Жел 24, 2016 20:10 Asia/Almaty

Әнғам сүресі, 176-шы бөлім, 4-9 аяттар

"Әнғам" сүресінің 4-5 аяттары:

"Олар (кәпірлер) Раббыларынан қандай бір аят келсе, онан мүлде бас тартады. (4) Өздеріне ақиқат (Құран) келіп еді, олар оны да жалғанға шығарды. Олар мазақ еткен нәрсенің (жаза) хабары ұзамай-ақ өздеріне келеді. (5)"

Бұдан бұрынғы аяттарымызда, А... тағала көктер мен жерді және адамды жаратудағы бірқатар белгілерін баяндап, адамның назарын бұл дүниедегі өмірдің шектеулі екендігі мен оның аяқталатынына аударды. Бұл аяттың айтуы бойынша кейбір адамдар жаратылыс әлемі мен өз бойынан жаратушы иеміздің белгілерін көре тұра, иман келтіріп, мойындаудың орнына жоққа шығару тәсілін ұстанады. Былайша айтқанда кейбір адамдар ақиқаттың белгілерін көре тұра оны мойындауға ниет білдірмейді. Әлгі адамдардың мысалы оларды дауыстап шақырса да, тіпті қолмен түртсе де оянбайтын және өзін ұйықтап жатқан кісі тәрізді көрсететін адам секілді. Әрине олардың бұл жағдайы ұзаққа созылмайды. Күндердің бір күнінде осындай адамдардың теріс ойлары мен амалдарының әсері әлгілерді пәлеге ұшыратып, олар жалған ұйқыдан оянады. Бірақ ол кезде кеш болады және олар құтқарылмайды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, ақиқатты мойындағысы келмейтін қырсықтар үшін дәлелдің түрі мен аяттың айырмашылығы жоқ. Олар бәрібір барлығын жоққа шығарады.

Екіншіден, қырсық кәпірлердің қисыны мен дәлелі жоқ. Олардың тәсілі - мүміндер мен олардың наным-сенімін масқаралап, тіл тигізу.

"Әнғам" сүресінің 6-шы аяты:

"Олардан бұрынғы қауымдардан қаншасын жоқ қылғанымызды олар көрмеді ме? Жер жүзінде сендерге сыйламаған нәрселерді оларға сыйлаған едік. Олар үшін көктен мол жаңбыр жауып, (аяғы) астынан өзендер ағызып қойған едік. Бірақ қылмыстары себепті оларды жоқ еттік те, олардан кейін басқа нәсіл жараттық. (6)"

Бұл аят өздерінің қырсықтығымен ақиқатты қабылдағысы келмейтін адамдарға арнап былай дейді: "Өздеріңнен бұрынғы қауымдардың тарихына көз жүгіртпедіңдер ме? Сендерден бұрын болып, жойылып кеткен қауымдар мен өркениеттерді кездестірмедіңдер ме? Әлде өздеріңді олардан мықты әрі мүмкіндіктерің көбірек деп ойлап, біздің құдіретімізден тыс қалдық деп ойлайсыңдар ма? Сол қауымдардың бірқатары сендерден артық күш-қуатқа ие болған еді. Алайда А...-ның нығметтерін асыра пайдаланып, күнә жасағандары үшін олардың көзін жойып, орнын басқалармен алмастырғанбыз. Ия, әркімге істеген істері үшін есептеп, жаза немесе сауап бергеніміздей, адамзат қоғамдарының да өзіндік тағдыры бар. Ол сол қоғамдағы көпшіліктің ісіне байланысты және одан қашуға болмайды". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, тарихты оқып, бұрынғы қауымдардың тағдырынан ғибрат пен өнеге алу Құран мен илаһи жетекшілердің тәрбиелік жолдарының бірі.

Екіншіден, адамдардың іс-қылықтары тарихи оқиғалардың факторы болып табылады. Сондықтан илаһи дәстүрлердің бірі – күнәға батқан қоғамдардың көзін құрту болып табылады.

Үшіншіден, материалдық мүмкіндіктер бақытқа жеткізбейді. Ол кейде адамның тәкәппарлыққа салынып, зұлымдық жасауына себеп болуы мүмкін. Ал мұның ақыры адам мен қоғамның жойылуы болып табылады.

"Әнғам" сүресінің 7-ші аяты:

"(Ей, Мұхаммед!) Біз саған (олар талап еткендей) қағазға жазылған бір кітапты түсірсек, олар қолмен ұстап көрсе де, оны сөзсіз "көпе-көрнеу сиқыр" дер еді. (7)"

Тарихи рауаяттарда айтылғандай, бір топ Мекке мүшіріктері Ислам пайғамбарына (с) : "Егер А... Тауратты тасқа жазған күйде Мұсаға түсіріп, Мұса оны Тұр тауынан халыққа әкелгеніндей, А...-ның сөзін қағазға жазылған түрінде бізге түсірсең, әрине саған иман келтірер едік",-деген екен. Құран бұған берген жауабында: "Егер солай істелгенде де, олар тағы басқа сылтау тауып, адамдардың көбі тасқа жазылған Тауратты көргенде де, Мұсаға сенбей, оны сиқыршы деп атап, бұл А...-ның мұғжизасы емес, деген болар еді",-дейді.

"Әнғам" сүресінің 8-9 аяттары:

"Олар: "Оған (Мұхаммедке) неге бір періште түсірілмейді",-дейді. Егер періште түсірсек еді, (оған да қарсы келгендіктерінен) іс біткен болып, оларға сонан кейін мұрсат берілмес еді. (8) Егер пайғамбарды бір періште қылсақ еді, оны да бір адам (бейнесінде) қылар едік те, оларға күдіктенген сайын шәк салған болар едік. (9)"

Міншілдердің А...-ға иман келтіру үшін қойған талаптарының бірі, аян беруші періштені көзбен көру немесе пайғамбардың өзі періште болуы еді. Құран бұл аятта: "Егер періштені көруді қаласаңдар, біз оны адам бейнесіне айналдыруымыз керек болады. Сонда оның періште екенін анықтау оңайға соқпай, сендер: "Бұл өзіміз сияқты бір адам ғой!",-деген болар едіңдер. Бұған қоса егер оның періште екеніне көздерің жеткенде, оған иман келтіруге мәжбүр болып, қашар жолдарың болмас еді. Бірақ біз сендердің қырсық әрі міншіл екендеріңді білгендіктен, сендердің оған да иман келтіре қоймайтындарыңды білеміз. Сонда сендерге азап түсіп, баршаң құрып кететін едіңдер. Ендеше А...-ның бұл талаптарыңды орындамағаны, Оның сендерге деген мейірімінен болғанын біліңдер." Бұл аят кейбір адамдардың тәкаппарлығы мен менменшілдігі өздері сияқты адамға бой ұсынып, оның пайғамбарлығын мойындауына барғызбайтынын анық көрсетеді. Олар А... елшісінің заты періште және адамнан артық болуы тиіс деп ойлайтын. Ал пайғамбар тек аянды жеткізуші ғана емес, ол шын мәнінде адамзат үшін амал мен мінез-құлық үлгісі болып табылады. Бірақ періштелер адамзат үшін үлгі бола алмайды. Өйткені адамның жаратылысы олардан бөлек. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, егер адам ақиқатты қабылдау соңында болса, аз ғана дәлел және кереметке санасы оянып, қабылдайды. Бірақ егер сылтау іздеген қырсық болса, тіпті аспаннан періште түссе де, оны жоққа шығарудан аянбайды.

Екіншіден, пайғамбарлардың уағыздау әдісі мен илаһи аянды ұсынуы және уақыт пен мұрсат беруі ақиқатты қабылдау үшін болады. Бірақ егер халық мұғжиза көрсетуді қаласа, оларға мұрсат қалмайды. Мұндайда олар иман келтіру тиіс, әйтпесе жойылады.