нәрседен хабар алушы. (18)"

Мүшріктердің дүниелік уәделеріне қатаң жауап қайтарған аяттардан соң, осы аят: "Ей, пайғамбар! Оларға: "Барлығы А...-ның қолында. Қайғылы және қуанышты оқиғалар А...-ның қалауынсыз болмайды. Егер Ол біреуге зиян келтіруді қаласа, одан ешкім құтыла алмайды. Ал егер Ол біреуге нығмет беруді қаласа, оған ешкім кедергі бола алмайды. Ендеше сендердің уәделерің түкке тұрмайды. Өйткені Ол қаламаса, мен ешқандай рахатқа бөлене алмаймын. Ал егер сендер маған қанша қоқан-лоққы жасасаңдар да, Ол қаламаса, маған ешқандай зиян тигізе алмайсыңдар" деп айт",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, барлық үмітіміз А...-да, ал барлық қорқынышымыз А...-дан болуы тиіс. Өйткені барлық істің бастауы Оның қолында.

Екіншіден, А...-дан басқадан қорықпайық, өйткені А...-дан басқаның ешқандай құдіреті жоқ. Тек А...-дан ғана қорқайық, өйткені Оның құдіреті барлық құдіреттен жоғары.

Үшіншіден, хикметке негізделген құдіреттің қадірі бар. Бұл аяттарда А...-ның құдіреті білім және хикметпен қатар айтылған.

"Әнғам" сүресінің 19-шы аяты:

"(Мұхаммед с.ғ.с) "Куәлік тұрғысынан қай нәрсе үлкен?",-де. "Мені мен сендердің араларыңда А... куә және маған осы Құран, сендерді сондай-ақ кімге жетіссе, оларды қорқытуым үшін уахи етілді. Сендер А...-мен бірге басқа тәңірлер барлығына айғақ бола аласыңдар ма?",-де. "Мен куәлік бере алмаймын! Шынайы түрде Ол жалғыз тәңір. Күдіксіз мен сендердің қосқан ортақтарыңнан аулақпын",-де. (19)"

Мекке мүшіріктерінің бір тобы пайғамбардың (с) жанына келіп: "Сенің шындығыңа бірде-бір адам куәлік етпейді. Тіпті кітап иелері болып табылатын яһудилер мен христиандар да сенің пайғамбарлығыңды мойындамайды. Тым болмаса пайғамбарлығыңа куәлік беретін біреуді көрсетсең еді",-дейді. Бұл аят соларға жауап ретінде: "Сендердің ойларыңша ең артық куәлік беруші кім? А...-ның куәлігінен артық куәлік бар ма? Ол менің пайғамбарлығыма Құран түсіру арқылы куәлік берді. Құранның сөзі де, мазмұны да адамзаттың ойынан шықпаған және шыға алмайды да",-дейді. Аяттың жалғасы пайғамбарлықтың мақсаты жөнінде былай дейді: "Мен мансап пен байлық тілеп келген жоқпын. Сендерден еш нәрсе сұрамаймын. Тек сендердің пұтқа табынушылық пен жын-шайтанға еруден бас тартып, бір А...-ға ғана табынуларыңды ескертуге келдім",-дейді. Осы аяттағы көңіл аударалық жайт, Ислам пайғамбарының (с) шақыруы тек араб халқына немесе белгілі бір уақыт пен мекенге ғана тиесілі деген ой пайда болмауы үшін Исламның әлемдік жолдау екендігін және Құранның жалпыға арналғанын жариялау болып табылады. Имам   Әли (ғ) "انما هوا ا... واحد" сөйлемін тәпсірлеп, былай дейді: "Егер басқа құдайлар болғанда, олар да халыққа пайғамбарлар жіберуге тиіс еді. Бірақ тарихтағы барлық пайғамбарлар бір А...-ның тарапынан келді». Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Ислам пайғамбарының ақиқат екендігінің ең үлкен дәлелі – Құран.

Екіншіден, Ислам пайғамбарының пайғамбарлығы әлемдік және мәңгі. Ол барлық ғасырлар мен нәсілдердегі халықтарға арналған.

Үшіншіден, пайғамбардан кейін дінді уағыздау мен үгіттеу міндетін мүміндер мен ізгі тұлғалар атқарады. Өйткені А...-ның сөзі халыққа жеткізілмейінше, оларға тапсырма мен жауапкершілік жүктелмейді.

Төртіншіден, илаһи дін мен жетекшіге адалдықты жариялау да, А...-ға серік қосушылардан безуді жариялау да қажет.